Волонтер • 22 Ақпан, 2024

Еріктілер сақадай сай

56 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыстық жастар ресурс­тық орталығы жыл сайын дәстүрлі түрде ұйым­дас­тырып отыратын «Қар десанты» акциясының жал­ғызілікті қарттар мен мүм­кіндігі шектеулі жандарға көмегі мол. Қайырымдылық акциясы аясында ерікті жастар кейінгі бір жарым айдың ішінде 500-ге тарта ауланың қарын тазартып шыққан.

Еріктілер сақадай сай

Бұл жолы қала тұрғыны Ай­жан Қаскенованың үйіне барған ерікті жастар жалғызбасты жан­ның ауласын басып қалған күр­тік қарды бір демде-ақ күреп, есігінің алдын айнадай ғып жалтыратып берді. Айжан Қаскенова жер үйде тұрады. Осыдан он жыл бұрын инсульт алып, арбаға таңы­лып отыр. «Бұрын туған бауы­рым көмектесетін. Қазір ол да науқастанып қалды. Өзімнің қар аршымақ түгілі, есік алдына шығуым мұң. Во­лонтерлер үйге бірінші рет келіп отыр. Телефон соғып, өздері хабарласқан соң, қарсылық танытпадым. Кілең жанып тұрған жас балалар. Бәрі ғұмырлы, ба­қыт­ты болсын. Алғыстан басқа ай­тарым жоқ», дейді мүмкіндігі шектеулі жан.

Жастар ресурстық орталығы­ның жетекшісі Абай Дүйсековтің айтуынша, волонтерлер бір күн­нің ішінде он шақты үйдің ауласын тазартып шыққан.

«Бұл игі істі жыл сайын өт­кізіп тұрамыз. Акция қаңтар айында басталып, кей жылдары наурыздың аяғына дейін созы­лып кетеді. Қалада тұратын зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мекенжайына хабарласып, хал-жағдайларын сұрап, қандай қол көмек керек екенін сұрап отырамыз. Ол кісілер де бізді біліп алған. Кей­де өздері хабарласып жатады. Өйткені өз күштерімен қар арши алмайды. Ал жап-жас жігіттерге ол қиын жұмыс емес, жабылып жүріп әп-сәтте-ақ күреп тастай­мыз. Өзіміздің күрек-сүймен, сы­пыр­ғы, шаналарымыз бар», дейді орталық жетекшісі.

Қостанайдың сақылдаған сары аязына қарамастан күрек ұстап, қар күреп, қарттарға көмек көрсетіп жүрген жігіттердің ішін­де қаракөз қыздарымыз да бар. Солардың бірі – жоғары оқу орнының студенті Гүлайым Нәби. Кеше ғана ауылдан келген бойжеткен қасындағы бозбалалардан қалыспайды. Өзінен үлкен күрекке жармасып алып жағаласып қар күреп жүр. Ай­туын­ша, волонтер жастардың қа­та­рына қосылғанына бір жыл­дай болған.

«Өзім ауылда қар аршып жү­ріп өстім. Бір жылдан бері орта­лық ұйымдастырған іс-шара­ларға қалмай қатысып жүр­мін. Осы жо­лы қарт кісілерге жәрдем­де­суге келдік. Ерікті болған өзіме ұнайды. Елдің батасын алып, ықы­ласына бөленген адам жаман болмайды. Ата-анам қолыңнан келіп жатса, адамға жәрдемдес, қайырымды, сауапты істен қашпа дегенді жадымызға құйып отыратын», дейді Гүлайым.

 

Қостанай облысы