Қоғам • 21 Ақпан, 2024

Қайырымдылық аукционы

103 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен аптада Астанада халықаралық мейірім күні аталып өтті. Мерекенің мақсаты – адамдар арасында ізгілік, мейірім-махаббатты насихаттау және қайырымдылыққа тарту. Бұл күні түрлі игілікті шаралар ұйымдастырылып, адамдар бір-біріне сыйлық тарту етеді. Осы күнге орай елордада «Asyl niet» қоғамдық бірлестігі қайырымдылық аукционын өткізді.

Қайырымдылық аукционы

Ауқымды аукционға қазақ сурет­шілерінің картиналары мен кәсіп­кер­лердің құнды сый-сияпаттары ұсынылды. Осындай ерекше форматта қайырымдылық жасау үрдісі бірлестіктің дәстүрлі іс-шарасына айналған. Былтыр өткізілген аукцион­ның нәтижесінде тұрмысы төмен, обыр ауруына шалдыққан, бес баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анаға жатақханадан бір бөлме сыйға тартылған еді. Ал бүгінгі іс-шарадан түскен қаражат үшінші топ мүгедегі, обыр ауруымен күресіп отырған, сонымен қатар үш баласымен уақытша жертөлені жалдап тұрып жатқан Самал Кәрімоваға қолдау көрсетуге жұмсалды. Ұйымдастырушылардың мақсаты – Самалға жекеменшік бас­пана сыйлап, ем-домына қажет дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету. Бірлестік төрағасы Айжан Мұқатаеваның айтуынша, әр түскен қаражаттың есебі әлеуметтік желіде ашық жарияланады.

– Қайырымдылық жасау – жүрек­тің ісі. Осынау игілікті іс – қазақ хал­қы­ның да бойына сіңген қасиет. Жылу жинау, асар ұйымдастыру – ұжым­дық көмек көрсетудің айқын үлгісі. Осы дәстүрден жаңылмай біз де қайырымдылық іс-шарасын за­ман­ға сай қалыптап, оны салтанатты жағдайда өткіздік, – дейді ол.

Айта кетейік, аукциондағы сый­лық­­­тардың ең арзаны – 200 мың, ал ең қымбаты 800 мың теңгеге сатып алынды.