Экономика • 20 Ақпан, 2024

Жоғалған жылдарды жоқтаймыз

374 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Халықаралық ұйымдар қашанғы әдетімен мемлекеттердің экономикалық әлеуетін сараптап жатады. Қазақстанға да қатысты талай шолу жасалды. Дүниежүзілік банк (ДБ) осы жолғы макроэкономикалық шолуында бізді мақтамен бауыздапты. Таразы басын тең ұстағандай көрінгенімен, қателерімізді бетімізге басып, кей айырмашылықтарды аймандай етіп әшкерелеген тұсы көп. Ұяты бар адам оқыса, екі беті дуылдап-ақ кетердей.

Жоғалған жылдарды жоқтаймыз

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Біріншіден

Дүниежүзілік банк биылғы экономи­ка­лық өсім 3,4 пайызға түсіп кетеді деп болжайды (2023 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсім 5,1 па­йыз болды!). Бұған мұнай өндірісінің болжанғаннан да төмен өсім қарқыны себеп болатын көрінеді. Жалғыз себеп сол болса ештеңе емес. Бізді ұдайы ұятқа қал­дырып келе жатқан бюджет тап­шы­лы­ғы дейтін түйткіл тағы бар ғой. Әрі 2029 жыл қарсаңында экономика көлемін екі еселегісі келетін ел үшін биыл өсімді 3,4 пайызға түсіріп алу – кешірілмейтін қателік.

«Болжам 2025 жылға таман жақсарады – мұнай өндірісі артқан жағдайда экономика өсімі 4,5-5 пайызға жетеді. Теңіз кен орнындағы жоспарланып отырған кеңею жобасы экспорттың артуына, мұнай-химия саласының өсуіне септеседі. Ресми бағалау бойынша, 2025 жылы мұнай өндірісі шамамен 6-8 пайызға ұлғаяды. Мұнай секторындағы бұл қарқын ішкі жалпы өнім (ІЖӨ) өсіміне әжептәуір үлес қосады (барлық өсудің үштен біріне дейін)», делінеді шолуда.

Сонда банк сарапшылары бізді «Қа­зақ­стан өз экспортының интеллек­туал­дық әлеуетін жоғары бағаланған тауарлар есебінен арттырмайды» деп сын садағына түйрейді.

«Экономика әлі шағын өнеркәсіптік базаға негізделген шикізат экспортына қат­ты тәуелді. Соңғы он жылда өнер­кә­сіптік өндірістің ІЖӨ-ге қосқан үлесі небәрі 12 пайыз болды. Бұл дегеніңіз – табысы ортадан жоғары елдерде байқалып отырған деңгейдің тең жартысы ғана. Соңғы 20 жылда экспорт құрылымы аз ғана өзгерді. Мұнай мен мұнай өнімдері экспорт себетінің көп бөлігін (70 пайызын) алып отыр. Соның салдарынан ел әлемнің шикізат бағасының құбылуы алдында шарасыз болады. Мұнай бағасы түсіп кеткен кезде Қазақстан экономикасы құлдырауды бастан кешті. Экономиканы әртараптандыруға күш салып жатқанымен, бұл саладағы ілгерілеушілік шектеліп тұр. Өнеркәсіптік база шағын болып қалуда және әртараптандыру негізінен сауда және жылжымайтын мүлік сияқты саудаға жатпайтын қызметтерге көшуден тұрады. Ауыл шаруашылығы Қазақстанның құнарлы жерлер бойынша мол ресурстарын және азық-түлікке сұранысы жоғары елдерге жақындығын қамтитын өзінің елеулі әлеуетіне жете алатын емес», деп жазады сарапшылар.

 

Екіншіден

Банк шолушыларының баян етуінше, 2000-2007 жылдары жылына орта есеппен 4,5 пайызға айтарлықтай өскеннен кейін, өндіріс факторларының жиынтық өнім­ді­лі­гінің өсуі 2012-2022 жылдары жылына 0,9 пайызға дейін төмендеп кетті. Әдетте, өнімділік өсімінің баяулауы жаһандық үрдіс болып саналса, Қазақстанда он жыл бойы өнімділік өсуінің болмауы елеулі проблема болып саналады дейді олар. Сөйтіп, 2012-2022 жылдар аралығын «жо­ғал­ған он жылдық» деп атайды.

«Қазақстанның баяу өсу көрсеткіштері төмен өнімділік және экономикадағы негізгі құрылымдық кемшіліктермен бай­ланысты болуы мүмкін. Ең айқын тапшылық – 2007 жылға дейінгі орта есеппен ІЖӨ-нің 26 пайызынан соңғы онжылдықта 23 пайыздан да төмендеп кеткен күрделі инвестицияларда көрініс табады. Қазақстан ғылыми зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға тұрақты түрде аз қаражат бөледі, тіпті ортадан жоғары табысы бар елдердің орташа көрсеткішінен де аз. 2008-2009 жылдардағы банк дағдарысы компаниялар үшін несие ағынына кедергі болды, ал төмендетілген сұраныс инвестиция мен инновация үшін ынталандыруға әсер етті. Нақты мәнде 2022 жылы бизнес үшін несиелеу қоры 2007 жылғы деңгейден 35 пайызға аз болды», деп жазылады шолуда.

Дүниежүзілік банк дәл аңғарған тағы бір жайт – шикізаттық өсімнен түскен табыстың қызығын бүкіл қоғам емес, ауқатты элиталық топтың көретіні.

«Өсіп келе жатқан мүліктік теңсіздік – тек Қазақстанға тән проблема емес, бірақ дәл осы түйткілден ел қатты зардап шегіп отыр. Өйткені табиғи ресурстар ағынына тәуелділік тым жоғары деңгейде. Елеулі табиғи байлыққа қарамастан, мемлекет инклюзивті дамудың күн тәртібін іске асыру проблемасына тап болып отыр. Ал өсіп келе жатқан мүлік теңсіздігі әлеу­­мет­тік наразылыққа ұласып, 2022 жыл­­дың қаңтарында әлеуметтік-саяси дағ­да­рысты тудырды. Ең бай 10 пайыз ел аза­маттары біздегі байлықтың 60 пайызын бақылайды. Бұл теңсіздік әлеуметтік шиеленісті тудырып, ынтымақты бұзады, әлеуметтік мобильділікке кедергі келтіреді және елдің әлеуметтік тұтастығына қауіп төндіреді», деп пайымдайды халықаралық сарапшылар.

 

Үшіншіден

Олардың инфляцияға қатысты болжамы да аса позитивті емес: Инфляцияның жоғарғы деңгейі 2024 пен 2025 жылдары орталық банктің мақсатты мәнінен жоғары күйде қалады деп болжанады.

«Егер ақша-несие саясатын мерзі­мі­нен бұрын жұмсартып тастамаса, са­лық-бюд­жет саласындағы шоғыр­лан­ды­ру бо­йын­ша жоспарлар жүзеге асса, Ұлт­­­тық банк өздері межелеген 5 па­йыз делінетін инфля­ция­ның мақсатты дең­­­гейіне жетуі мүмкін. Нарықты бұр­ма­лайтын субсидияланатын пайыздық мөл­шерлемелерді қысқарту жөніндегі шараларды жалғастыру ақша-кредит саясатының әсер беру тиімділігін арттырады. Банк жүйесі сыртқы шоктарға қатысты, соның ішінде Ресейдің Украи­на­ға басып кіруінен туындаған салдарға орнықтылығын сақтап отыр. 2023 жыл­дың қарашасында жұмыс істемейтін кре­диттер 3,2 пайызды құрады. Банктер үз­дік­сіз қаржыландыруды және өтімді активтердің жоғары деңгейін нормативтік мәндерден тыс ұстады, дегенмен несиелік тәуекелдердің жоға­ры­лау белгілері бар, олар бақылауды жал­ғас­тыруды және тәуе­келдерді азайту жұ­мы­с­тарын жүр­гі­зу­ді талап етеді», деп әрі мақтап, әрі кей тәуе­кел­дерді меңзеп өтеді.

ДБ сарапшыларының айтуынша, биыл жыл соңында инфляция 8 пайызға дейін төмендейді, сосын барып Ұлттық банк алдына қойып отырған мақсатты мәнге (5 пайыз) жақындай бастайды.

«Бюджет шығындарының кейінгі қалды­рылған әсері және теңге бағамының құбылуы инфляцияның жоғарылау тәуе­ке­лін көрсетеді. Инфляция деңгейі мен инфляциялық күтулер деңгейінің әлі де болса мақсатты мәннен асып кеткенін ескере отырып, биліктің қатаң ақша-несие саясатын сақтай тұруы маңызды болмақ. Фискалдық салада шоғырландыруға күш салуды жалғастыру және инфляция­ны тұрақты төмендеу траекториясына ба­ғыт­­тау үшін бюджеттік ережелердің сақ­­талуын көрсететін нақты қадамдар жасау қажет», дейді Дүниежүзілік банк.

 

Төртіншіден

Сарапшылар бюджет саясатына да тоқталады және мұнай ресурсы мол бол­ған­дықтан, мемлекет экономика өсіміне қолайсыз күйзелістердің әсерін азайту үшін белсенді бюджеттік шаралар қабылдауға мүмкіндік беретін бюджеттік резервтерге ие дейді.

«Дағдарыс кезінде мемлекет сондай әдіспен экономика құлдырауына қарсы тұратын қосымша қаржыландыру әке­леді. Алайда эмпирикалық талдау көр­­сет­кендей, экономика дағдарыстан кейін қалпына келіп, өзінің әлеуетінен асып кетсе, мемлекет өзінің фискалдық саясатының бағытын түзетуді кейінге қалдырады», дейді.

Сарапшылар тұжырымына сәйкес, дәл қазір Қазақстан кірістерді жұмылдыру тұрғысынан шешімтал қадамдарға баруы керек.

«Соңғы 15 жылда ІЖӨ қатынасындағы салық түсімдері төмендеді. ІЖӨ-ге қатысты бюджет кірісі 2005-2008 жылдардағы 30 пайызға жуық көрсеткіштен 2020-2022 жылдары ІЖӨ-нің 20 пайызына дейін құлап кетті. Экономика мөлшеріне қатыс­ты өлшенетін салық жинау бойынша Қазақ­стан әлемнің басқа елдерінен артта қалып отыр», деп тұжырады.

Дүниежүзілік банк Ресейдің Украи­на­ға басып кіруі және Қара теңіз аймағы мен айналасындағы шиеленістер Каспий құ­быры арқылы біздің мұнай экс­портының одан әрі бұзылуына әкелуі мүмкін, бұл көмірсутек секторының ма­ңыз­дылығын ескере отырып, елеулі эко­номикалық және бюджеттік салдарға әкеп соғады деп байыптайды. Тағы бір қауіп – қайталама санкциялардың туындау мәселесі. «Қа­зақстан мен Ресейдің экономикалық бай­­ланысын есепке алатын болсақ, қай­талама санкциялар тәуекелі алаң­дау­шы­лық туғызбай қоймайды. Ондай санк­ция­ның салыну тәуекелі на­рық­тағы сенім­ді­лікті азайтады, тікелей ше­тел­дік инвестиция ағынын тежейді және эконо­мика өсімін шектейді», делінеді зерттеуде.

Түйін сізде.