Пікір • 20 Ақпан, 2024

Электр энергетикасы – нарықтың қара нары

117 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында жұмыстың нәтижесі қорытындыланып, алдағы кезеңнің негізгі міндеттері айқындалды.

Электр энергетикасы – нарықтың қара нары

Президент жиында жалпы елімізде электр қуатын өндіру және жылу, су беру бойынша қуаттылық тапшылығы бар екенін айтуымыз керек. Электр, жылу, су, жалпы алғанда, тиімді коммуналдық шаруашылық қолжетімділігі азамат­тардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін негізгі тауарлар екенін атап өтті. Тірші­лікті қамтамасыз ететін маңызды стра­тегиялық сала – электр энергети­касы, оның жұмыс істеуінің базалық көрсеткіштері айқындайтын проблемаларға тоқталғым келіп отыр.

2022 жылы электр энергиясын тұтыну көлемі шамамен 113 млрд КВт-сағатты құрады. Өндіріс те осы деңгей шегінде. Уәкілетті органның болжамынша, еліміз әлемдегі ең энергияны көп қажет ететін мемлекеттердің бірі болып қала береді, тұтыну деңгейі жылдар өткен сайын арта түседі, республиканың энергетика саласы тапшы салаға ауысады деген алаңдаушылық бар.

Энергетика министрлігінің ақпа­ра­тына қарағанда, еліміздегі негізгі өндіруші қуаттар, оның ішінде жылу стансалары да 40 және одан да көп жыл пайдаланылып келеді, бұл жоспарлы және апаттық жөндеу жұмыстарының өсуіне түрткі болды. Энергия өндіруші ұйымдарда тозудың орташа деңгейі 53 пайызды құрайды. Сонымен қатар энергия беруші компаниялардың аймақтық электр желілері де тозудың жоғары деңгейімен және айтарлықтай шығындармен сипатталады. Өңірлік электр желілері компанияларының орташа тозу деңгейі 66 пайызға жетеді. Бұл проблемалар жылдар бойы жинақталып, оң және түпкілікті шешімін таба алмады. Олардың шешімі Ұлттық инфра­құрылымдық жоспар аясында жүзеге асырылуы мүмкін.

Мемлекет басшысы: «Инфрақұ­рылымдық жоспарды қайта қарау, жоспарда басымдықтарды анықтау, стратегиялық маңызды жобаларға жеке инвестицияларды тартуды пысықтау, тек төтенше жағдайлар үшін қаржылық қолдау шараларын қарастыру қажет», деп Үкіметке нақты тапсырма берді.

Өз кезегінде энергетикалық кәсіп­орындар өз тарапынан негізгі құрал­дардың едәуір тозуы, қуаттардың жүк­тел­меуі және үлкен шығындар проб­ле­маларын шешуді тек электр энергия­сының бағасының өсуінен көріп отыр.

Менің ойымша, тарифтің өсуі мен энергия кәсіпорындарының қарсы міндеттемелерін салыстыра отырып қарас­тыру қажет. Бұл компаниялар өнді­рісті жетілдіруі, жабдықты жаңар­туы және шығындарын азайтуы керек. Сондай-ақ тарифтердегі қарсы мін­дет­темелерді бақылауды қоса алғанда, бақылау мен қадағалауды уәкілетті органға қайтару қажет. Бүгінгі таңда барлық жүйелік мәселені шешу үшін нақты ұсыныстар мен жедел әрекеттер маңызды.

Сонымен қатар Қазақстан электр энергетикасы саласын басқарудың бірыңғай жүйесін сақтаған жоқ. Ол бірнеше мемлекеттік органдардың ведомстволары құрамында орналасқан. Осыған орай электр энергетикасын дамытудың стратегиялық мәселелеріне қатысты тиімді жүйелік тәсілдердің жоқтығын баса айтуға болады.

Парламент пен Үкімет бұл мәселе­лерді орталықтандырылған электр энер­гиясын сатып алу және сату механизмін енгізу арқылы шешуді ұсынды, басқаша айтқанда, электр энергиясын бірыңғай сатып алушы және нақты уақыт режімінде электр энергиясының нарығын теңестіруші. Бірінші шілдеден бастап тиісті заң іске асырылып жатыр және бірқатар қолданыстағы мәтінге түзетулер енгізілді.

Бірыңғай сатып алушы күн сайын орталықтандырылған сауда-саттық жүргізу арқылы отандық электр стансаларынан бір тәулік бұрын электр энергиясын жоспарлы сатып алуды жүзеге асырады. Сауда-саттық алдағы тәуліктің әр сағатына әртүрлі тарифтер қалыптастыра отырып өткізіледі.

Барлық көтерме электр энергия­­­сын тұтынушылар оны тек есеп айыры­су-қаржы орталығынан бір орташа өлшенген тариф бойынша сатып ала алады. Бұл ретте елдің электр энергия­сына деген қажеттілігін жабу мүмкін болмаған жағдайда отандық көздер есебінен электр энергиясының жос­парлы импорты жүзеге асырылады. Жоспарланған импорт таңертең адамдар жұмысқа, мектепке немесе кешке үйге оралғанда, барлық тұрмыстық техниканың қосылуына байланысты табиғи түрде пайда болатын электр энергиясын тұтынудың өсуін азайтуға мүмкіндік берді.

Бұл механизм елдің ірі электр стансаларын күрделі жөндеуге мүмкіндік берді, бұған дейін электр энергиясы­ның тапшылығы мен оны тұтынудың өзгеруіне байланысты мүмкін болмады. Сондай-ақ өнімсіз делдалдарды қысқарту, электр энергиясын сатып алу және сату кезіндегі алыпсатарлық опе­рацияларды болдырмау, өңірлер ара­сындағы электр энергиясына тариф­терді теңестіру сияқты өзекті мә­селелер шешілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Бірыңғай сатып алушының моделі қолданысқа енгізілді, бірақ ол жетілдірілуге тиіс. Ол үшін біз, Пар­ламент депутаттары проблемаларды талдап, электр энергетика саласының негізгі көрсеткіштеріне мониторинг жүргізіп, шешім ұсынып, заңдарды жетілдіре түсеміз.

Мұның бәрі бизнес-қоғамдастықпен, өндірістік кәсіпорындармен, қауым­дастықтармен тиімді ынтымақтастықты бірлескен жұмысты қажет етеді. Бүгінгі таңда электр энергетикасы нарығын одан әрі дамытуда жедел және тиімді шаралар қабылдау маңызды екенін түсіну қажет. Тұтастай алғанда, елдің өсуі мен экономикалық жағдайы осыған тікелей байланысты.

 

Сүйіндік АЛДАШЕВ,

Парламент Сенаты 

Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы