Қазіргі таңда алаңдаушылық тудырып отырған үйлерді қатаң бақылауда ұстау Төтенше жағдайлар департаменті және аудан әкімдіктеріне тапсырылған. Лай көшкініне қарсы дайындық та бақылауға алынуға тиіс. Облысқа жұмыс сапарымен келген Төтенше жағдайлар министрі Чингис Аринов «Көксарай» су реттегішін қарап шықты. Тікұшақ арқылы әуеден бақылап, шолу жасады. Су тасқынының алдын алу мақсатында салынған «Көксарай» су реттегіші пайдалануға 2011 жылы берілген. Көлемі – 3 мың млн текше метр, су шығару қабілеті – 500 м3/сек. Алайда бүгінде су реттегіштің жағдайы қанағаттанарлықсыз, құлақтандыру қондырғысы орнатылмаған, жыл сайын ыза (фильтрация) сулардың шығуы артып жатыр. Бөгетке көпфакторлы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, қорытындысын алғанша көпкөлемді су жинау өте қауіпті. Қазіргі таңда республикалық бюджеттен жобалық-сметалық құжаты мен күрделі жөндеу жұмыстарына қаржы бөлінген. Осы орайда министр көпфакторлы зерттеу жұмыстарын жүргізу, дабыл қағу қондырғысын орнату, су қоймада қауіпсіздік шарасын сақтау, елді мекендерде арықтарды тазалау бойынша уақтылы шаралар қабылдау қажеттігін айтты.
Көктемгі су тасқынына дайындық жуырда әкімдіктің аппарат отырысында да талқыланған еді. Әсіресе су қоймаларының еріген суды қабылдай алуы аса маңызды. Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, полковник Асқар Төлешевтің айтуынша, су тасқынына қарсы әзірленген инженерлік жоспардағы 24 іс-шараның 15-і толығымен аяқталған, 2024-2025 жылдардағы су тасқынына қарсы инженерлік жоспар әзірленіп жатыр. Департамент мамандары өзендер мен су қоймаларға күнделікті мониторинг жүргізіп отырады. «Су тасқынына қарсы іс-шаралар айлығы» шеңберінде қала, аудан әкімдіктерімен бірлесе су тасқынының алдын алу шаралары жанданады.
Ал жұмылдыру даярлығы, аумақтық қорғаныс және азаматтық қорғау басқармасы басшысы Санжар Бүрлібаев тексерулер нәтижесінде кейбір аудандарда арық-атыздар мен каналдар тазартылмағанын айтып өтті. Төле би ауданында сел болу қаупі бар аймақтарда кэмпингтер мен тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ басқарма басшысы Қазығұрт пен Түлкібас аудандарында жол талғамайтын, сазда жүре алатын техниканың жетіспейтінін мәлім етті. Өңірде су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасады. Бұл орайда облыс әкімі Дархан Сатыбалды «Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» және «ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес облыста 8 ірі су нысанының құрылысын жүргізу қарастырылғанын айтты. Сыйымдылығы 18,5 млн текше метр болатын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, жылына 31,0 млн текше метр ағын су қосымша жеткізіліп жатыр. Ал «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды. Нәтижесінде, бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 млн текше метр ағын су үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылған. Қазіргі таңда өңірде 3 су нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.
Облыстық бюджет есебінен су нысандарын қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемі жылдан-жылға ұлғайып келеді. Былтыр 69 шақырым канал бетонмен қапталып, 11,5 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 каналды күрделі жөндеуге, сондай-ақ ұзындығы 488 шақырым қашыртқыларды механикалық тазалауға 8,7 млрд теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде, 7,8 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 19,4 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады.
Түркістан облысы