Қаржы • 22 Ақпан, 2024

Базалық мөлшерлеме деңгейі

182 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қаржы нарығы Ұлттық банктің базалық мөлшерлемеге қатысты кезекті шешімін күтіп, іштен тынып тұр. Ұлттық банк ақпан айында базалық мөлшерлемені сәл төмендетуі мүмкін деген пікірлер осыған дейін айтылған. Ертең, 23 ақпанда Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін қабылдайды. Қазіргі мөлшерлеме – 15,25%. Әзірге сарапшылар арасында төмендейді деген болжамға басымдық берген пікірлер көбіректеу.

Базалық мөлшерлеме деңгейі

Коллаждарды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

Бұған дейін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қолайлы мөлшерлеме елдегі экономикалық жағдайға байланысты деп түсіндірген болатын. Ал негізгісі – инфляциямен күресу жолы. Ол бәсеңдеген сайын монетарлық реттеуші мөлшерлемені біртіндеп төмендетеді. Ұлттық банктің мәліметінше, базалық мөлшерлеменің өзгеруі инфляция деңгейіне ақша нарығының пайыздық мөлшерлемесі мен валюта бағамы арқылы әсер етеді. Басқаша айтқанда, базалық мөлшерлеме неғұрлым төмен болса, тұтынушылық және ипотекалық несиелер соғұрлым арзан болады.

Бұл ретте «Halyk Finance» сарапшылары базалық мөлшерлеме 50-100 тармаққа, 14,25-14,75%-ға дейін төмендеуі мүмкін деп есептейді. Олардың пікірінше, инфляцияны қолдайтын факторлар – коммуналдық қызметтер бағасының өсуі, ең төменгі жалақының өсуі, теңгенің әлсіреуіне қатысты көрсеткіштер базалық мөлшерлеме төмендейді деген болжамға дем беріп тұр.

Осы факторларға қарамастан, сарапшылар инфляция былтырғыдай күрт болмаса да, бәсеңдей береді деп есептейді. Қаңтар айының соңында баға өсімі 9,5%-ды құрады. Ұлттық банк оның мәнін 2025 жылға қарай 7,5%-дан 9,5%-ға дейінгі аралықта болжайды. «Halyk Finance» сарапшылары 8,5%-ға дейін төмендейді деп отыр.

«Басқа факторлар да ақша-несие саясатын одан әрі жеңілдетуге ықпал етеді. Бұған орталық банктердің көпшілігінің қатаң ақша-несие саясаты аясында ағымдағы және келесі жылдарда одан әрі қысқаруды күтумен жаһандық инфля­циялық қысымның баяулауы және инфляцияның күтілгеннен тезірек төмендеуі кіруі мүмкін», деді «Halyk Finance» сарапшылары.

Сарапшылар елімізде нақты пайыз­дық мөлшерлеменің (инфляцияны ескере отырып түзетілген нарықтық мөлшерлеме) салыстырмалы түрде жоғары екенін еске салып отыр. Бұл да базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуге толық негіз береді. Ұлттық банктің соңғы макроэкономикалық зерттеуінде базалық мөлшерлеме 2024 жылдың соңына қарай 13,8%-ға дейін төмендейтіні айтылған. 2025 және 2026 жылдарға арналған базалық мөлшерлеме болжамының медиандық мәні тиісінше 10,5% және 9% деңгейінде болды.

«Jusan Invest» басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Төлепов журна­лис­­термен кездескен кезде елдің бас банкі ақша-несие саясатын одан әрі жұмсартуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Ол мұны жоғары айлық инфляцияға қара­мас­тан, өткен жылғы көрсеткіштермен салыс­тырғанда төмендеп, Ұлттық банк болжамына жақындап қалғандығымен түсіндіреді.

Сарапшының баяндауынша, Ұлттық банкте мөлшерлемені 25-50 базаға төмендетуге мүмкіндік бар.

«Біз инфляцияның төмендеуін қа­лай­мыз, сондықтан базалық мөлшер­лемені шектеуші деңгейде ұстап тұруды қолдаймыз», дейді сарапшы.

Қаржы нарығының көптеген сарапшысы мөлшерлеменің төмендеуі банктердің депозиттеріне әсер етеді деп ойлайды. Өткен жылы банктердің депозиттік базасы айтарлықтай өсті. Ranking.kz талдауына сүйенсек, жеке тұлғалардың екінші деңгейлі банктердегі депозиті 2023 жылы 20,6%-ға өсіп, 20,4 трлн теңгеге жеткен. Салыстыру үшін айтар болсақ, 2022 жылдың соңына қарай Қазақстандағы екінші деңгейлі банктердегі депозиттер 16,9 трлн теңгені құраған болатын.

Жеке тұлғалардың депозиттері банк секторын қаржыландырудың негізгі көзі саналатынын айта кеткен жөн. Ұлттық банктің деректері бойынша, екінші деңгейлі банктердің қорландыру құрылымындағы клиенттердің депозиті 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бо­йынша 68,2%-ды құрады.

Қазақстан қаржыгерлер қауымдас­тығының (ҚҚҚ) мәліметінше, 2023 жылы жеке тұлғалардың депозиттерінің көлемі 15,6-дан 18,8 триллион теңгеге (+20,4%) өсті. Қауымдастық пен Ұлттық банктің ақпан айындағы сауалнамаларына сәйкес, 2024 жылы доллар мен теңге жұбының орташа айырбастау бағамы 478,3 (ағымдағы бағамға +7%) және 471,8 (ағымдағы бағамға +5%) теңгені құрауы мүмкін.

Экономист Мағбат Спанов теңге бағамы мен теңгедегі депозиттер арасында белгілі бір байланыс бар деп есептейді. ЕДБ қоржынындағы теңгемен салынған депозиттер кемі жарты пайызға арзандауы мүмкін. Тиісінше, бұл өзгеріс салымшыларға аса қатты сезіле қоймайды. Жалпы, сарапшы ставкалардың одан әрі төмендеуі қаржы институттарындағы депозитке тым қатты әсер етпейтінін айтады. Себебі біздің елде қолдағы қаржыны инвестициялауға мүмкіндік беретін қаржы құралдары аз.

 

АЛМАТЫ