Балалар • 20 Ақпан, 2024

Балалар басылымдары оқуға құштарлықты насихаттайды

252 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда халықаралық кітап сыйлау күніне орай Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхананың ұйымдастыруымен «Шығармашыл интеллигенция – Қазақстан балаларына» тақырыбында республикада жарық көретін балаларға арналған газет-журналдардың редакторларымен кездесу өтті, деп жазады Egemen.kz.

Балалар басылымдары оқуға құштарлықты насихаттайды

фото: mamspace.ru

«Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Балалар кітапханасы» бағдарламасы аясында өткен кездесу балалар журналдары мен газеттері арқылы кітап оқу мәдениетін насихаттау, оқу белсенділігін арттыруды мақсат етеді. Басқосуға «Балалар әдебиеті» баспасы, «Ұлан» газеті, «Балдырған», «Ақжелкен», «Дружные ребята», «Айгөлек», «Балбұлақ», «Жыл он екі ай», «Алтын сақа», «Хан талапай», «Ыбырай», «Білім шыңы – ғылым сыры», «Ақылды балалар», «Білімді ұлт», «Bala Bi», «Farabi shakirti», «Ақылдым», «Балақан», «Балалар әлемі», «Ертегілер әлемінде», «Alan&kids», «Балапан бағы», «Мөлдір бұлақ», «Жеті әлем», «Ертегілер елінде», «Білім академиясы», «Асыл сөз», «Әл Жәбірдің атасы» сияқты отызға жуық газет-журналдардың редакторлары, қаламгерлер мен қала мектептерінің директорлары, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар қатысты.

Жиын барысында газет-журналдардың шығу тарихы, балаларды қызықтыратын тақырыптар төңірегінде қызу пікірталас болды. Ақпараттық технологиялардың көмегі арқылы балаларға қолжетімді контентті газет-журналдар бетінде ұйымдастыру - бүгінгі күннің талабы. Осы бағытта газет-журнал беттерін мейлінше қызықты етіп шығаруға еңбектеніп жүрген редакция мүшелері жазылым мәселесінің көкейтесті болып тұрғанын алға тартты. Ал жазылым көрсеткішін жақсарту үшін мұғалімдермен қатар ата-аналардың да белсенділігі қажет.

Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана директоры Әлия Сайдембаеваның айтуынша, кездесу балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруды мақсат етеді.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Оқу-ағарту, Мәдениет және ақпарат министрліктері бірлесіп, осы ауқымды мәселені шешудің жолдары іске асып жатқаны белгілі. Ендігі кезекте Алматыдан бастау алған маңызды іс-шара республика өңірлерінде де жалғасын табады деп сенеміз. Балалардың кітапқа, газет, журналдарға деген қызығушылығын дамыту қоғамға ортақ мәселе. Бүгінде байқап қарасақ, балалардың сөзге, сөйлеуге шорқақтығын байқауға болады. Ол үшін балаларды кітап оқуға, қазақтың шұрайлы бай тілінің көркем қасиетін тануға күш салуымыз қажет. Ал оларды кітап оқуға қызықтыратын бірден-бір коммуникация құралы – балаларға арналған басылымдар», деп атап өтті Ә.Сайдембаева.

Биыл Республикалық ғылыми-педагогикалық кітапхана 250-ден астам басылым түріне жазылған. Алдағы уақытта жазылым санын көбейтуді жоспарлап отырған кітапхана мамандары жылдан-жылға келушілер санының да артып келе жатқандығын айтады. Бүгінде кітапханаға келушілер саны 6 мыңнан асады. Педагогикалық бейінді кітапхана қорында қазіргі кезде газет-журнал мен кітапты қосқанда 400 мыңға жуық экспозиция бар. Ал электронды кітапхана қоры 3 мыңнан асады.

Кітапхана қоры осы жолы кітап авторлары, баспа өкілдері сыйға тарқан жаңа басылымдармен толықты.