Қоғам • 18 Ақпан, 2024

Көптің құрметіне бөленген

658 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақпанның ақ түтегі ауыл-аймақты әп-сәтте қарға көміп, аяқ алып жүргісіз қиын жағдайға қалдырды. Күні бойы жапалақтап жауған қардан қала көшелері де тазартылып үлгермей жатыр.

Көптің құрметіне бөленген

Суретте: тракторшы Медет Нұрболат

Ал Алматы мегаполисіне таяқ тастам жерде жатқан Талғар ауданы Қайнар ауылдық округіне қарасты шағын ғана Көктал ауылының көшелері тізеге жуық жауған қардан лезде тазартылды. Оған трактор тізгіндеген Медет Нұрболаттың қайырымдылығы мен ерінбейтін еңбекқорлығы сеп болған.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген. Ауылымыздың тұрғыны Медет әрі-бері жүргенде тракторына тіркелген күрегішін түсіріп, жолды күреп кетуді әдетке айналдырған. Техникасына жұмсалатын жанар-жағармайдың қымбатшылығына қарамастан бұл ісін ол ешуақытта пұлдаған емес, «осыны мен істеп жүрмін» дегенін естіп те көрмептік. Жаңақұрылыста 50 шақты үй түтін түтетеді. Кейде өзімізді «аралда» қалғандай сезі­неміз. Себебі шағын ауданға коммуналдық қызмет көрсетілмейді. Қоғамдық көлік те кірмей, қанша жылдан бері жаяулап 2-3 шақырым жол жүріп, орталыққа шығамыз. Ауа райы жауын-шашынды болғанда көрер қиындығымызды айтудан жалықтық. Қар жауған сайы­н таңбозынан жолымызды ашып кететін көршіміз Медет Нұрболатқа тұрғындар дән риза, үнемі алғысын жаудырып жатады. Кешегі қалың қардан есік алдын тазартудың оңайға соқпағанын жасырмаған жұрт көшеміздің күрелгеніне балаша қуандық. Ауылдың чатында Медеттің атына айтылған алғыс та қарша борады», дейді көкталдық Әлия Әбілсейітқызы.

Тұрақты жұмысы жоқ ауыл азаматы меншігіндегі көк тракторымен нәпақасын тауып, анасына қолғабыс көрсетіп жүр. Сөйте жүріп, өзі тұратын елді мекеннің жолын тазартып кетуді артық жұмыс санамайды. Жақсылық жасауға жаны құмар Медет мұнымен ғана шектелмейді. Табиғат төсіне шықса да шашылған қоқыс, сынған шыныларды жинап алып, көлігінің жүксалғышына тиеп, тиісті орынға тастауды дағдыға айналдырған екен. Қара­пайым азаматтың қоршаған ортаға деген қайырым­дылығы мен мейірімділігіне дос-жаран, туыстары қанық.

 

Алматы облысы