Шаруашылық • 22 Ақпан, 2024

Асыл тұқымды мал саны көбейді

117 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Талғар ауданы Кеңдала ауылдық округінде орналасқан «Алматы» асыл тұқымды ауылшаруашылық кооперативі 2016 жылдан бері сүт өндіру бағытында жұмыс істеп келеді.

Асыл тұқымды мал саны көбейді

Бұған дейін 1 500 бас сиыры бар шаруашылыққа өткен жылдың қыркүйек айында Эс­то­ния мен Нидерландтан асыл тұқымды 1 300 бас голштейн құ­на­­жыны жеткізілген. Жауап­ты­­лардың айтуынша, әрбі­рі­нің құны 1 миллион 358 мың теңге. Ал мұндай қомақты қаржы­ны шаруашылық «Қонаев» әлеу­мет­тік кәсіпкерлік корпорация­сы (ӘКК) арқылы төмен па­йыз­бен алып, игілігін көріп отыр. Аталған шаруашылықта 210 адам тұрақты еңбек етеді.

Мемлекеттік қолдауға ие бол­ған шар­уа­шылық асыл тұқымды ірі қара санын көбейту арқылы өңір­дің сүт өндіру әлеуетін арттыра түспек. Мұнда шаруалар пайызы төмен несие алумен қатар 40 пайыздық субсидияға қол жеткізеді.

«Асыл тұқымды мал басын көбейтіп, кәсіпкерлікті кеңейту мақ­сатында 1,8 млрд теңгеге ин­вес­­­тиция тартып, 3,5 пайызбен «Қонаев» ӘКК арқылы лизингке осы 1 300 басты алдық. Ұрықтанып кел­ген құнажындардың жар­тысына жуығы бұзаулады. Сүтті сиырлардан күніне орташа есеппен 24-25 литр шамасында сүт сауылады. Осы уақытта сүт өң­дей­­тін «Фуд-Мастер» кәсіпор­ны­­на тәулігіне 18-20 тонна сүт жөнелтіп отырмыз. Болашақта бұл көрсеткішті тәулігіне 100 тон­­наға дейін жеткізсек деген ойымыз бар. Шаруашылық қарамағында Талғар ауданында 800 гектар суармалы, сондай-ақ Шеңгелді массивінде мың гектарға жуық жеріміз бар. Осы жер­лерді игеру арқылы мал азы­ғы­ның берік қорын жасап, жемшөппен жеткілікті мөлшерде қамтамасыз етіп келеміз», дейді «Алматы» асыл тұқым­ды ауыл шар­уа­шылығы коопера­ти­ві­нің атқарушы директоры Рүстем Ахметжанов.

Талапқа сай жабдықталған қора­жайда құнарлы азықпен қам­тыл­ған сауын сиырлардың жас төлдеріне де айрықша күтім жасалып жатыр.

Уызға жарыған малдың күйі жақсы болары бесенеден бел­гілі. Сол себепті жаңа туған бұ­зау­­­­­­ларға алғашқы онкүндікте сиыр­­­­­дың өз уызы беріледі екен. Одан кейін үш уақыт 2 литрден жылы­­тылған сүт беріп, ерекше күтім жасалатынын аталған шаруа­шылықтың маманы Дидар Байсуанов тілге тиек етті.

Бүгінде Талғар ауданы бо­­йынша «Амиран», «Байсерке Агро», «Алматы» асыл тұқымды ауыл­­шаруашылық кооперативі сынды үш ірі шаруашылықта 7 мың бас асыл тұқымды сауын сиыр бар.

«Аталған шаруашылыққа ал­дағы уақытта жарты млрд тең­ге­ге дейін субсидия беру көз­де­ліп отыр. Қазір құжаттары әзір­леніп жатыр. Мемлекеттік қол­даудың нәтижесінде шаруа­шы­­лықтардың өнім көлемі артып, іргесі кеңейіп келеді. Бұл өз кезегінде табиғи сүт өнімдерін өңдеу кәсіп­орын­да­рының қуаттылығын арт­тыруға сеп­тігін тигізері сөзсіз», дейді Талғар ауданының әкімі Танат Айдарбеков.

Аудан әкімінің сөзінше, Талғар ауданы Нұра ауылында мың басқа арналған тағы бір тауар­лы-сүт фермасын ашу жос­пар­­ланып, құрылыс жұмыстары бас­­талған.

Бұған қоса «Алел-Агро» құс фермасына 285 мың балапан әкелінген. Сонымен қатар су үнем­деу мақсатында 3 500 гектар жер­ді тамшылатып суару әдісіне көшіру көзделген. Бұған дейін оның көлемі мың гектар шамасында ғана екендігін айтқан аудан әкімі ауыл шаруашылығы саласын жан­дандыру жұмыстары жалғаса бере­тін­дігін жеткізді.

 

Алматы облысы