Қоғам • 16 Ақпан, 2024

«Балалар ем алып жатыр». Қаскөй аяқ-қолын матап қойып ұрған жеткіншектердің жағдайы айтылды

1312 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бейсенбі күні кешқұрым Жамбыл ауданына қарасты Таран ауылында тұратын А. есімді жалғызбасты  әйелдің үйіне баса көктеп кірген ер адам оның төрт баласын ұрып-соққаны туралы хабар тараған еді. Бұл мезетте балалардың анасы дүкенге шығып кеткен көрінеді.

«Балалар ем алып жатыр». Қаскөй аяқ-қолын матап қойып ұрған жеткіншектердің жағдайы айтылды

Фото: видеоскрин

«Белгісіз ер адам 4 кішкентай баланы байлап, ұрып-соғып, азаптап, пышақтаған, оны ұстау шаралары жүргізіліп жатыр», деген жазба жұрттың үрейін ұшырды.

Осыған байланысты Алматы облыстық полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов күдіктінің қолға түскені туралы хабарлады.

«Кәмелетке толмаған балаларға  шабуыл жасаған күдікті қамауға алынды. Қазіргі уақытта ол аудандық полицияның уақытша ұстау изоляторында отыр, тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, күдікті Алматы облысы, Қарасай ауданында ұсталды. Тергеу барысы менің жеке бақылауыма алынды. Өзге ақпарат Қазақстан Республикасы қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының ережелеріне сәйкес жария етуге жатпайды», деді ол.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілдеріне хабарласып, күдіктінің қолынан жапа шеккен балалардың денсаулығы туралы білген едік.

«Жамбыл аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөліміне  15.02.2024 жылы сағат кешкі 19.40 шамасында жедел жәрдем бригадасы 4 баланы жеткізді. 12 мен 13 жас аралығындағы екі балада жұмсақ тіндердің көгеруі анықталды. Барлық медициналық тексерулерден өткеннен кейін олар амбулаториялық емделуге жіберілді.

10 жасар баланы хирург пен травматолог дәрігерлер тексеріп, дене жарақатын алмағанын анықтады.

8 жасар баланы Жамбыл аудандық орталық ауруханадан тексеруден өткізгеннен кейін Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасына жіберіп, мамандар тексеріп, стационарға жатқызды. Балада жұмсақ тіндердің көгеруі, тері астындағы гематомалар, бет аймағында, көздің айналасында және мойында жарақат іздері бар. Ем алып жатыр», деген жауап алдық.

Ал Алматы облысы бойынша Бала құқығы жөніндегі уәкіл Айгүл Есімбекова күдіктінің қолынан қорлық көрген 4 баланың бірі ауруханаға жатқызылса, қалған 3-уі аналарының жанында екендігін, олармен мектеп психологтары жұмыс істеп жатқандығын айтты.


Алматы облысы