12 Маусым, 2010

МҰНДАЙ АПЕЛЛЯЦИЯНЫҢ ҚАЖЕТІ ҚАНША?

525 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Айтайын дегенім... 4 маусымнан басталған ұлттық бірыңғай тестілеу үдерістері бүгінгі күндері қоғамдағы ерекше назарда тұрған оқиға және үлкен өмір жолына даярланып жүрген мектеп бітіруші түлектер үшін психоло­гиялық жағынан жауапкершілігі жоғары кезең екені белгілі. Ал оның ішінде 11 жыл мектепте тек қана үздік оқып, “Алтын белгіге” үміткер болып отырған оқушы мен оған тілеулес болып жүрген ата-анасы, туыстары мен мектеп ұстаз­дары үшін жауапкершілігі одан да жоғары десем қателес­песпін. Өкінішке қарай, “Алтын бел­гіге” үміткер бірнеше оқушының тесттің нәтижесі бойынша бір-екі баллы жетпей қалғандықтан (басым көпшілігі математика пәнінен), көмек болар деген үмітпен апелля­ция­лық комис­сияға берген өтініш­тері қанағат­тандырылмай қалып жатыр. Осыған реніш білдірген оқушылар “онда апелляцияның қажеті қанша?” деп сұрақ қояды. Осы себепті Білім және ғылым министрлігінің басшылығы “Алтын белгіге” үміткер, бір-екі баллы ғана жетпей қалған оқушылардың мүдделерін қорғай отырып, осы мәселенің оң шешілуіне көмек жасаса оңды іс болар еді. 11 жыл бойы үздік оқуға ұмтылған балалардың болашақ өмірлерінде тауы шағылмаулары үшін де сауапты шаруа болып табылар еді. Рамазан СӘРПЕКОВ, Мәжіліс депутаты. ХАЛЫҚ НАРАЗЫЛЫҒЫНА ҚАЛМАЙЫҚ Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы еліміздің ең оңтүстігінде орналасқан, тұтас­тай Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Мемлекетаралық шекара белгіленгенше, Елбасы­ның пәрменімен салынған Достық көпірі арқылы, Жетісай – Шардара тас жолы арқылы, Пахтаарал – Сырдария – Сары­ағаш стансалары арқылы ішкі-сыртқы қатынастар жасалатын. Казіргі уақытта Жетісай – Шар­дара тас жолының 25 (жиыр­ма бес) шақырым бөлігі Өзбек­стан Республикасының аумағы арқылы (ол жер 1965 жылға дейін біздің жер болатын) өтетіндіктен, ол жол жабылған. Ендігі кезекте “Пахтаарал – Сарыағаш” стансаларының ара­лығындағы Өзбекстан Респуб­лика­сының аумағынан өтетін темір жол бөлігін көрші мемле­кет бұзып алмақшы. Соның салдарынан Мақтаарал ауданына бағытталған жүз мыңдаған тонна жүк к­ірмейді, кері жүк шықпай­ды. Нәтижесінде халық тұтынатын тауарлар бағасының күрт өсіп кету қаупі басым. Өзбекстан Республикасының осындай шешімге баруы біздің темір жол саласының, т.б. мем­ле­кеттік органдардың сол бағыт­тағы жолға немқұрайлы қарауы­нан ба деген ойға қаласың. Әйт­песе Қа­зақ­стан мен Өзбекстан мемлекет­те­рінің шекараларын­дағы өткізу пункттері туралы Қазақстан мен Өзбекстан үкі­мет­тері арасындағы 2001 жыл­дың 16 наурызындағы келісімге және осы келісімге сәй­кес 2006 жылдың 4 қыркүйегінде жасал­ған хаттамадағы темір жол өткізу пункттері тізбесіне жұмыс істеп тұрған Пахтаарал стансасы­ның енбей қалуын қалай түсінуге болады?! Темір жолдың жабылуы 300 мыңнан астам халқы бар өңір үшін үлкен ауыртпалықтар тудыратыны анық. Шекаралас мемлекеттердің тас жолымызды, темір жолы­мыз­ды, су жүретін каналдары­мыз­ды жабуын қандай жолмен тоқтатуға болады? Ел Үкіметінің жоғарыдағы аталған мәселелерге мұқият көңіл бөліп, темір жолды бұздырмай, Пахта­арал темір жол стансасын шека­ралық өткізу пункті тізіміне енгізуге ықпал етуі өте-мөте қажет шара болып табылады. Өстемір БЕКТӨРЕЕВ,Мәжіліс депутаты. Тұрақты комитеттер тынысы ЗАҢ ЖОБАСЫ ҚАРАЛДЫ Сенаттың Халықаралық қаты­настар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде “Бір тараптан Қазақ­стан Республикасы және екінші тараптан Еуропалық қоғамдас­тықтар мен оларға мүше мемлекет­тер арасындағы Әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісім (ӘЫК), Болгария Республикасы мен Румынияның ӘЫК-ге қосы­луы туралы хаттаманы ратифи­кациялау туралы” заң жобасы талқыланды. Аталмыш құжаттың мақсаты Қазақстан Республикасы мен Еуро­палық Одақ арасындағы шарттық-құқықтық базаны жақсарту, сондай-ақ Қазақстанның еуропа­лық бағыттағы мүдделерін одан әрі ілгерілету болып табылады. Хаттаманың күшіне енуі саяси, экономикалық, ғылыми-техника­лық, экологиялық, ақпараттық, гуманитарлық, мәдени және басқа да салалардағы екі жақты ынты-мақтастыққа жаңа серпін беруге бағытталады. Осы хаттамаға 2008 жылғы 16 қыркүйекте Брюссельде қол қойылды. Заң жобасы палатаның қарауы­на жіберілетін болды, деп хабарлады Парламент Сенатының баспасөз қызметі. Сізді не толғандырады? ЕГІНШІЛЕРГЕ БЕРІЛЕТІН СУ БАҒАСЫ ҚЫМБАТ “Қазақстан-2030” стратегиялық даму бағдарламасын іске асыру аясында Жаңаөзен қаласында соңғы жылдары ауыл шаруашы-лығын өркендетуге айрықша көңіл бөлінуде. Бұл орайда “Маңғыстау облысындағы, Жаңаөзен қаласы­ның әлеуметтік-экономикалық даму проблемаларын шешу жөнін­дегі 2009-2012 жылдарға арналған кешенді жоспарды бекіту туралы” Үкіметтің 2009 жылғы 9 желтоқ-сандағы №2052 қаулысы жергілікті тұрғындардың көптен бері көкейін­де жүрген өзекті мәселелерге қозғау салды, іс-қимылға соны серпін берді. Аталған қаулының 11-тарма-ғында “Төңірекшың елді мекенін-дегі қосалқы шаруашылықты 500 гектарға дейін кеңейту және ауыл шаруашылығы тауарларын өндіру-ші оралмандар үшін 1500 жаңа жұмыс орындарын ашу” деп жа­зыл­ған. Қазірдің өзінде осы бағытта біршама айтарлықтай іс-шаралар атқарылуда. Төңірекшың алқабын-да биылғы маусымда 100 пайыз мемлекеттік үлесі бар “Өзен-Дархан” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, “Бизнес-Инкубатор” мемлекеттік коммуналдық кәсіп-орны, сондай-ақ елуден астам жеке кәсіпкерлер жалпы көлемі 285 гектар жерге дән сеуіп, 14 түрлі көкөніс өнімдерін егумен айналы­суда. Бұл жұмыстарға қамтылған 580 адамның көпшілігін атақоны­сына қайтып оралған қандас бауырларымыз құрайды. Азық-түлік өнімдерін өндіретін өлкелерден өте шалғайда жатқан, ауа райының өзіндік ерекшеліктері мен қиындықтары мол Маңғыстау өңірінде көкөніс өнімдерін өсіруден жергілікті халыққа келер пайда мол. Алыстан тасымалданып әкелі­нетін көкөніс өнімдерінің бағасы да өте қымбат, әрі халықтың сұра­нысын қамтамасыз ете алмайды. Өткен жылы Төңірекшың елді мекенінде егін егумен айналысқан жеке кәсіпкерлерге Еділ өзенінің суы арзандатылған бағамен берілуі нәтижесінде жергілікті базарлар­дағы көкөніс өнімдерінің бағасы біршама арзандады. Бұл жерде жоғарыда аталған Үкімет қаулы­сының 40-тармағындағы “Ауыл шаруашылығы тауарларын өнді­рушілер үшін Еділдің суын беруге “КазТрансОйл” АҚ тарифін ағымдағы деңгейде сақтап қалу” деп көрсетілуі көп көмек болды. Биылғы жылы егін көлемінің ұлғаюы жергілікті бағаның әлі де төмендеуіне септігін тигізеді деген сенімдеміз. Алайда, Үкімет қаулысында нақты айтылғанына қарамастан, “КазТрансОйл” АҚ 2010 жылғы шартында егіндік су бағасын 154 теңге 11 тиынға бағалап отыр. Бұл жағдайда егілетін көкөніс өнімде-рінің өзіндік құны қымбаттайды, базар нарқы өседі, дайын өнімдер дер кезінде сатылмай, еңбек зая кетеді. Сондықтан, Үкімет Жаңа-өзен қаласының климаттық ерекшеліктерін, құрғақшылықты, жазының аптап ыстықтығы мен басқа да жәйттерді ескере отырып, жаңаөзендік егіншілерге берілетін су бағасының бұрынғы жылдар­дағыдай арзандатылуына, яғни “КазТрансОйл” АҚ-қа ықпал етуі тиіс деп білеміз. Зейнолла АЛШЫМБАЕВ, Мәжіліс депутаты.