Қазақстан • 19 Ақпан, 2024

«New York Fashion Week-2024» халықаралық сән көрсетілімінде Әнұранымыз шырқалды

52 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нью-Йорк қаласындағы «Leman Ballroom» залында  «New York Fashion Week-2024» халықаралық сән көрсетілімінің 16-маусымының ашылуында Қазақстан дизайнерінің ұлттық сән үлгілері ұсынылып, қазақ әншісі өнер көрсетті.

«New York Fashion Week-2024» халықаралық сән көрсетілімінде Әнұранымыз шырқалды

Бұл іс-шараға танымал дизайнерлер мен сән әлемінің өкілдері қатысты. Сонымен қатар АҚШ-та тұрып жатқан қазақ дизайнері, кәсіпкер Анелия Әлім өз шығарылымын Нью-Йорктің сәнқой тұрғындарына ұсынды.

«NYFW-2024» сән көрсетілімінде ұйымдастырушылардың арнайы шақыртуымен Нью-Йоркте тұратын қазақтың кәсіби эстрада-джаз әншісі Гүлзар Ғабдрахман Қазақстан Республикасының Әнұранын орындап, «New York, New York» әнін шырқады.

«Әлемге әйгілі өнер жұлдызы Френк Синатраның репертуарындағы «New York, New York» әнін алғаш рет Нью-Йоркте өткен «West Park International Music Festival-2022» Халықаралық байқауында орындаған болатынмын. «NYFW-2024» сән көрсетілімінің ұйымдастырушылары меймандарға осы әнді тарту етуімді және еліміздің Әнұранын орындауымды сұрап, арнайы шақырту жіберді. Азуын айға білеген АҚШ-та, Нью-Йорк қаласының төрінде қазақтың әнін шырқау және мәдениетін көрсету – мен үшін үлкен мәртебе», деді Гүлзар Ғабдрахман.

Айта кетсек, Гүлзар Ғабдрахман 2022 жылдың маусым айында АҚШ-тың әйгілі концерттік залдарының бірі «Carnegie Hall»-да өткен «Viva music Carnegie Hall» атты Халықаралық өнер додасында Қазақстан атынан 1-орынды иеленсе, 2022 жылдың қараша айында Нью-Йорк қаласында өткен «West Park International Music Festival» ән байқауында 20 америкалық өнер майталманы арасынан топ жарып, гран-при иегері атанған болатын. Сонымен қатар ол Лондонда өткен Халықаралық «Альбион жұлдыздары-2019» өнер байқауының жеңімпазы, Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі, Мәскеу мемлекеттік мәдениет институтының өнер магистрі, «Гүлзар Ғабдрахман эстрада мектебінің» негізін қалаушы.

Орынбек