Пікір • 22 Ақпан, 2024

Экономикадағы жаңа мүмкіндік

210 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жаһандану үдерісінің халықара­лық қаржы айналымы жүйесіне бірден-бір ықпалы өзара байланысқан өндіріс жүйесінің негізіне қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның эко­номикалық бағдары» атты Жол­дауында және Үкіметтің кеңейтілген отырысында шетелдік инвесторларды белсенді тарту, ұлттық экономика үшін халықаралық инвестицияны арттыру туралы айтты.

Экономикадағы жаңа мүмкіндік

Халықаралық тәжірибеде шетелдік инвестиция көлемінің ұлттық экономи­каға ықпалы орасан зор. Бүгінде еліміз­дің экономикалық саясатының басты бағыт­тарының бірі – шетелдік инвесторларға лайықты экожүйе қалыптастыру. 2020 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасының 2020–2030 жылдарға арналған сыртқы саясат доктринасында» тәуелсіздік жылдарында алғаш экономикалық дипломатия ұғымы қол­данылды. Мәні – Қазақстан алып державалар секілді әлемнің жекелеген аймақ­тарында жаһандық тәртіп орнатуды көздемегендіктен, дипломатиясының негізін экономикалық бағытқа ойыстыру.

Былтыр елімізде инвестициялық белсенділіктің оң динамикасы сақ­талды. Мысалы, 2023 жылы қаңтар – қарашада негізгі капиталға салынған инвестицияның жалпы көлемі 15 292,5 млрд теңгені құрады. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 14,6%-ға жоғары. Сонымен қатар бұл көрсеткіш – шетел­дік инвесторлар тарапынан ұлттық эко­номикамыздың тұрақтылығы мен болашағына деген сенімінің көрінісі. Үкімет тарапынан отандық және шетел­дік инвестицияларды тартуға, инвес­тициялық ахуалды жақсартуға, инфрақұрылымды дамытуға бағытталған іс-шаралардың жүйелі іске асқандығы­ның белгісі. Былтыр шетелдік инвестиция негізінен өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және құрылыс секторы салаларына құйылды. Бұл көрсеткіш экономикамыздың әртараптанғандығын және шикізат секторына тәуелділіктің азайғанын көрсетеді.

Алайда, әлемдік тәжірибе көрсет­кендей, әрбір елімізге келген инвесторға мемлекет тарапынан қажетті жағдай жасалып қана қоймай, жергілікті заң­намаларға қатаң бағынуын, өнді­рістің техникалық жағдайына жауап­кершілікпен қарауын, еңбек қауіп­сіздігін, экологиялық ұстанымдарға берік болуын тиісті заң аясында реттеу қажет. Костенко атындағы шахтада болған жарылыс және Үкімет пен «АрселорМиттал Теміртау» арасындағы жағдай сабақ алар оқиға болады деп сенеміз. Президент кеңейтілген отырыста жаңадан жасақталған Үкіметтің қаржы институттарымен, трансұлттық корпорациялармен, отандық бизнес өкілдерімен диалогті негізде жұмыс атқаруына қатысты нақты тапсырмалар беріп, елімізде жағымды инвестициялық климат қалыптастыру қажеттігін меңзеді. Сонымен қатар 50 миллион доллардан астам қаржы салған ірі компанияларға «бір терезе» қағидатымен қызмет көрсетілмек.

Мемлекет басшысы биыл алғаш екі шетелге – Италия, Ватикан, Қатар мемлекеттеріне жаса­ған мемлекеттік сапары аясында ұлт­тық экономикалық әлеуетті насихаттап, жергілікті ірі бизнес өкілдерімен кеңейтілген отырыстарға қатысып, нақты келісімдерге қол жеткізді. Президенттің Италияға мемлекеттік сапары аясында дәстүрлі және баламалы энергия көздері, қаржылық ынтымақтастықтан агроөнеркәсіп саласына дейінгі түрлі салада өзара түсіністік туралы 16 меморандумға қол қойылды. Ал Қатарға мемлекеттік сапары аясында Қазақстан жалпы сомасы 250 миллион доллар болатын 60-қа жуық өнім түрін экспорттауға мүмкіндік алып,  бірнеше бағыт бойынша өзара түсіністік туралы мемлекетаралық меморандумдарға қол қойылды.

Кейінгі жылдары Еуразия аймағын­дағы геосаяси текетірестің күшеюі, Батыс елдерінің Ресейге қарсы жарияла­ған экономикалық санкциялары аймақ­тағы қалыптасқан қаржы-экономикалық жүйені өзгеріске ұшыратып жатыр. Бұл – Қазақстан үшін Еуразиядағы эконо­микалық бірегей хаб ретінде қалыптас­тыратын тамаша мүмкіндік.

 

Нұрболат НЫШАНБАЙ,

сарапшы