Жылдық кітап көрмесі үш бөлімнен тұрады. «Өмірі өнегемен өрнектелген» деп аталатын алғашқы бөлімде жазушының өмірі мен шығармашылығы туралы энциклопедиялық жинақтар, монографиялар мен жекелеген ғылыми зерттеу еңбектер көпшілік назарына ұсынылған.
«Бейімбет – сөз зергері» атты екінші бөлімде жазушының бүгінде ұлтымыздың рухани игілігіне айналған прозалық шығармалары, пьеса, либретто, сценарийлері орын алған. «Белесі биік Би-аға» деп аталатын үшінші бөлімде оқырман бейімбеттанушы Тоқтар Бейісқұловтың «Қанатты қаламгер», Серікқали Байменшенің «Бейтаныс Бейімбет» атты еңбектерімен таныса алады.
Жазушының еңбек жолы кезінде Қостанайдағы губерниялық «Ауыл» газетінен бастау алғаны белгілі. Мұхамеджан Сералин мен Бейімбет Майлин ұйымдастырған алғашқы облыстық газет бүгінгі оқырманға «Қостанай таңы» деген атаумен етене таныс. Кеш барысында өңірлік басылымның бас редакторының орынбасары Аслан Қанғожин сөз алып, көпшілікке қаламгердің журналистік қызметі мен публицистикалық мұрасы жөнінде әңгімелеп берді.
Қостанай облысы