Құқық • 16 Ақпан, 2024

Әкімшілік соттың іс-қимылы

168 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде 2021 жылдың 1 шілдесінен бері Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енді. Мамандандырылған ауданарлық әкімшілік соттар осы кезден бастап өздерінің жұмысын бастады.

Әкімшілік соттың іс-қимылы

Кодекстің мақсаты – жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды сотта қарау кезінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын тиімді қорғап, олардың сот үдерісінде әкімшілік басқару органдарымен тең дәрежеде қатысуға мүмкіндік беруді қамтамасыз ету. Оған дейін жария-құқықтық қатынастардың тараптары тең болмады, таразының бір жағында жеке тұлға, екінші басында өз мүддесін қорғау үшін аппараты бар мемлекеттік орган тұратын. Міне, кодекс және де әкімшілік соттарды құру дәл осы теңсіздікті жоюға бағытталған.

Әкімшілік әділет дүние жүзінің көп елінде қолданылып келеді. Ол құқықтық мемлекеттің маңызды элементі болып саналады. Жаңа кодекстің қабылдануымен жеке тұлға және әкімшілік орган ара­сындағы дау сотта қаралғанда жеке сот өндірісіне бөлініп шығарылды.

Солтүстік Қазақстан облыстық маман­дан­дырылған ауданаралық әкім­шілік соты­ның төрағасы Бердібек Мұстафин мен осы сот­тың судьясы Гүлмира Даниярова өткен жыл­дың жұмыс қорытындысын шығарған баспа­сөз мәслихатын өткізді.

Бір жылдың ішінде мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотқа 699 талап-арыз түскен екен. Соның ішінде ең көбі – сот орындаушылардың іс-әрекетіне қарсылық білдірген даулар. 2022 жылы оның саны 234 болса, былтыр сәл ғана азайып 209-ға түскен. Бұл сот орындаушылардың судьяның шешімі аясынан шығып кете беретін әрекетін көрсетіп тұр. Өйткені шағымданушылар судьяның шешіміне емес, көбінесе сот орындаушының әрекетіне қарсылық білдіреді екен.

Талап-арыздың тағы бір үлкен бөлігі жер, тұрғын-үй қатынастары және салық мәселесіне байланысты даулар. Нақты айтар болсақ, жер дауына қатысты арыздар 127 болған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда біршама аз. 2022 жылы олардың саны 179 болған. Ал тұрғын-үй қатынастарына қатысты даулар 68 болып, алдындағы жылдан 3-ке ғана артқан. Мүлік және салыққа қатысты даулар тұрақты түрде екі жылда да 40-тан сәл артық. Мемлекеттік қызмет алуға қатысты даулар да тұрақты түрде 60-тың маңында болып отыр.

Мамандандырылған ауданаралық әкім­шілік соты сот үдерісі барысында екі тарапты мәмілеге келтіруге тырысады. Өткен жылы 149 талап-арыз тараптардың келісімге келуіне байланысты қайтарылған. 47 істе үдеріс бары­сында бейбіт келісімге қол қойылған. Сондай-ақ 353 талап-арыз әкімшілік сот атқару тәртібіне жатпайтындықтан, талап-арыз беру мерзімі өтіп кеткендіктен және басқа себептермен қайтарылған.

Қаралған істерге барлығы 144 ше­шім шығарылған, соның 99-ы талап-арыз берушінің пайдасына шешілген. Бұл­ барлық істің 68,9 пайызы деген сөз. Сот үдерісінде 45 талап арыздың қанағат­тан­ды­рылмайтындығы туралы шешім шыққан.

Әкімшілік істерді қарау кезінде тараптарға 32 рет ақшалай өндіру шарасы қолданылған. 17 лауазымды тұлғаға, оның ішінде 4-і әкім, 6 мемлекеттік орган басшысы, 3 жеке сот орындаушы, 9 талап қоюшының өкілдері және басқа тұлғаларға ақшалай өндіру шарасы қолданылған.

Шара қолданылған мемлекеттік қыз­мет­керлердің барлығы – мемлекеттік орган­дардың басшысы. Оларға заң аясында 10 және 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақша­лай өндіру шарасы қолданылыпты. Бар­лық іс бо­йынша қолданылған ақшалай өндіру шаралары лауазымды тұлғалардан өнді­рі­ліп, мемлекеттік бюджеттің кірісіне тө­лен­ген. Бұл шаралардың бәрі лауазымды тұлға­лар­ға соттың сұрауы бойынша талап етіл­ген жазбаша деректі бермегені және тиісті құжаттарды сотқа түсірмегені үшін қол­да­ныл­ған.

Мұндай процессуалдық міндеттер орын­дал­мағандықтан, сот үдерісіне дайындық толық жүргізілмейді, ал судья сот отырысын кейінге қалдыруға мәжбүр болады, сон­дықтан тараптарды сот алдында өз мін­деттерін тиісті орындауды ынталандыру үшін оларға осындай шара сотпен қолданылған.

 

Солтүстік Қазақстан облысы