Қазақстан • 16 Ақпан, 2024

Бүркітші қыз: Жоспарым – білім мен салт-дәстүрді қатар үйрететін ұлттық мектеп ашу

1094 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүркітші қыз Айшолпан Нұрғайыпқызы мектеп ашпақ. Бұл туралы ол «Таңшолпан» бағдарламасында айтты, деп жазады Egemen.kz.

Бүркітші қыз: Жоспарым – білім мен салт-дәстүрді қатар үйрететін ұлттық мектеп ашу

Фото: Ашық дереккөз

Қазіргі уақытта Айшолпан Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетте қазақ тілі мен әдебиет пәнінен мұғалім мамандығы бойынша 4-курста оқиды. Ол университетті тәмәмдаған соң мамандық бойынша жұмыс істегісі келетінін айтты. «Ұлан ауданында (Шығыс Қазақстан облысы) Бозанбай жақта мектеп ашайын деп жатырмын. Ол орта мектеп – білім мен салт-дәстүрді қатар үйрететін ұлттық мектеп болады», дейді бүркітші қыз.

Сондай-ақ Айшолпан бір қызды құсбегілікке баулып жатқанын атап, «Қазіргі уақытта шәкіртім бар, Ұлан ауданында Айзере деген қызды дайындап жатырмын», деді.

13 жасында қазақты жаһанға танытқан Айшолпан Нұрғайыпқызы «Таңшолпан» бағдарламасына берген сұхбат барысында 6 жасынан бастап атқа мініп үйренгенін, 8 жасынан бері құсбегілікпен айналысқанын тілге тиек етті. «Ауылда өстім, тау-тастарда жүрдік. Көп жаттығу керек, әрине. Бүркітші болып шыққан кезде, әрине, ата-анамнан рұқсат сұрадым. Ата-анам қолдау көрсетті», дейді ол.

Айшолпанның ата-анасы да жуырда Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келгені мәлім. «2018 жылы Қазақстанға алғаш рет келіп, көрдім. Кейін осы жақта білім ала бастағаннан кейін Қазақстанға інім мен сіңілім, ата-анам да келсе ғой деп армандадым. Қазір ата-анам Өскемен қаласына көшіп келді. Інім мен сіңілім де келіп, оқуларын жалғастырып жатыр», дейді әйгілі бүркітші.