Аймақтар • 20 Ақпан, 2024

Ауылға барсаң, далада қалмайсың...

226 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысына қарасты Қазталов ауданында 6 дәрігер су жаңа үйлі болды. Олар Абай, Түркістан, Ақтөбе облыстарынан, Орал, Ақсай қалаларынан арнайы шақырылған жас мамандар еді.

Ауылға барсаң, далада қалмайсың...

Ақжайық өңіріне дәрігер мамандар жетіспейтінін бұрын да талай жазған едік. Былтыр өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің қолдауымен Қазталов ауданына келген 6 маман қызметтік тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Бұл үйлер заманауи үлгіде, құ­ры­лысы сапалы, әрі жартылай жиһазбен қамтылған. Әр үй­дің жеке жылыту, кәріз жүйесі бар. Жаңа үйлердің кілтін жаңа қожайындарына салтанатты түр­де табыс ету үшін Қазталов ауда­ны­ның әкімі Асланбек Сарқұлов, аудандық мәслихат төрағасы Сәрсенбай Молдашев, аудандық №1 аурухананың бас дәрігері Руслан Ахметжанов және ауыл тұрғындары жиналып, кішігірім той болып қалды.

– Былтыр Қазталов ауда­нындағы денсаулық сақтау сала­сында біраз жетістік болды, ауқымды жобалар жүзеге асты. Атап айтар болсақ, Қараоба дәрі­гер­лік амбулаториясы күрделі жөн­­деуден өтсе, Қараөзен мен Бостандық ауылдарында меди­ци­на­лық нысандар жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Мұнымен қоса ауданымызға 8 жедел жәрдем автокөлігі берілді. 761 млн теңге қаражатқа 51 түрлі медициналық құрал-жабдық сатып алдық, – деп Асланбек Ахметоллаұлы ауданда болған жаңалықтарды атап өтті.

ррр

Өңірде халық денсаулығын сақтау саласында оң өзгеріс көп, нақты жоспар жасалған. Соның бірі – Қазталов аудандық ауруханасы ғимаратына 2024-2025 жылдары жапсарлас құрылыс жүргізіп, көпбейінді орталық ауруханаға айналдыру мәселесі. Мекеме ауданаралық аурухана мәртебесіне өткенде қосымша штаттар енгізіліп, 36 дәрігер, 56 орта буын медициналық қыз­меткер қажет болады екен. Сондықтан елге келетін жас маман дәрігер де, оларға арнайы салынатын тұрғын үй де аз болмаса керек.

Баспаналы дәрігерлер қата­рын­да Түркістан облысынан келген жас маман, балалар дәрігері Әділбек Қал­ды­беков те бар. Жас маман жаңа үйіне бас сұққан аудан басшысына алғысын айтып, алдағы уақытта аудан халқының денсаулығын жақсартуға аянбай еңбек ететінін жеткізді.

– Былтыр тамыз айында Марат Оспанов атындағы Ақтөбе медицина академиясын жалпы тәжіри­бе­лік дәрігер мамандығы бойынша бітіріп, қолыма диплом алып едім. Күйеуім – кәсіпкер. Жас маман, жас отбасы болып, қыркүйек айында Қазталовқа келіп едік. Бүгін, міне, жарты жылға жетпей 3 бөлмелі жайлы пәтерге ие болып жатырмыз. Көп-көп рахмет! – дейді Мөлдір Бекбатырқызы.

Мөлдірдің әріптесі Дина Қажетқызы қазіргі Абай облы­сын­­да­ғы Көкпекті өңірінде туып-өскен екен. 2023 жылы Се­мей медицина университетін тәмам­да­ған.

«Өткен жылы 4 қыркүйекте Қазталов топырағына табаным алғаш тиіп еді. Сонау Шығыс Қазақстаннан еліміздің батыс қиырына келгенде алаңдағаным рас. Бірақ бұл жақтың адамдары да, ауа райы да жақсы екен. Үйреніп кеттім. Жұмысым ұнайды. Аудан орталығын, апта салып Қошанкөл, Тереңкөл ауыл­дарын аралап, ха­лық­тың ден­саулығын тексеріп тұрамыз. Дәл қазір тұмау, желшешек деген аурулар көбейіңкіреп тұр, бірақ бұл қалыпты жағдай ғой. Жаңа қонысымыз да керемет, ұнап жатыр», дейді жалпы тәжірибелік дәрігер Дина Қажетқызы.

 

Батыс Қазақстан облысы