Сенат • 19 Ақпан, 2024

Сенаторлар бизнесті жақсартуға бағытталған заңды қарайды

99 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев Палата Бюросының отырысын өткізді. Онда депутаттар осы аптадағы іс-шараларды талқылап, алдағы Сенат отырысының күн тәртібін бекітті, деп жазады Egemen.kz жоғарғы Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сенаторлар бизнесті жақсартуға бағытталған заңды қарайды

Фото: Н.Байбулин

20 ақпан күні Сенатта Мемлекет басшысының «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру аясында «Демографиялық өсу – ұлттың стратегиялық артықшылығының негізі» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтеді. Депутаттар министрліктердің, жергілікті атқарушы органдардың және мүдделі тараптардың өкілдерімен бірлесіп, демографиялық жағдайды жақсартудың, көші-қон саласындағы заңнаманы жетілдірудің өзекті мәселелерін талқылайды.

Үкімет сағатына дайындық аясында сенаторлар Солтүстік Қазақстан облысына, бірқатар мемлекеттік ұйымдарға барып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың демографиялық жағдайды жақсарту жөніндегі тапсырмаларының іске асырылу барысымен танысқанын атап өткен жөн.

«Алдағы Палата отырысында сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес жүргізу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды қарайды. Құжатта бизнес үшін әкімшілік жүктемені азайтуға және кәсіпкерлік қызмет жағдайларын жақсартуға арналған нормалар қарастырылған. Іскерлік белсенділіктің дамуына серпін беру мақсатымен 12 Кодекс пен 102 заңға тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделіп отыр. Одан бөлек, Бюро отырысында Мәжілістен келіп түскен заңдар Сенаттың тұрақты комитеттеріне бөлініп берілді», делінген ақпаратта.