Тұлға • 16 Ақпан, 2024

Даналық һәм диалектика: Белгілі философ Жабайхан Әбділдин 91 жасқа толды

1222 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі диалектикалық логика мектебінің негізін қалаған философия ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі, мемлекет қайраткері, мемлекеттік, халықаралық марапаттардың иегері, Ш.Уәлиханов сыйлығының тұңғыш лауреаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің философия кафедрасының профессоры, бүгін 91 жасқа келіп отырған Жабайхан Мүбәракұлы Әбділдиннің отандық ғылымға қосқан үлесі өлшеусіз. Былтыр торқалы 90 жас мерейтойының қарсаңында ғалым ағамыздың 25 томдық шығармалар жинағының соңғы бес томы жарық көрген еді.

Даналық һәм диалектика: Белгілі философ Жабайхан Әбділдин 91 жасқа толды

Студенттерге, магистранттарға, докторанттарға, сонымен қатар философия мен рухани мәдениетке қызығушылық танытқан қалың оқырман қауымға бағытталған бұл шығармалардың  21 томына «Ғылыми философия пәні. Болмыс, ойлау, адам»/ «Предмет научной философии. Бытие, мышление, человек»; «Ұғынудан тыс форма бүкілжалпы форма, адами іс-әрекет формасы ретінде (қажеттілік әлемінен еркіндік әлеміне)»/«Непонятая форма как всеобщая форма, как закон человеческой деятельности (от царства необходимости к царству свободы); «Кант философиясы»; «Гегель философиясы»; «Шекспир – кемеңгер суреткер, драматург және ойшыл»/ «Шекспир – гениальный художник, драматург и мыслитель» және тағы басқа еңбектері енген. 22 томына – ММУ-дың еліміздегі филиалының студенттеріне оқылған дәрістер, «Қоғам эволюциясы үдерісіндегі дін эволюциясы формалары»/ «Эволюция форм религии в процессе эволюции общества»; «Өмір, өлім және өлместіктің философиялық проблемасы»/ «Философская проблема жизни, смерти и бессмертия» және тағы басқа материалдар жинақталған.

23 томына енген еңбектері: «Гносеологическая роль конкретного понятия»/«Нақты ұғымның гносеологиялық рөлі», «Развитие целостного человека – цель и смысл исторического процесса»/ «Толық адам дамуы – тарихи үдерістің мәні мен мақсаты», «Алихан Букейханов как главный выразитель новой национальной судьбоносной идеи»/ «Әлихан Бөкейханов жаңа ұлттық бетбұрыстық идеяның басты өкілі ретінде», «Развитие человека и отчуждение»/ «Адам дамуы және жатсыну» және тағы басқа.

24 томына «Сто лет абсурда, противоречий и парадоксов»/ «Абсурд, қайшылық пен парадокстардың жүз жылы», «Правда и ложь о народах великой степи»/«Ұлы дала халқы туралы шындық пен өтірік», «Эволюция национальной идеи казахов»/ «Қазақ ұлттық идеясының эволюциясы», «Великие судьбоносные эпохи в истории народов»/ «Тарихтағы ұлы, бетбұрыс дәуірлер», «Выдающиеся деятели казахского народа в XX веке»/ «Қазақ халқының XX ғасырдағы көрнекті қайраткерлері», «Феномен тирана»/ «Тиран феномені» және тағы басқа шығармалары енген.

Шығармалар жинағының 25 томы Абайдың толық адам туралы ойын білгісі келетін қауымға арналған. Монография қазақ тілінде (журналист Ж. Сүлейменовпен бірлесе отырып) және орыс тілінде жазылған.

Осы еңбектерінде философиялық ойлау мәдениетінің майталманы Жабайхан Мүбәракұлы адамзаттың өткені мен бүгініне сыни көзқараспен салыстырмалы талдау жасаған. Қоғамымыздың бүгінгі өзекті мәселелері де жан-жақты, жүйелі, негізделген, логикалық дәйектелген ыңғаймен философиялық тұрғыдан талданған. Бұл автордың жазғанының бәрімен бас шұлғып келісе беру дегенді білдірмейді, әрине. Философияның мәңгі мәселелері туралы ой қозғағанда әлемдік деңгейдегі ойшылдармен қатар қазақ даналығын, Абайдың ой-толғауларын орнымен қолданатыны сүйсіндірді. Соңғы 25 томын «Абайдың кемелдік, толық адам жолы» деп атап қазақ тілінде жазғанының да символдық мағынасы бар.

«Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей, қазір еліміздің  философия кеңістігінде шама-шарқынша сөз алып, қалам тартып жүрген әріптестеріміз баршылық. Олардың ішінде ұшқары, дәйексіз сөз айтудан бойын аулақ ұстайтын, жүйелі, логикалық, сыни ойлаудың шебері, ғылыми ойлау стилінің темірқазығы Жабайхан Әбділдин сынды философ, ғалым ағамыздың еңбегі елеулі екені анық.

Мұхиттың арғы жағынан денсаулығын түзеп келген соң, философ ағамызбен сұхбаттасу сәттері де туар деп үміттенеміз.

 

Гүлнар АДАЕВА,

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті

философия кафедрасының профессоры м.а.