Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыған дәрісінде ел Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстанды инновациялық индустрияландырудың басым бағыттарының бірі техникалық және кәсіби білім беру жүйесінің жетілдірілуі десе, биылғы халыққа Жолдауында техникалық білім беру кәсіби стандарттарға негізделіп, қатаң түрде экономиканың қажеттіліктерімен өзара байланыстырылуы керек екенін атап көрсетті.
Осыған орай, Жамбыл облысының индустриялық-инновациялық даму жоспары бойынша аймақта Мыңарал мен Хантау цемент зауыттары, Жаңатас құрылыс материалдары зауыты, “Альбасар” гранит өңдеу зауыты, тағы басқа толып жатқан зауыттар салынып жатыр, Тараз қаласының 12-ші, 13-ші шағын аудандарында азаматтық үй құрылыстары жүргізілуде. Сол құрылыстардың бәрінде жұмыс істеп жатқандар шет елдерден келген инвесторлар. Француздар, немістер, египеттіктер, қытайлар, өзбектер, қырғыздар, т. б. Ал зауыт, құрылыстарда инженер, прораб, механик, бригадир сияқты қызмет атқаратын қандастарымызды кездестіретін болсақ, олардың басым көпшілігінің жасы ұлғайған мамандар. Соларды сабақтастырып, жалғастыратын жас мамандардың саны жылдан жылға күрт азайып бара жатыр. Біздер шын мәнінде келешегімізге, сондай-ақ мемлекетіміздің келешегіне жанымыз ашитын болса, онда елімізде техникалық білім беретін оқу орындарын шет аймақтарда мүмкіндігінше көбейткеніміз жөн.
Халқымыздың, мемлекетіміздің келешегі еліміздегі өндірістерге, өндіріс күштеріне тәуелді. Өндіріс, яғни мемлекет инженерлердің арқасында өркендейді. Қазіргі таңда өңірлерде техникалық және кәсіптік білімді мамандар мен заман талаптарына жауап беретін жаңа мамандықтар бойынша кадрлар даярлау іс жүзінде нақты дамымай отырғандықтан, техникалық мамандар тапшылығын сезінудеміз.
Бүгінгі күні Тараз қаласында төрт университет бар. Олар негізінен гуманитарлық-педагогикалық, яғни мұғалім, заң қызметкері, экономист, бухгалтер, т.б. мамандар даярласа, техникалық мамандар даярлау атымен жоқ. Ал Тараз мемлекеттік университетінде бұл көрсеткіш тек 10 пайыз ғана.
Сондықтан, Жамбыл облысында техникалық мамандықтармен қамтамасыз ете алатын Тараз техникалық институты 2008 жылдың 1 шілдесінде білім және ғылым саласының бақылау комитетінің №804 бұйрығымен ашылған. Материалдық-техникалық базалары, оқу-өндірістік зертханалары басқа да кешендері анық бүгінгі күннің талабына сай. Яғни, институтты ашқан кезде осылардың бәрі ескерілген деген сөз. Тараз техникалық институты мемлекеттен бір тиын қаражат сұрап отырған жоқ. Меніңше, бұл оқу орнының келешегі бар, биыл болмаса келесі үш-төрт жылда мемлекетімізге өте қажет техникалық мамандар, инженерлер даярлап шығара алады.
Алайда, небәрі 1 жылдан аса уақытта аталған оқу орнына министрлік тарапынан 4 рет тексерілу жүргізілген. Екі сот отырысы, прокурорлық тексеру, тағы министрліктің білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті үстіміздегі жылдың қыркүйегіне 5-ші тексеруін жоспарлап қойыпты.
Елдің түсінбегені, бұл неғылған тексеріс? Ашылмай жатып не бүлдірді? Қайта-қайта тексеру арқылы министрлік нені көздеп отыр? Министрлік айлап тексеру жүргізгенде, олар қай уақытта жұмыс істейді? Осындай сауалдар еріксіз туындайды. Мұндай мәні жоқ тексерістермен біз болашақ мамандарды қашан дайындап үлгереміз? Меніңше, министрлік осындай тексерістерімен басқаларға да жұмыс істетпейтін сияқты.
Мамандарды кәсіби даярлауда әлемдік тәжірибені зерделеуді ілгерілету мен практикалық шаралар мен жобаларды іске асырудың орнына оңды-солды тексерістерге жол болсын. Бұл жерде біздің айтпағымыз, біріншіден, техникалық институт инженерлер мен техникалық мамандарды дайындау үшін ашылғаннан кейін оның жағдайын жасап, жұмыс істету керек. Бір жылдың ішінде айлап соттасып, бас көтертпей тексеруден-тексеруді ұйымдастыруды тоқтату керек. Әйтпесе техникалық мамандар елімізге қажет болмаса, оны жабу мақсат болса, жауып тастау қажет. Сонда “құда да тыныш, құдағи да тыныш” болады.
Екіншіден, келешек ұрпақтың парасатты да мәдениетті болып, білімді, озық технологияларды, ғылымды жете меңгеріп, әсіресе, елжанды азамат, білікті басқарушы болып қалыптасуына үлес қосу – аға ұрпақтың абыройлы парызы. Қазіргі таңда күш-жігерімізді білім ордаларын тексеруден гөрі, барлық деңгейдегі білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етіп, оқыту сапасын арттыруға жұмсауымыз қажет деп санаймын.
Үшіншіден, аталған мәселелердің маңызын ескере отырып, салалық министрлік тиісті қорытынды жасайды ғой деп сенеміз.
Амангелді МОМЫШЕВ, Мәжіліс депутаты.