Қорда жиналған 162,5 мың тонна көкөністің 29,4 мың тоннасы өңірлерге жіберілді. Оның ішінде 16,1 мың тонна картоп, 4,1 мың тонна сәбіз, 5,2 мың тонна пияз және 3,9 мың тонна қырыққабат бар. Ақпан айында тұрақтандыру қорынан шығарылған көкөніс көлемі айлық жоспардан асып кетті. Бұл ретте ресми статистика соңғы аптада 6 өңірде картоп пен сәбіз бағасының өскенін тіркеді. Вице-премьер бағаны тұрақтандыру үшін нарықтағы көкөніске сұраныс пен өндіріс көлемін сараптап, қажет болған жағдайда көкөністер мен оларды қолжетімді бағамен сататын сауда нүктелерін көбейту арқылы бұл жұмысты жандандыруды тапсырды.
Жалпы, 2024 жылдың басынан бері әлеуметтік азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 0,4%-ды құрады (2023 жылғы 13 ақпанда – 2,4%). Өткен аптаның қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) баға индексі тұрақты (0%) болды.
ҚР СИМ Сауда комитеті электронды шот-фактуралар арқылы өндірушіден бастап сауда сөрелеріне дейінгі баға тізбегін талдауды жалғастыруда. Жыл басынан бері 432 тізбек сарапталып, 193 заң бұзушылық тәуекелі анықталды.
Сауда комитеті барлық тәуекел фактілері бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін материалдарды аумақтық бөлімшелерге жіберді.
АШМ департаментінің директоры Нұрлан Иманбаев ӘКК жұмысының жаңа форматына көшу нәтижелері туралы баяндады. 2023 жылдың басынан бастап маусымаралық кезеңде және бағаның өсуі кезінде нақты белгіленген бағамен күзгі және ерте көкөністерді (картоп, пияз, сәбіз, қырыққабат) жеткізу үшін форвардтық келісімшарттың жалпы сомасының 70%-ын аванспен бере отырып, фермерлерді алдын ала (бір жыл бұрын) қаржыландыруды көздейтін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді форвардтық қаржыландыру бойынша жаңа тәсілдер енгізілді. Жаңа тәсілдердің міндетті шарты – бюджет қаражатының 70%-ы фермерлер мен қайта өңдеу кәсіпорындарын қаржыландыруға бағытталуы тиіс.
Аталған жаңа тәсілдер бойынша жұмыс істеуге Абай, Жетісу, Ақмола, Алматы, ШҚО, Жамбыл, Қостанай, СҚО, Қызылорда және Түркістан облыстары уақытылы ауысты. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қаржыландырудың ең төменгі көрсеткіштері – Алматы (46%) мен Маңғыстау облыстарында (50%).
Вице-премьер 70%-дан кем емес шекті қатаң сақтай отырып, шаруаларды тікелей қаржыландыру жұмысын жалғастыруды және әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын ұдайы назарда ұстауды және бағалар негізсіз көтерілген жағдайда жедел әрекет етуді тапсырды.