Спорт • 19 Ақпан, 2024

Бәйге аттарының рекорды жылдан-жылға жаңарып келеді – атбегі

396 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде биылғы бәйге маусымы наурыз айында ресми ашылады. Бәйгеге қосылатын жүйрік аттардың шабысы жылдан-жылға үдеп келеді. Бұл туралы Ұлттық ат спорты федерациясының бірінші вице-президенті Мұрат Өсербаев айтты, деп жазады Egemen.kz.

 

Бәйге аттарының рекорды жылдан-жылға жаңарып келеді – атбегі

Фото: argymaq.kz

«Вaige.federasiasy» ютуб арнасындағы сұхбатта Мұрат Өсербаев бәйге аттарының жылдамдығы артып келе жатқанын айтты. «Мұның екі себебі бар. Сырттан сатып әкелетін таза қанды жылқылардың да сапасы жоғары қазір. Екіншіден, қолтума жылқылардың да бабы керемет, үнемі жүйріктер бәйге тілеп зар күйінде жүреді. Бұл атбегілердің біліктілігін байқатады. Демек, олардың да деңгейі өсті деген сөз. Бұрынырақта 25 шақырымдық аламан бәйгеде аттар 1,5 сағатта шауып өтетін. Қазір 25 шақырымды жүйріктер 33 минутта өндіреді. Былтыр «Ұлы аламан» бәйгесі 35 шақырымда 53 минутта шауып келді. Тағы бір айтатын жайт, бұрынғыдай мертігіп, болмаса зорығып құлайтын аттар да азайып келеді. Көбіне бабы дұрыс болмай, күйі келмей қосылған жүйріктер жығылатын. Бүгінде атбегілердің өресі өсті, тәжірибесі толысты. Сондықтан бабына енбеген жүйрікті жүгірте беруді қош көрмейді», деді М.Өсербаев.