Қоғам • 15 Ақпан, 2024

Көресіні көріпкелден көріп жүрмейік

7213 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Ежелден адам баласы бас тарта алмаған қызығушылықтың бірі – болашақты болжау. Пенде алдында не күтіп тұрғанын білмейді, белгісіз және тосын қауіп-қатердің алдын алатын кез келген тетіктің жалына жармаса кетуге даяр.

Көресіні көріпкелден көріп жүрмейік

Айналамызда тылсым күш құдіретіне сенетін замандастарымыз аз емес. Жеке басын немесе жүрегін мазалаған мәселелердің шешімін табу үшін астрологтерге немесе ерекше күшке ие көріпкелдердің көмегіне жүгінеді. Сарапшылардың сөзіне сенсек, қасиеті ата-бабасынан ауысқан шын көріпкелдер бар. Бірақ олардың қасиеті танылған бойда мемлекеттің немесе қалталы азаматтардың қатарына өтіп отырады. Саны шектеулі болғандықтан, көріпкелді қолдан жасауға тура келеді. Бұл тек бізде емес, барлық елдер бастан кешіп жатқаны белгілі жайт.

90-жылдардағы Анатолий Кашпи­ровскийдің алаяқтығын әшкере­леген ресейлік деректі фильм жарық көрді. Онда Кашпировский сөйлеп жат­қанда сыбайластары сырт жақ­тан ешкімге білдірмей алдап-арбауға қажет­тілерді даярлап тұратындығын анық көр­сеткен деректер келтірілгені айты­лады. Айта берсе, алаяқ көріпкелсымақтарды мемлекет әдейі тудырады, осы бағыттағы кейбір телеөнімдер осы бағыт­тың тез арада жерсініп кетуіне ықпал етеді. «Бұл құбылыс кімге керек?» деген сауалдың жауабын бүгін-ертең ести қоймайтынымызды бәріміз білеміз.

Бүгін әлеуметтік желіні жаулап алып, қоғамның санасына қысым жасап жат­қан көріпкел-астрологтер 1990 жылдары басталған «жаңалықтардың» бізге ақсаңдап барып жеткен кері жаңғырығы.

Қазір көріпкелдердің құрбандарына айналған азаматтардың жан айғайы қат­тырақ естіле бастады.

Мысалы, еліміздің батыс өңірінің тұр­ғындарының бірі Ксения Гефнидер ас­та­налық көріпкелдердің тұзағына түсіп қалып, 65 млн теңгесінен айрылғаны айтылды.

Осы мақаланы жазуға дайындық барысында мұндай жағдайлардың көп екеніне көзіміз жетті. Былтырғы жылдың ақпан айында Павлодарда кәсіпкер әйелді отба­сына «Гетияның 72 жынынан» қорғану үшін 119 миллион теңгеге алдағаны белгілі болды.

Тізімді әрі қарай жалғастыра берсек, мұндай мысалдар өте көп.

Қазір бұл тақырыптар ешкімді таң­дандырмайтыны ақиқат. Балгерлер адамдардың көңіліндегі алаң көңілді пайдаланып, ақша табудан тартынбайды. Өміріне көңілі толмайды, ішкі дертінен айырылғысы келеді, соңында балгердің алдынан шығады. Психологтердің сөзі­не сенсек, балгерлер мен тарологтар қара­пайым алгоритм бойынша жұмыс істейтін көрінеді, әңгімеге тартқан болып, ішкі құпиясына барлау жасап алады да қалған әңгімені қалауына қарап бейімдеп отырады.

Мысалы, жоғарыда айтып өткен Ксе­ния Гефнидер құқық қорғау органдары қызметкерлерімен кездескен кезде өзін алдап кеткен көріпкелдің клиенттерінің өмірлері сәттілікке толы болғанын айтқан. Демек, сонша шығынға батса да балгерлерге деген сенімі сейілмеген. Соңғы үмітінің өзіне үмітпен қарайды.

Атақты иллюзионист, АҚШ азаматы Джеймс Рэндидің айтуынша, көріп­келдер адамдарды психологиялық трюкпен алдайды екен. Ол 1996 жылы арнайы қор ашып, көріпкелдік қабілетін дәлелдей алған адамға 1 миллион 112 мың доллар беруге уәде беріпті. Бірақ қара­жат иесін таппаған, ол «сұрқиялық пен өтірік» атты көріпкелдерге плацебо эффектісі жақсы көмектесетінін айтқан.       Басқаша айтқанда, көріпкел бір нәрсені түртіп жіберсе, алдында отырған адам ішіндегісін жайып салатын көрінеді. Адамдар неге «сиқыршыларға» жүгіне береді?» деген тақырып мәңгілік тақырып екенін білеміз.

Бізді қызықтыратыны бұдан қалай қор­ғануға болатындығы. Кашпировскийдің, Алан Чумактың, «күйеуімді қожайынынан қайтарамын» деген сарындағы газеттегі жарнамалардың дәуірі өтті. Бірақ сарапшылар қазір «оныншы буын сиқыршылары» заманауи технологияларды белсенді түрде игеріп, олардың тартымдылығын арттырып, әлеуметтік желілер арқылы әрекет етуде, өздерін «нумеролог», «астролог» және «бионерготерапевт» саласының өкіл­деріміз деген әдемі сөздерді көп айтады, Тіпті, рейтингісін көтеру үшін әлдебір халықаралық қауымдастықтан алған сертификаттарының суретін көрсетуді де ұмытпайды. Оларды табу үшін қаланың бұрыш-бұрышын кезудің тіпті керегі жоқ. Кез келген әлеуметтік желіні ашып, іздеу жүйесіне қажетті «маманды» теру жеткілікті. Қазір басым көпшілігі фейсбук немесе инстаграмм арқылы өздерін ашық жарнамалауға көшті. Бақсылық пен көріпкелдік тақырыбы WitchTokтерімен толтырылған жастардың TikTok әлеу­меттік желісін де қамтыды. #witchtok хэштегі қазірдің өзінде миллиардтан астам қаралды.

Сөзіміз нақты болу үшін өзін Мариям деп таныстырған астрологпен байланысқа шық­тық. Қарағанды қаласында тұрады екен. Көмегіне жүгіну үшін жолға шы­ғудың қажеті де жоқ. Суретіңді, туған жыл, күніңді айтсаң болды, әрі қарай әңгімені өздері заулатады. Бастапқы қызметақы 5 мың теңгеден басталады. Кейінгі соманы «сіздің жолыңыздағы кедергілердің» деңгейі анықтайды. Оның курсы сіздің жағдайыңыздың беталысымен есептеледі. Қысқасы, жолыңызды ашып тастау үшін бас-аяғы 150-180 мың теңге керек. Егер нәтиже шықпағанын айтып қайта хабарлассаңыз, кейінгі рәсім­дердің құны тым қымбат. Мұны олардың тілімен айтқанда, «күшейткіш, дем бергіш рәсімдер» деп атайды екен. Мұндай көмек түріне жүгінсеңіз, нәтижесі де «көп күттірмейді» екен.

Бір қызығы әлеуметтік желілерде тір­келген әрбір көріпкел мен тарологтың демеуші жазылушылары баршылық. Мысалы, инстаграм желісінде Изагди Иса деген атаумен тіркелген азаматшаның «жа­зы­лушыларының» арасында демеу­шілері-қолдаушылардың бар екенін байқау қиын емес.

Әлеуметтік желідегі жарнамаларына қарап отырып, олардың адам психологиясын терең меңгерген жандардың санатында екені байқалады. Алдына келіп, проблемаларын айқын ашып берген соң, адам сеніп, келесі күні тағы да келеді. Сондай жағдайдың біріне Астана қаласының тұрғыны тап болды. Жанұясын қарғыстан тазарту үшін бір жыл ішінде 60 миллион теңгесінен айырылыпты. Астана қаласы, «Сарыарқа» аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің басшысы Талғат Жолдасов журналистермен кездес­кен кезде зардап шеккен адам балгерге жүгінген, ал балгер отбасына және өзінде қарғыс бар екенін түсіндіріп, тез арада алып тастау керегін айтқан. Осылайша, бір жылда қомақты қаржысынан айырылған.

Сиқыршылар әлеміндегі ең тренд бағыттар – таро болып шықты. Көріп­келдерге бірнеше рет жүгінген таныстарымыз айтқандай, жарнама арқылы балгер іздеу алаяқтардың құрған қақпанына өзің барып түсумен бірдей. Бұл бағыт көбінесе ол «сенің махаббатың жақын» деген бағыттағы болжамдарды қамтиды. Бұл про­фильдің негізгі аудиториясы жас қыздар болғандығы да себеп болуы мүмкін.

Отбасы психологы Павел Хамаев біз­бен әңгімесінде мұндай әрекеттерден еш­қандай пайда жоғын, тек зиян екенін айтады. Оның айтуынша, көріпкелдердің кө­мегіне жүгінетіндердің басым көпшілігі пси­хологиясы күйзеліске ұшырап, сырт­тың жылылығына мұқтаж адамдар. Олар ал­дағы өмірлері туралы жақсы болжам кү­теді, сол себепті олар не айтса соған се­не­ді. Өмірлері туралы жақсы болжам тап­­қан­ша, дұрыс көріпкелдерді іздеп жүре береді.

Мұндай пікірді келесі психолог Раиса Байдалиева да қолдайды. Ол журналис­термен кездескен кезде күйзеліске түс­кендердің басым көпшілігі балгерлерден үзіліп бара жатқан үміттің өзінен үміт іздейтінін айтыпты.

Жаратушы иеміздің адамзат баласының бойына берген күллі қасиеттерін санамалап шығу пенденің тағдыр-талайына бұйырмаған. Жекелеген адамдардың бо­йын­да болатын сондай ерекше қасиеттердің бірі – көріпкелдік болғанын тарих жоққа шығармайды. Оған күмән-күдіксіз иланып сенетіндер де, «көзбояушы алаяқтар» деп қарайтындар да бар.

Жалпы, көріпкелдік – адам баласы пайда болғалы бері тіршілік иесімен бейбіт қатарда өмір сүріп келе жатқан ғы­лыми тұжырымдамасы жоқ тылсым күш, құпиясы ашылмаған құбылыс. Оған қа­тысты көзқарас та әртүрлі, қазақы ұғым­ға да жат емес.

Француз Нострадамус (Мишель Нотрдам), болгар Ванга – дүние жүзіне ат­­та­ры белгілі көріпкелдер. Өзіміздің «Мөңке би айтты» деген көре­­гендік ойлар да таңғалдырады. 1882 жылы Лондонда парапсихологияны жүйелі зерттеудің және бақылаудың ныса­ны ретінде белгілеп, нақты ізденудің бастауы болған қоғам құрылды. Пара­психологтердің өздерінің санағы бойынша, 1970 жылдары 30 елде 240-тан астам зерттеу лабораториялары мен қоғам­дар жұмыс істеп тұрды. Нью-Йорк­те халықаралық парапсихологтер қауым­дас­тығы құрылған. Көріпкелдік осы пара­психологияның бір саласы ретінде зерттелген.

Посткеңестік елдерде, әсіресе Орталық Азия елдерінде балгерлер күнделікті тұрмыстың бір бөлшегіне айналып кеткен, оның ішінде біз де бармыз. Бірақ Орта Азия кеңістігінде бұл бағыттың ғылыми емес, мистикалық сипаты басымдау.

Р.Байдалиеваның айтуынша, балгерге көбінесе өміріне түзету енгізгісі ке­летіндер барады, проблемаларының шешімдерін сиқырлы күштен тапқысы келеді. Себебі тығырыққа тірелген адамдар не істерін білмейді, санасы сарсылады. Мұндай адамдарды басқару өте оңай. Олар жылдам нәтижеге қол жеткізу үшін, жиған-тергенін беруге дайын. Оған тым болмаса сөз жәрдем керек. Оның айтуынша, адамның астрологтердің көмегіне жүгінуі оның өзіне сын көзбен қарау жағының кемшіндігін көрсетеді екен. Ол өзін сырт күштерден қорғай алатын тылсым күштердің бар екеніне сенеді, мұның артында өзі немесе балалары үшін жауапкершіліктен бас тартатын жасырын ой бой көрсетіп тұр.

Сарапшылардың сөзіне ден қойсақ, мемлекет адамдарды сиқыршылардан немесе алаяқтардан қорғай алмайды. Қоғамдық сана көтерілген сайын олардың қызметін керек қылатындардың қатары да азая бермек. Дәл қазір олардың қызметіне заңмен тыйым салу да, қызметін шектеу де мүмкін емес, Вейптерге, кальянға тыйым салғанмен, олардың қатары азайған жоқ. Мемлекетте адам өмірінің әрбір көрінісін бақылау үшін ресурстар жеткіліксіз.

Саясаттанушы Талғат Қалиевтің айтуынша, кеңес заманында көріпкелдікке тыйым салынғаны, олардың қызметін жүр­гізуге кедергі болмады. Олардың кейбірі мұны атадан қалған кәсіп деп қабылдаса, енді бірі бойында бұғып жатқан тылсым қасиетті сыртқа шығарудың жолы деп түсіндірді. Саясаттанушының айтуынша, қазір мұны бизнес деп қарай­тындардың қатары көбейіп барады. Осы­ған дейін көріпкел-алаяқтардан алдан­ғандар құқық қорғау орындарына сирек шағымданатын. Қазір бұл қалыпты дәс­түрге айналды.

Ертең өкініп қалмау үшін олардың жұмысын қадағалау керек.

 

АЛМАТЫ