Тағзым • 22 Ақпан, 2024

Жазушы туралы фильм

194 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тәңіртаудан түлеп ұшқан ірі тұлға, балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың туғанына биыл 100 жыл толуына орай туған жерінің төсінде игі шара бастау алды. Аудан орталығы Нарынқол ауылындағы Баққожа Мұқай атындағы Мәдениет үйінде жазушының мерейтойына арналған салтанатты шараға жиылған қауымның қарасы қалың болды. Бұл – бала Қожаның боямасыз бейнесін қалдырған қабырғалы қаламгерге деген құрметтің көрінісі болса керек.

Жазушы туралы фильм

Суретті түсірген – Дастан Жанасыл

Салтанатты шараның шы­мыл­­ды­ғы­ ұлы тұлғаның өмір жолынан сыр шер­те­тін «Бердібек әлеміне саяхат» атты дерек­ті фильм­­нің көрсетілуімен ашылды. Аудан басшылығының ша­қыруымен алғаш рет Бердібектің туған ауылында тұсауы кесіліп, көрер­менге жол тартқан фильм­ді халық ыстық ықыласпен қабыл­да­ды.

«Бердібек ауылына саяхат» деректі фильмі – «Қоңыр Media Group» компа­ния­сының төл туындысы. Идея авторы әрі режиссері – аталған ұжымның жетекшісі, белгілі продюсер Сержан Молдасанұлы. Бұған дейін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арнап «Қарасаз көшелері» атты әдеби деректі фильм түсіріп, көрерменнің алғысын алған шығармашылық топ биыл Бердібектің рухына осылайша ескерт­кіш қойды. Шығар­машылық ұжым­ның демеушісі – Тоқтар Мұхамеди есімді азамат басқаратын «Ынтымақ Corporation» компаниясы.

«Ауданымыздағы аядай ғана Қостөбе ауылында дүние­ге келіп, еңбек жолын туған өлкесі Нарынқолда бастаған жерлесіміздің халықаралық жүлде иеленген «Менің атым – Қожа» фильмі арқылы туған еліміздің көркем таби­ғатын, халқының боямасыз болмысын дүние жүзіне танытты. Фильмнің шыққанына жарты ғасырдан асса да, көрерменін әлі жалықтырған жоқ. Мұ­ның өзі Бердібек Соқпақбаевтың дара талант иесі екенінің анық дәлелі», – деді Райымбек ауданының әкімі Берік Дүйсенбаев.

Іс-шара барысында облыс­тық мәде­ниет, архивтер және құжат­тама бас­қар­масының бө­­лім басшысы, ақын Төлеу­­жан Нүсіпжанұлы, Қожа­ның­ рөлін сом­да­ған актер Нұр­­лан Санжарұлы, Қазақ­­стан Жазушылар одағының Алма­ты облыстық филиалының төр­аға­­сы, жазушы Қанат Әбіл­қа­йырлар саналы ғұмырын әділ­­дік пен әдебиетке арна­ған кө­рнекті қаламгердің шығар­м­а­шы­лығынан сыр шертті. Сондай-ақ мерейтойы ЮНЕСКО көле­мінде тойланатын жазушы­ның жерлестерін ғасыр тойымен құттықтады.

«Оралхан Бөкей десе, есімізге бірден қасиетті Алтай түседі. Оралханды жанына жақын тұтқан әр адам Алтайдың топырағын басып, тауына шыққысы келеді. Ал Мұқағали мен Қарасаз егіз. Ақиық ақынның өлеңдерін жатқа білетін ауылға өлеңсүйер қауымның атбасын бұрмағаны кемде-кем шығар. Сол сияқты қазақ әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаевтың Қостө­бесі қандай? Орнында тұр ма екен? Бердібекті сүйіп оқыған әр адамның көкейіне осы сұрақ келері анық. «Бердібек ауылына сая­хат» – ең алдымен, Бердібегін сағы­н­ған, оның ауы­лын көргісі келіп аңсайтын жырақтағы оқырманға жа­уап. Жарты әлем сүйіп көрген «Менің атым – Қожаны» дүниеге әкелген сүйікті қаламгердің рухына тағзым. «Бердібек ауылы­на саяхат» алдағы уақытта рес­­публика деңгейінде қалың көрер­менге жол тартатын болады», – дейді фильм авторы Сержан Молдасанұлы.

Айта кету керек, «Қоңыр Media Group» шығармашылық ұжымы руха­ния­тымызға тірек болған тұлғаларымыз туралы тың дүниелер жасауды дәстүрге айналдырып келеді. Мемлекеттік емес, жеке демеушілердің қол­дауымен жүзеге асырылатын мұндай жобалар алда да жал­ғасын таба бермек.

 

Алматы облысы