Бірінен кейін екіншісі басталған жобалар құрылысының аяқталатын сәті болады. Сондай жобаның қатарында «Теңіз» кен орнындағы «Келешек кеңею және ұңғы ернеуіндегі қысымды басқару» жобасы ойға оралады. Кейінгі екі жылдан бері аталған жобаға тартылған ел азаматтары жұмыстан лек-легімен босатылып жатыр. Осындай жоба жұмысынан босатылғандар не істейді? Олар қайда жұмысқа орналасады?
Осыған орай Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылы шілдеде «Теңіздегі» жобадан босайтындарды жұмысқа орналастыру жөнінде Жол картасын әзірледі. Жол картасына сол кездегі министр Тамара Дүйсенова, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов пен «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайон қол қойған еді. Жол картасында қызметкерлерді жұмысқа орналастырудың негізгі тәсілдері айқындалды. Онда министрліктің, өңірлер әкімдіктерінің ТШО-мен, қосалқы мердігер мекемелермен өзара іс-қимылының нақты алгоритмі көзделген.
Атырау облысының әкімі С.Шәпкеновтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Теңізшевройл» мен оның мердігер компанияларынан жоспарлы түрде босатылған қызметкерлерді жаңа жұмыспен қамту бағытында тиісті іс-шара жасақталған. Осыған орай өңірдің кешенді даму жоспары аясында нақты жобалар қолға алынып отыр.
«Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Кевин Лайонның пікірінше, компания жол картасы бойынша мемлекеттік органдармен бірлесіп жұмыс істеуге кіріскен. Қазақстан «Келешек кеңейту» жобасы мен «Ұңғы ернеуінің қысымын басқару» жобасын іске асыру кезеңінде мультипликативті әсер алған.
«Біздің компания Атырау облысының әкімдігімен, Энергетика, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлескен жұмысты оң бағалайды. Біз түрлі жұмыстардың аяқталуына орай «Келешек кеңейту» жобасы мен «Ұңғы ернеуінің қысымын басқару» жобасын жүзеге асыру барысына бірлесе мониторинг жүргіземіз. Қазір жоба аяқталуға жақындады. Жоба басталғалы бері компания жергілікті мамандарды оқытып, біліктілігін арттырды. Бұл – болашақта елдегі және шетелдегі өнеркәсіп жобаларында тәжірибесі мен білімін қолдана алатын отандық 25 мыңнан аса маман. Сондай-ақ жоба халықаралық компаниялармен серіктестік арқылы технологияларды таратуға және өңірдегі жаңғыртылған инфрақұрылым түрінде мұра қалыптастыруға ықпал етті», дейді Кевин Лайон.
Атырау облысының әкімдігі мен «Теңізшевройл» ЖШС арасында 2019 жылы жұмыссыздарды халықаралық стандарттарға сәйкес оқыту курсынан өткізу үшін арнайы келісім жасалған. Содан бері 2,5 мыңнан аса адам еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықты игерген. Атыраудағы APEC жоғары колледжінің оқу орталығында, Ақтау оқу орталығында, West Way Services-те және өндірістік-зертханалық-оқу орталығындағы оқыту курсынан өткен 1 973 адамның 80 пайызға жуығы тұрақты жұмысқа орналасыпты.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның айтуынша, арнайы құрылған мамандар тобы жұмыссыздарды оқыту курсына қабылдау үшін Атырау қаласында және аудандарда іріктеу жүргізеді. Тестілеуден өткен адамдар 3 және 4 айлық курста оқытылады.
Тәжірибелік сабақтар арнайы жабдықталған шеберханаларда өтеді. Оларға арнайы киім беріледі. «Теңіз» кен орнында мердігерлер мен қосалқы мердігерлер пайдаланатын техникамен танысады. «Теңізшевройл» компаниясы оқу мен жолақысын төлейді. Курсқа шақырылғандар жатақханада тұрады. Күніне үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етіледі.
«Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, облыс әкімдігі және ТШО арасында «Жол картасы» жасақталды. Соның аясында «Өндірістік қуаттарды болашақта кеңейту» жобасы бойынша босатылған кадрларды және мансап орталықтарында тіркелген жұмыссыздарды қайта даярлау жұмысы жалғасады. ТШО-ның оныншы траншында жұмыспен қамту бөлімі 191 адамды оқуға жіберді. Олардың кейбірі оқуын мерзімінен бұрын аяқтады. Ал 146 адам еңбек нарығында сұранысқа ие электрмонтер, құбыр жөндеуші, бақылау-өлшеу аспаптарын орнатушы, металл конструкцияларын дәнекерлеуші секілді мамандық бойынша біліктілік жетілдірді», дейді Г.Аманғалиева.
Оның дерегіне қарағанда, бастапқыда жұмыссыздарды оқыту 11 мамандық бойынша жүргізілген. Кейін еңбек нарығындағы сұранысқа ие бес мамандық таңдалыпты. Бұл – құбыр жөндеуші, электрик, құбыр дәнекерлеушісі, аспап жасау маманы және металл конструкцияларын дәнекерлеуші. Соңғы екі мамандықты меңгеруге ниет еткендер төрт ай, ал өзгелері үш ай оқиды.
«Жұмыссыздарды оқытатын шеберлердің айтуынша, көп адамның таңдаған мамандығы туралы түсінігі болмағанымен, кейін тестілеу кезінде өте жақсы нәтиже көрсеткен. Оқыту аяқталғаннан кейін жұмыспен қамту бөлімі «Теңізшевройл» мен қосалқы мердігерлер бос жұмыс орындарының жәрмеңкесін өткізеді. Жәрмеңкеде жұмысқа қабылдау үдерісі жүреді. Арнайы курсты аяқтаған 21-35 жас аралығындағы жастардың жеке кәсіпкер ретінде 2,5 пайыздық жеңілдікпен несие алуға мүмкіндігі бар. Бұл несие дәнекерлеу, құбыр монтаждау цехы секілді өз кәсібін ашу үшін беріледі», дейді Г.Аманғалиева.
Арнайы курсқа келгендердің арасында арнайы біліктілігі мен тәжірибесі барлары аз емес. Мәселен, Сағидолла Қайсағалиев – бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика маманы.
«Менің жоғары техникалық білімім, бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика бойынша сертификатым, металл құрылымдары, дәнекерлеуші және монтаждау саласында дағдым бар. Жақында жұмыстан қысқардым. Жұмыссыздарды оқыту курсы барын естіп, бұл мүмкіндікті жібергім келмеді. APEC жоғары колледжінде теориялық сынақтан өттім. Өзіме ұнайтын аспап жасау және автоматика мамандығы бойынша көп нәрсені үйрендім. Әдетте, адамдар кез келген жұмысшы мамандығын колледжде немесе университетте бірнеше жыл оқиды ғой. Ал біз үш айда курсты ойдағыдай бітіріп, мамандықтың қыр-сырын меңгердік. Біздің жұмысымыз үлкен жауапкершілік пен ұқыптылықты талап етеді. Енді жұмыс іздеймін», дейді С.Қайсағалиев.
Ал Жәнібек Бердібаев 2023 жылдың мамыр айында оқуын бітірген. Жасы – 52-де. Бес күннен кейін «Нефтестройсервис» ЖШС құбыр жөндеуші болып тұрақты жұмысқа орналасқан.
«Бұрынғы мамандығым – құрылыс инженері. «Теңіз» кен орнында, Атырау мұнай өңдеу зауытында металл құрылымдарының құбырын жөндеуші, ағаш ұстасы, күзетші, бетоншы, учаске бригадирі болып жұмыс істедім. Ал құбыр жөндеуші мамандығына жұмыссыз ретінде құжат тапсырған едім. Сынақтан сүрінбей өтіп, біліктілік жетілдірдім. Енді алаңсыз жұмыс істеп жүрмін», дейді ол.
Атырау облысы