Облыстық ПД-ның мәліметінше, 13 ақпанның борап тұрған кешінде Лисаков қаласының тұрғыны полиция бөліміне ұлының жоғалып кеткені туралы хабарлаған. Полиция жоғалған азаматтың боранға қарамастан, күндіз танысының көлігіне мінгесіп Новоильинов ауылына қарай шығып кеткенін бірден анықтайды.
Кейін белгілі болғандай, Новоильиновтен қайтып келе жатқан көліктің жолаушысы қасындағы жүргізушімен дауласып қалған. Содан ашуланған жолаушы орта жолда көліктен түсіп қалып, қалаға қарай жаяу тартып отырады. Ашуға мінген жолаушы ақыры адасып жолдан шығып кеткен. Қайта полицияның кешікпей іздеу шараларын дер уақытында бастағаны абырой болған. Әйтпесе, түтеп тұрған боран тағы бір жалғыз жаяудың өмірін жұтып тынуы мүмкін еді. Жергілікті полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Данабек Игембердиев пен патрульдік полиция қызметкері Әлібек Жүнісов жолдан адасқан азаматты қар үстінде жатқан жерінен тауып алды.
«Мен бұл төңіректі жақсы білемін. 3 жылдан бері осында жұмыс істеп жатырмын. Әріптесім екеуміз қызметтік көлікті жолдың жиегіне қалдырып, бірталай жерді жаяу шарлап шықтық. Сөйтіп жүріп жоғалған ер адамды қардың үстінде жатқан жерінен тауып алдық. Бір жарым сағаттан астам уақыт жатып қалған. Сәл кешіксек, ұйықтап кетуі де мүмкін екен», дейді Данабек Игембердиев.
Табылған азаматтың еш жерін үсік шалмаған. Анасы жалғыз ұлын он екі мүшесі сау күйде дін аман қолына әкеп тапсырған полиция қызметкерлеріне алғыс айтады. «Шынымды айтсам, ұлымды енді тірідей көремін бе, көрмеймін бе деген қорқыныш билеп алды. Боран болса, мынау. Ешкімнің басына бермесін. Ұлым көліктен түсіп қалған жерді дәл анықтап, кеткен бағытын дұрыс болжай білген, әлсіреп құлаған жерінен тауып алып, аман-есен үйге жеткізген полиция қызметкерлеріне алғысым шексіз!» дейді қуанған ана.
Облыстық Полиция департаменті өңір тұрғындарын ауа райына қатысты хабарламаларға мұқият болуға және жол қауіпсіздігін қатаң сақтауға шақырады.
Қостанай облысы