Ауыл • 23 Ақпан, 2024

Ақжайықтағы «Ауыл аманаты»

207 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Былтырдан бастап еліміздің барлық өңірінде қолға алынған «Ауыл аманаты» бағдарламасы Батыс Қазақстан облысында да жүйелі жүзеге асып келеді. Бағ­дар­лама аясында 2023 жылы облыс­қа республика бюджетінен 6,4 млрд теңге несие қаражаты бөлінді.

Ақжайықтағы «Ауыл аманаты»

«Ауыл аманаты» бағдарламасын тиісті деңгейде ұйымдастыру мақса­тын­да облыстық, 12 аудандық және 147 ауылдық округте жобалық кеңсе және жұмыс тобы құрылған еді. 2024 жылы бағдарламаны нәтижелі іске асыру мақсатында өңірдің барлық 147 ауылдық округінің 413 ауылдық елді мекеніне скрининг жүргізілген. Несие алуға ниет білдірген өтініш өңірдің барлық елді мекенін қамтып отыр. Бұл аталған бағдарлама Батыс Қазақстан облысын толық қамтығанын көрсетеді.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қар­масының басшысы Аян Халауе­дин­нің айтуына қарағанда, 2023 жылы об­лыста сүтті бағыттағы сиыр өсіруге, өсім­дік шаруашылығын, құс шаруашылығын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және қайта өңдеуге, шағын кәсіпкерлікті дамытуға, ірі қара мен ұсақ малды бор­дақылауға түскен өтініштерге басым­дық берілген екен.

– Қазірге дейін 6,4 млрд теңге несие­ қаражатына 1 065 өтінім мақұл­данып, 6,3 млрд теңгеге 966 шағын несие берілді. Соның ішінде 49 ауыл шаруа­шылығы өндірістік кооперативі қаржы­ландырылды. Оларға берілген несие көлемі – 987,6 млн теңге. Ал кооператив мүшелерінің саны – 469 адам, – дейді Аян Халауединұлы.

2023 жылы облыста сүтті бағыттағы ірі қара малдың саны 2 мың басқа өседі деп жоспарланған болатын. Ал бүгінде тұрғындардың 6 592 бас сүтті сиыр сатып алуға өтініші мақұлданған. Қазірдің өзінде 5 618 бас сиыр сатып алынып, аудандардағы иелерінің қолына тиген.

Сонымен қатар мал шаруашы­лы­ғында мал азығы қорын дайындауды ұйымдастыру, шағын кәсіпкерлік нысандарын ашу бағытында да жұмыс атқарылып жатыр.

2024 жылы «Ауыл аманаты» бағ­дар­­ламасы аясында республикалық бюджеттен Батыс Қазақстан облысына 7,919 млн теңгеге бюджеттік несие қаражаты келмек.

Өңірге бөлінетін 7,9 млрд теңге қара­жатқа 922 микронесие беріп, 2 244 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

2024 жылы микронесиелер коопера­тивтерді, шағын бизнесті дамыту, өсім­дік, құс және сүтті бағыттағы мал шаруа­шылығын өркендетуге беріл­мек. Сондай-ақ ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіру, өңдеу және қайта өңдеу, халыққа қызмет көрсеті­летін ауыл шаруашылығына жатпайтын бизнес түрлерін дамыту, балық және бал-ара шаруашылығын дамыту, етті бағыт­тағы ірі қара мен ұсақ малды бордақылау жұмыстарына көңіл бөлінетін болады.

– Мемлекет басшысы жеке қосалқы шаруашылықты кооперативтерге бірік­тіру арқылы ауыл тұрғындарының табысын арттыру қажет» деп тапсырған бола­тын. Бұл – «Ауыл аманаты» бағдар­ламасының бірден-бір мақсаты,  – дейді Аян Халауедин.

Бүгінде облыс аумағында 394 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі тіркеліп, соның 270-і нақты жұмыс істеп тұр.

Биыл дәл осы 270 кооперативті «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында микронесиелеу арқылы қажетті техника, құрылғымен қамту көзделіпті. Шағын шаруа құрылымдары мен жеке үй шаруашылығымен айналысатын тұлғаларды бір кооперативке біріктіріп, ірі шаруа кооперативтеріне айналдыру, мал азығын дайындау, сервистік, қайта өңдеу кәсіпорындары, өнімді өткізу қызметтерін өзара байланыстыру жұмысы қолға алынған.

Осы 270 кооперативтің негізін мал шаруашылығы бағыты құрайды. Мы­салы, 204 кооператив етті мал шаруа­шы­лығын қолға алса, 43-і сүтті бағыт­қа бейімделген. 11-і өсімдік шаруа­шылығын, 5-і сервистік қызмет көрсету бағытын ұстанған. Тағы 3-і – бау-бақшаға, 3-і – бал ара шаруашылығына, және 1-і  су шаруашылығы саласына маманданған.

«Биыл ауылда шағын кәсіпкерлікпен айналысуға ниеттілер саны артты. Жаңа кәсіп ашамын деген ауыл тұрғындарынан 2,3 млрд теңге несие сұраған 187 өтініш түсті. Бұл өтініштердің басым бөлігі – техникалық қызмет көрсету, шаштараз, қоғамдық тамақтану орындары және құрылыс материалдарын өндіру секілді сервистік қызмет көрсету бағыты», дейді Аян Халауедин.

Әрине, ауыл тұрғындарын «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы микронесиелеу кезінде сол аудан немесе ауылдық округке әлеуметтік маңызды 19 азық-түлік тауарының тізбесі ескеріліп отыр. Өйткені әр ауыл өз-өзін әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларымен барынша қамтуға тиіс.

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев әлі күнге дейін облыс­тың 25 ауылдық округінде ауыл шаруа­шылық өндірістік кооперативі құрыл­мағанын айтады. Мұндай ауылдар саны Бөкейордасы ауданында – 3, Бөрліде – 3, Бәйтеректе – 9, Жаңақалада – 1, Жәні­бекте – 5, Қаратөбеде – 1, Сырымда – 2, Терек­ті ауданында 1. «Алдағы уақыт­та бар­­лық ауылдық округте кооператив ашу­ға ұмтыламыз», дейді Рүстем Мүлкәйұлы.

Жалпы, облыста 2023 жылы 49 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылған екен. Ақжайық өңірі негізінен етті мал шаруашылығы бағытына маманданған. Мал басы жылдан-жылға артып келеді. Облыстың ет өндіру көрсеткіші, ет және ет өнімдерімен қамтылу деңгейі жоғары. Алайда облыс тұрғындарының сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз етілу үлесі небәрі 22,3%-ды құрайды. Өңірде сүтті бағыттағы 7,5 мың бас сиырдан жылына 25,0 мың тонна сүт алынады. Қалған 77,6% сүт өнімі Ресей, Беларусь мемлекеттерінен және еліміздің басқа да өңірлерінен алып тұтынамыз.

– Сүт және сүт өнімдеріне деген импортқа тәуелділікті азайту мақсатында облыста 2022-2025 жылдарға арналған «Сүт белдеуі» тұжырымдамасы жүзеге асып жатыр. Осы бағыттағы жұмыстарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында да серпін беріп, жеке қосалқы шаруашылықтарға кәсіп ашу арқылы микронесие беріп, облысқа сүтті мал әкеліп жатырмыз, – дейді Рүстем Зұлқашев.

Бүгінде облыста жылына қуаттылығы 70,2 мың тоннаны құрайтын 7 сүт өңдеу кәсіпорны – «Орал сүт зауыты» ЖШС, «Береке» ЖШС, «Жастық» ЖШС, «Сары бел» ЖШС, «Каверин С» ЖК, «Таловое» ЖШС, «Агрофирма Ақас» ЖШС жұмыс істеп тұр. Сүт өндірісі көлемін арттыруға «Ауыл аманаты» бағдарламасы қомақты үлес қосар дейді мамандар.

Биыл «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ жанынан қажетті сала мамандарымен қам­тама­сыз етілген «Агротехникалық қыз­мет» бөлімі ашылған еді. Бұл бөлім­нің негізгі қызметі – ауыл шаруашы­лығы кооперативтері қызметін тегін сүйемел­деу. «Агротехникалық қызмет» бөлімі қажетті кеңестер берумен қатар, коопера­тив­тердің құжат айналымын рәсім­деуге көмек­теседі. Осының арқасында коо­перативтер мемлекеттік қолдау бағ­дарламаларына оңай қол жеткізеді. Мысалы, 2023 жылы кооперативтерге төмендетілген пайыздық несие берумен қатар, сатып алынған ауыл шаруашылығы техникалары құнын ішінара өтеуге 60,0 млн теңге (20 АШӨК) және мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға 470,5 млн теңге (104 АШӨК), барлығы 530,5 млн теңге субсидия төленді.

2023 жылы «Ауыл аманаты» бағдар­ламасы аясында облыстың 49 коопе­ратив мүшесі 2,5 пайыздық мөлшерлемемен 987,6 млн теңге несие алып, сүтті мал сатып алу шығынын ішінара өтеу аясында 111,4 млн теңге субсидия көлемінде мемлекет қолдауына ие болды.

«Ауыл аманаты» бағдарламасы – ауыл тұрғындары үшін шын мәнінде, ерекше қолдау болғанына сөз жоқ. Өңір экономикасының екінші тынысын ашып берген мемлекет қолдауына Ақжайық халқы алғыс айтып жатыр.

 

Батыс Қазақстан облысы