Қоғам • 19 Ақпан, 2024

Лудомания эпидемияға айналып барады

1720 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

«Басы ауырмағанның Құдаймен ісі жоқ» демекші, басқа түспеген соң мұндай орталықтың барын көпшілік біле бермес. Бұл – тәуелділіктен оңалту орталықтары. Бүгін біз құмар ойынның қара құрдымына жұтылған адамдардың одан қалай құтылатыны жөнінде сөз етпекпіз.

Лудомания эпидемияға айналып барады

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Ұтылғанның өкініші

Бүгінде ойнап жүріп от басқан жас­тар көп. Букмекерлік кеңселер мен тота­­ли­заторлардың торына түскен аза­мат­тар­дың саны адам шошырлық. Жеңіл жол­­мен ақша тауып, тез байып кетемін де­г­ен жалған ұран жарға айдап бара жат­қан­дай. Адал еңбек етіп, бейнеттің бере­кесіне бөленудің орнына ауырдың үсті, же­ңіл­дің астымен жүріп қалта қам­пайт­қы­сы келе­тін­дердің соңы қайда алып барады. Бағам­дап көрдік. Көрдік те жағамызды ұста­дық.

Ақар-шақар Астананың елеусіздеу бір мүйісінде орналасқан бұл мекемеде аптаның әр күні арпалыс. Үміт пен күдік, өмір мен өлім бір-бірімен қоян-қолтық алысқанда, сенім мен табандылық үлкен күшке айналады екен. Өйткені «Komek Center» психологиялық оңалту орталығы құмар ойынның құрығына іліккен, ішкілікке салынған, есірткіге есі кетіп, екі есті күй кешіп жүрген талай азаматтарды құтқарып қалыпты. Соның бірі – астаналық Мейіржан Бақытжанұлы. Бұл жігітті біз орталықтың кіреберісінен жолықтырдық. Суыртпақтай жөн сұраса келсек, ол осы орталықта көптен емделіп жүр­генін жасырмады. «Тұзағыма» түсір­ген кейіпкерімді үркітіп алмайын, көңіліне кел­мейін деп әңгіменің жай-жапсарын жұқалап сұрап едім, ол ашық-жарқын әңгімеге көшті.

– Оның жасыратын ештеңесі жоқ. Мен букмекерлік кеңсеге бәс тігумен айналысып жүріп, соған тәуелді болып қалғанымды білмей де қалдым. Екі жылда барлығы 50 млн теңгеге шығындалыппын. Оның ішінде қарызға батқаным бар. Шүкір, орталыққа келіп емделу арқылы бір жарым жылдай ондайдан аулақ жүрмін. Алғашқы кезде бес ай жатып емделдім. Қазір келіп-кетіп, профилактика алып тұрамын, – дейді емделуші.

Мейіржанның айтуынша, құмар ойынға тәуелді болатындардың көбі букмекерлік кеңсеге бәс тігуден басталады. Өйткені ол бәріне қолжетімді.

– Өз басымнан өткен бір оқиғаны айтып берейін. Көп адамды өтірік айтып алдадым. Құмар ойынға салынып кеткен кезде анам көп жылады. Бірақ ол өтірік істеп жатыр деп ойладым. Ең сорақысы сол, өзіме күрделі операция жасалғалы жатыр деп адамдардан ақша жинадым. Тәуелділіктің түбі үш-ақ жолға бастайды екен: аурухана, түрме, бейіт. Оның басқа жолы жоқ, бұл – тұйық өмір, – деп өзінің басынан кешкендерін және одан түйген ойын бүкпесіз айтып берді.

Сөз арасында Мейіржан емделіп шыққан орталыққа деген алғысын да аяп қалған жоқ.

– Біраз жыл өз-өзімді жоғалтып алдым. Мамандар құндылықтарымды қайта қалыптастырды. Бұл, ең бірінші – отбасым. Құмар ойында жүріп, бәрінен қол үзіп қалыппын. Орталық бұрын қандай болсаңыз, сол қалпыңызға қайта алып келеді. Бәрі де – білікті мамандардың еңбегі, – дейді ол.

Бұдан әрі қазбалай беруді жөн көр­ме­дік, өйткені ол – әлі де емделіп жүрген адам. Оның үстіне біреудің жарасын тырнап, жанын азаптай беру де қиын. Ол да бұл ойымызды іштей ұққандай, бізді орталықтың басшылығы отырған кабинетке қарай бастап жүріп кетті.

 

Тәуелділікті тәуіп емдемейді

– Бұл оңалту орталығы 2019 жылы ресми құрылды, – деп бастады әңгімесін «Komek Center» психологиялық оңалту орталығының негізін қалаушы әрі директоры Нұрлыбек Тұрсынбеков. – Бұл орталық Астанадағы алғашқылардың бірі десе де болады. Маскүнемдік, наша­қорлық, ойынқұмарлықтан оңал­ту­мен айналысып келеміз. Қоғамда мұндай адамдарға деген көзқарас әлі күрделі. Ең бергісі, кейбіреулер емдетуден ұялып, мұны жасырын ұстайды немесе тәуіптерге апарады. Тәуіптер тәуелділікті емдемейді, бұл – психологиялық дерт. Адам өзін-өзі басқара алмай қалады.

Клиникалық психолог маман Нұрлы­бек Пархатұлының айтуынша, еліміздегі ажырасудың бірден-бір себебі осы тәуел­ділік болып отыр. Рас, статистика бо­йынша әр ажырасқан он жұптың жетеуі осы ойыны осылғандардың санатынан екен. Тіпті былтырғы ресми дерекке сәйкес, елімізде 350 мыңнан аса адам жеңіл ақшаның буына арбалып, ауыр жүк арқалап алған көрінеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құмар ойынға тәуелділік мәселе­сі­нің ушығуына жол бермеу керек екенін үнемі айтып келеді. «Кейінгі жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды», деген еді Президент Қауіпсіздік кеңесінің отырысында. Президент бұл теріс әдетке, әсіресе жастар әуес екенін айта келіп, мемлекеттік органдарға аза­мат­тардың жекелеген санаттары үшін құмар ойындарға қатысты шектеулерді күшейтуді тапсырды.

– Былтыр Денсаулық сақтау министрі ойынқұмарлықты клиникалық хаттамаға енгізді. Яғни бұл да енді аурудың бір түрі саналады. Бұл қазір эпидемия түріне айналып бара жатыр. Емделе­тін­дердің қарасы өте көп. Қазірдің өзінде біздің орталықтарда бір күнде 180 адам емделеді. Оның ішінде жағдайы төмен азаматтар да бар. Оларға «Аманат көмек» қоры көмектеседі. Бірақ бұған мемлекет тарапынан қолдау қажет. Ойын­құ­мар­лыққа тек ауқатты адамдар ұрынады деген қате пікір. Мұның негізгі бөлігі – тез байып кеткісі келетін төменгі тап. Сондықтан мұндай дертке шалдыққан адамдардың емделуіне мемлекеттен осындай орталықтарға квота бөліну керек, – дейді орталық директоры.

Былтыр Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев елімізде 5 миллиондай жас азамат бар деп есептесек, оның бір миллио­ны құмар ойынның жетегінде жүргенін айтқан еді. Сондықтан дәрігердің «Бұл қазір эпидемия түріне айналып бара жатыр» деп дабыл қағуы бекер емес.

аа

 

Адам әлсіз, дерт күшті

Оңалту орталығында психолог, психотерапевт, психиатр, нарколог, қоғамдық психолог, тең консультант сияқты мамандар жұмыс істейді.

– Мұндағы жұмыстың бәрі зерттелген, дәлелденген психология ғылымына негізделеді. Психологтердің бәрі – кәсіби меди­цина мамандары. Соның ішінде тең консультант деген маман бар. Бұл – негізінен бұрын осындай аурудан айық­қан, яғни өз басынан кешкен адам. Өйткені кез келген жаңа емделуші бірден мамандарға ашылып сөйлеспейді. Тіпті сенбейді. Осы кезде тең консультант айналысады. Содан кейін барып, ол адаммен мамандар айналысады, – дейді жетекші маман Аманжан Абдукәрімов.

Орталықтағы мамандар құмар ойынға тәуелді болатындардың негізгі себебі тұқым қуалау, отбасы және орта екенін айтады. Бұл – негізгі себептер. Бұған қоса қазіргі коуч, тренерлер тез байып кету туралы айта беретін мотивациялық үгіт-насихаттар мен букмекерлік кеңселердің жарнамасы өте көптігі әсер ететінін алға тартады.

– Құмар ойынға салынған адамдарды көбіне жақындары алып келеді. Өйткені адам әлсіз, дерт күшті. Олар өз аяғымен келе алмайды. Құмар ойынға ақыл-есі төмен адамдар емес, керісінше, жастайынан әртүрлі салада нәтижеге жеткен адамдар көбірек келеді. Өйткені ондай адам өзін «жолым болғыш» деп ойлайды. Мәселен, «Болашақ» бағдар­ла­масымен шетелден оқып келгендер бар, қазақ-түрік лицейінде оқығандар бар, әскери саладан да көп. Бұлардың IQ деңгейі жоғары. «Бір ай қиналып ақша тапқанша, бір сағаттың ішінде шылқып шыға келемін» деген ой туады оларда. Сөйтіп, тәуелділікке түсіп қалады, – дейді орталық мамандары.

Олардың айтуынша, қазір көп жастар мемлекеттік оңалту орталықтарына көп бармайды. Өйткені онда емделуші туралы дерек ресми тіркеуге алынады. Одан кейін ол адамның болашағына балта шабылуы мүмкін. Өйткені оның ішінде өмір парағын енді бастаған жастар бар. Ал мұнда емделетіндер туралы дерек келісім бойынша анонимді сақталады.

 

Желге ұшқан 70 млн теңге

Дәрігерлердің айтуынша, лудома­нияға іліккен адамның бірінші мінез-құлқы өзгереді. Бір сөзбен айтқанда, үнемі сіркесі су көтермей тұрады. Түн ұйқысы бұзылып, асқа зауқы болмайды. Тұйықталады. Бұл белгілер байқалған кезде мамандарға қарату қажет. Яғни жақындары жанашырлық танытпаса, іс насырға шапты дей беріңіз. Мұны осы орталықта емделіп жатқан Бақтияр да растап отыр. Ол тегін жазбауымды өтінді. Жасы 40-қа жуықтап қалған. Төрт жыл бойы құмар ойынға тәуелді болыпты.

– Өзіміздің патологиямыз бар, ол белгісіз бір алыс жақ. Адам басына неше түрлі ой келеді. Өз-өзіңді өлтіре салғың келетін кездер де жиі болады. Сондықтан маманмен сөйлесу керек. Олар ішкі дүниеңдегі нәрселерді сыртқа алып шығып, жұмыс істейді. Қысқасы, есімді бір жинасам, төрт жылда 70 млн теңге ұтылыппын, – дейді емделуші.

Расында, орталықта емделушілердің қарасы көп екені байқалады. Маман­дар­дан тәуелділікке салынған адамдарға қаншалықты ем қонатынын сұрап көрдік.

– Біздің ішкі статистикамыз бен жалпы зерттеулеріміз бар. Соған сай, толық 5 ай стационар түрінде емдеуден өткен 10 адамнан алтау-жетеуі толық айығып шығады. Ал емделіп шыққаннан соң белгілі бір уақытта, бір ай немесе бір жылдан кейін құмарлыққа қайта салынып кететіндер болады. Сол үшін біз емделушілердің отбасын да оқытамыз, – дейді орталықтың психолог маманы Данияр Жамантаев.

Тағы бір Мұрат есімді емделуші құмар ойынға құныққаны сонша, бәс тігемін деп жүріп бір күні өзінің басын тігіп жібере жаздағанын енді түсінгенін айтады.

– Оңалту орталығында емделіп, тәуел­­діліктен айыққанда өмірге қайта келгендей болдым. Жасыратыны жоқ, істемегенім жоқ. Қазір ойға алудың өзі қорқынышты. Бес баламмен, отбасыммен ажырастым. Ме­нің кесірімнен анам екі рет инсульт алды. Үйде сатпаған ештеңе қалмады. Бәрін бәске тіктім. Қарызға белшемнен баттым. Бәрінен айырылып, жалғыз қал­дым. Сататын ештеңе қалмады. Тап-таза тақырға отырдым. Сөйтіп, бір күні транс­плантация туралы естідім. Яғни ағза­ларымды донор ретінде жасырын саудалаймын деп шештім. Мұнымды байғұс шешем естіп қалыпты, содан осында әкел­ді. Егер мен мұнда келіп оңалмасам, қазір қаң­қа сүйегім ғана қалғандай еді. Қазір, шүкір, бәрі оңалып келеді, – дейді ол.

«Komek Center» психологиялық оңал­ту­ орталығында Өзбекстан, Қырғыз елде­рі­мен қатар Канада, Германия елде­рінен келіп емделетіндер де бар.

Қарап тұрсақ, ақшадан ұтылған, тағдырға тұтылған да – ойыншы. Ойын­хана­­лардың ұпайы түгел. Ұлттық статис­тика бюросы ұсынған дерек бойынша, елі­мізде құмар ойынханалар шамамен 40%-ға азайған. Былтыр елде жасырын жұмыс істеп келген 12 орын анықталды. Бұған қоса ойын терминалдарына қатысты 28 қыл­мыстық іс қозғалған екен. Мамандар өткен жылдарға қарағанда жағ­дай түзеліп келе­ді деп сендіреді. Яғни кейінгі бес жыл­да қылмыс 5,5 есе азайған. Алай­да ойын бизнесіне құйылған инвес­ти­циялар көлемі 300 млн теңгеден асыпты.

Белең алған індетпен күресу үшін Үкімет букмекерлік кеңселерді, лоте­рея­­ларды және онлайн казиноларды жар­на­малауға тыйым салмақ. Жас деңгейіне қатысты да өзгеріс болуы мүмкін. Ойын ойнауға рұқсат беру 25 жасқа дейін болмақ. Бұған қоса алимент төлемей жүргендер мен банк несиелерінің мерзімі өткен берешегі бар азаматтардың ойна­уына тыйым салу қарастырылып жатыр.

Бейресми ақпарат бойынша банк­тер­дің транзакцияларының 40 пайызын бәс тігу құрайды екен. 2017 жылдан бас­тап букмекерлік бизнес айналымы 15,5 млрд теңгеден 2022 жылы 554 млрд теңгеге дейін өсіпті. Ал былтыр 1 трлн теңгеге жетіп жығылған екен. Тағы бір дерек, Бас прокуратура ақпараты бойынша былтыр елдегі 305 мемлекеттік қызметкер Қонаев қаласындағы казиноларға 507 млн теңге ұтылыпты. Сонда бұл қаражат мемлекеттің, яғни халықтың салығынан түскен қаржысы емес пе деген де сұрақ көкейді тесетіні рас.

Елімізде мектеп жасындағы 3,5 млн баланың 700 мыңнан астамы бір рет болсын бәс тіккен. «Дәніккеннен құныққан жаман». Бірақ сол құнығу дәнігуден бас­талып кетпесе игі еді...