Қылмыс • 15 Ақпан, 2024

Білім саласындағы былық

205 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Биыл 7 ақпанда Жаңақорған аудандық соты «Жаңақорған ауданының білім бөлімі» ММ басшысы Б.Ибрагимовке, бас бухгалтері К.Аязбаеваға және 24 мектептің бухгалтеріне қатысты үкім шығарды. Олар жалпы сомасы 1 млрд теңгеден аса мөлшерде бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды.

Білім саласындағы былық

Коллаждарды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Антикордың хабарлауынша, сот үкімімен мекеменің басшысына және бас бухгалтеріне 8 жыл бас бостандығынан айыру, мектеп бухгалтерлерінің біріне – асырауында жас бала­сының болуына байланысты 5 жыл мерзімге жазасын кейінге қалдыра отырып, 7 жыл бас бостандығынан айы­ру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сотталғандар мем­лекеттік қызметте және өзге де ұйым­дарда қызмет атқару құқы­ғынан өмір бойына айырыл­ды.­ Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы жемқорлық тәуе­келдеріне сыртқы талдау жүр­гізу барысында еңбекақы төлеу қорынан қаражат жым­қырумен байланысты тұрақты қылмыстық схемаларды ашты. Санамалайтын болсақ, олар қызметкерлерге жалақыны өзінің лауазымынан әлдеқайда көп аударған; білім беру мекемелерінде ресми түрде тіркелмеген адамдарға жалақы төлеген; қызметкердің карт-шоттарына жалақы есептеліп, ал төлем құжаттарында басқа тұлғаның деректерін көрсеткен; бір адамға ақша аударымдарын бірнеше рет қайталаған; «өлі жандарға», яғни туыстары мен жақындарына ақша аударған.

Бухгалтерлер мектептің бух­галтерлік есеп жүйелері, ұлт­тық білім беру базасы және «Қазы­на­шылық-клиент» жүйе­сі ара­сындағы интег­ра­ция­ның­­ жоқ­тығын пайдаланып, төлем құ­жаттарына қол­мен түзе­­ту­лер енгізіп, бюджет ақш­асын жым­қырған. Жыл сайын­ғы бюджеттік өтінімдерді қалып­тас­тыру кезінде жым­қы­ры­латын қаражаттар белгіленген.

Былтыр жыл басынан бері білім беру саласында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жалпы саны 192 қылмыстық іс тіркеген. Олардың келтірген залалы 13 млрд теңгеден асып жығылады. Ең ірі жемқорлық оқиғалары Түркістан, Жетісу, Алматы, Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласында анықталды.

Түркістан облысының екі ауданында, атап айтқанда, Шардара мен Сарыағаш білім бөлімдерінің қызметкерлері үш жыл ішінде 3,7 млрд теңгені жымқырған. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр.

Жетісу облысында Талды­қор­ған қаласының білім бөлі­мінің бас бухгалтері бастаған ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты тергеу аяқталды. Қаражат білім беру саласында істемейтін адамдардың шоттарына ақша аудару арқылы жымқырылған. Сонымен қатар құрамында 3 білім бөлімінің қызметкері мен 10 мектеп бух­галтері бар қылмыстық топтың мүше­лері өздеріне және басқа мектеп қызметкерлеріне белгі­лен­ген жалақыдан жоғары жала­қы төлеген. Оларға жалпы сомасы 4,2 млрд теңгеден астам шығын келтірілген. Залалды өтеу мақсатында жалпы құны 3 млрд теңгеге тең қатысушылардың мүлкі тәркіленді.

Өткен жылдың қараша айында Талдықорған қалалық сотының үкімімен білім басқармасының бас маманы Д.Төлебай сотталды. Ол Талдықорған қаласындағы орта мектептердің тарифтік тізімдерін жалақының жоғары қажет­тілігімен кедергісіз қара­ғаны және келісіп, лауа­зым­дық өкілеттіктерін асыра пай­даланғаны үшін кінәлі деп та­нылды. Тергеу барысында Д.Төлебай жемқорлық қылмыс жасағаны үшін кінәсін толық мойындап, іс жүргізу келісімін жасасу туралы өтініш білдірді. Сот үкімімен оған мемлекеттік қызметте қызмет ету құқығынан өмір бойына айыра отырып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Осы сот үкімімен 2023 жыл­ғы шілдеде Алматы облысы бойынша Тексеру комис­сия­сының мемлекеттік аудиторы Б.Ботабеков кінәлі деп танылды. Ол Талдықорған қала­сындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексеру барысында анықталған жымқыру фактілерін жасырғаны үшін 500 мың теңге көлемінде пара алды деп айыпталды. Қылмыстық іс кінәні мойындауына байланыс­ты жеделдетілген тәртіппен аяқталды. Сот шешімімен Б.Ботабековке параның 15 еселенген сомасы, яғни 7,5 млн теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

Сонымен қатар Талдықорған қаласының білім бөлімі басшы­сы­­ның аса ауыр жемқорлық қыл­мыс жасағаны белгілі болып отыр. Ол анықталған жымқыру факт­і­лерін жасырғаны үшін білім бөлі­мінің бас бухгалтерінен 280 млн теңге көлемінде пара алу бо­йынша айыпталды. Қазіргі уа­қыт­та айыпталушыға қатысты қыл­­мыстық іс сотта қаралып жатыр.

Ақтөбе облысында Ақтөбе қаласы орта мектебінің бас бухгалтеріне қатысты қыл­мыс­тық іс қаралып жатыр. Тергеу мәліметтері бойынша 8 жыл бойы ол өзінің банктік шотына жалақы түрінде ақша аударған. Қылмыстық іс бойынша жалпы залал 413 млн теңгеден асты. Тек бір жылдың ішінде ол өзіне 200 млн теңгеден астам қаражат аударған, бұл бүкіл мектептің жылдық еңбекақы қорының 30 пайызын құрайды.

Сонымен қатар аталған мек­тептің директорына қатысты қылмыстық іс сотқа жіберілді. Ол лауазымдық өкілет­тігін асыра пайдаланып, бас бухгалтерге өз ЭЦҚ кілтін берген. Соның салдарынан жоғары­да аталған жымқыру факті­сі жасалған. Бұған қоса, ол осы жерде нақты жұмыс істе­мейтін педагогке, сондай-ақ мектеп қызметкерлеріне бел­гі­ленген жалақыдан артық жа­лақы ауда­ру арқылы 6 млн тең­геден астам қаражат жым­қыр­ды деген күдікке ілініп отыр.