Пікір • 20 Ақпан, 2024

Батыл шешімдер қажет

171 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Үкімет пен әкімдердің жұмысқа деген көзқарасын түбегейлі қайта қарауы керектігін баса айтты. Бізге бүгінгі таңда бюрократия емес, мәселелерді жедел шешуді және экономикалық келешек ұзақмерзімді болжауды біріктіретін жүйелі көзқарас қажет.

Батыл шешімдер қажет

Инфографиканы жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Ұзақ жыл мемлекеттік қыз­мет­те, құрылыс, экономика, қаржы, мемлекеттік меншік салаларында қызмет атқарған маман ретінде жаңа Үкіметтің алдына қойған мiндеттер­ге қатысты көзқарасымды білдіргім келеді.

Алдымен заңдарға, әсіресе жергілік­ті атқарушы органдар әзірлеген норма­тив­тік құқықтық актілерге тексеріс жүр­гізу керек. Себебі, басты сыбайлас жем­қорлық тәуекелдері заңға сабақтас акті­лер – ережелер, нұсқаулар астарында жа­сырынып жататыны еш­кімге жасырын емес. Ақырында жап-жақсы заңға осындай құжаттар нұқсан келтіріп жатады. Мысалы, «Қазақ­стан Республикасындағы сәулет, қала құ­ры­лысы және құрылыс қызметі тура­лы» заңда техникалық қадағалау құры­лыс­тың сапасын, мерзімін, құнын, аяқ­тал­ған жұмыстарды қабылдауды және пай­далануға беруді қоса алғанда, жобаны іске асырудың барлық кезеңінде құ­ры­лысты қадағалау екені көр­сетіл­ген. Дегенмен Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрінің 2021 жылғы 5 тамыздағы №420 бұй­ры­ғымен авторлық қадағалаудың жауап­кершілік нормасы алынып тасталған. Жалпы, барлық деңгейдегі нормативтік құқықтық актіні жасау және қабылдау жүйесінде қатаң бақылау мен шектеулер қажет. Халық арасында наразылық пен билікке деген сенімсіздікті тудыратын да осы жайлар.

Тағы бір мәселе – бюджеттік және қаржылық тәртіпті нығайту қажет. Барлық жерде, әсіресе өңірлерде бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуы байқалады. Осыған орай бюджетті қалыптастырудағы тәсілдерді қайта қараған жөн. Атап айтқанда, облыс­тық бюджеттерді облыс әкімдіктері бекіткенге дейін Ұлттық экономика министрлігі мен Қаржы министрлігі (қажет болған жағдайда өңірлерге шыға отырып) қарап, кейіннен тиісті мониторинг жүргізілуге тиіс.

Келесі бір маңызды мәселе – моно қалалардың ең түйткілді әлеуметтік мәсе­лелерін шешуге әлеуметтік жауап­кершілік аясында қала құраушы кәсіп­орындардың облыстар мен қалалардың әкімдіктеріне бөлетін қаражатының жұмсалуы. Көбіне-көп облыс әкімдері мен қала құраушы кәсіпорын басшылары арасындағы меморандумдарда өзара жауапкершілік бола бермейді. Содан келіп облыс әкімдіктері қаражатты қала құраушы кәсіпорындар тікелей орна­ласқан аймақтардан басқа өңірлерге бағыт­тайды. Салдарынан қала құрау­шы кәсіпорын жұмысшыларының әлеу­меттік мәселелерін шешу мүмкін бол­май отыр. Қажет болған жағдайда Мәжі­ліске «Қоғамдық бақылау туралы» заңға қала құрушы кәсіпорындар мен жер­гілікті атқарушы органдар арасын­дағы меморандумға қатысты жерг­і­лікті атқарушы органдарда қо­ғам­дық бақылауды жүзеге асыру құқы­ғы туралы өзгерту енгізсе де болар еді.

Құрылыс және жөндеу саласында тиісті министрліктің рөлін арттырып, Құ­рылыс істері комитетіне қосымша өкі­лет­тіктер беру дұрыс. Құрылысқа да, күр­де­лі жөндеуге де жобаның сараптама­сын жүргізетін Мемлекеттік сараптама ме­ке­месін құру қажет. Құрылысты мемле­кет­тік бақылау саласын автоматтандыру бөлігінде жаңа цифрлық технологияларды енгізу және жүйені тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелермен үйлестіру керек.

Қазіргі жағдайда өңірлермен жұмыс­ты жолға қойып, қатаң тәртіп орнатып, жергілікті атқарушы орган­дардың күмәнді шешімдер қабылдауы қиынға соғатын жүйе құру қажет. Сондай-ақ орталықтың жергілікті атқарушы орган, қоғамдық кеңес, «Аmаnаt» партиясының өтініштеріне орталықтың жедел жауап беруін қамтамасыз ету де маңызды. Айталық партияның Астана қаласы филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің жұмыс тобы 2023 жылдың қазан айында «Астана қаласының активтер және мемлекеттік сатып алу басқармасы» ММ-ның Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру партия­ның бағдарламалық құжаттарының орындалуына мониторинг жүргіз­ген кезде коммуналдық мүлікті есепке алу, басқару және мемлекет­тік сатып алу саласында 7 сыбайлас жемқорлық тәуекелі анықталды. Қала әкімдігі мен басқармаға берілген ұсыныстарды орындау мақсатында ұлттық экономика, қаржы, цифрлық даму, инновациялық және аэроғарыш өнеркәсібі, оқу-ағарту және әділет министрліктеріне хат жолданды.

Барлық мемлекеттік қызметші негізгі ұстаным ретінде Әдеп кодексін тұтын­ғаны жөн. Министрлер кабинеті ашық және тыңдай алатын болуы, ең бастысы, жүк­телген міндеттерді тез әрі жылдам шеше білуі керек. Бұл соны, серпінді тәсіл­дерді қамтамасыз етуге, жаңа эконо­ми­калық бағытты жүзеге асыруға, заңсыз алынған және шығарылған активтерді қайтаруға, жалпы алғанда жаңа, әділетті Қазақстанды құруға ықпал етеді.

Жаңа Премьер-министр және қайта жасақталған Үкімет құрамы­ жүктелген міндеттерді абыроймен атқарады деп сенеміз.

 

Ғалым МҰҚАШЕВ,

«Аmаnаt» партиясы Астана филиалы

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары