Қоғам • 23 Ақпан, 2024

Желідегі жарнаманы таңбалау міндеттемесі

160 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен жылы 10 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заңға қол қойғаны белгілі. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде жариялаған жазбасында аталған құжатта көрсетілген негізгі құқықтық тетіктердің бірі – желідегі жарнаманы таңбалау міндеттемесі жайында пікір білдірді.

Желідегі жарнаманы таңбалау міндеттемесі

Фото: gov.kz

Сала басшысының айтуынша, заң жобасы елімізде қауіпсіз онлайн орта құруға бағытталған. «Біз зерттеген халықаралық тәжірибе көрсеткендей, жетекші елдер онлайн-жарнаманың маңызды рөліне және оны онлайн-платформаларда көрсету тетіктеріне ерекше назар аударады. Сонымен қатар онлайн-жарнаманың ашықтығын арт­тыруға бағытталған талаптарды көздейді. «Әділет» порталында желідегі жарнаманы таңбалау ережелерін белгілейтін бұйрық жарияланды», деді Аида Балаева.

Министр бұл ережелер биз­нес­ке әсер ету үшін оң баға­лан­ғанын және толығымен еліміз­дің онлайн сегментінде кең тарал­ған қазіргі тәжірибеге негіз­дел­генін атап өткен. Осы ере­же­лерді қалыптастыру кезінде ком­мерциялық негізде орналас­тырылған контентті өз бетінше белгілейтін медиа-субъектілер тәжірибесіне сүйенгенін тілге тиек еткен ол өз кезегінде осы трендті елдің бүкіл интернет ке­ңіс­­ті­гіне тарату жөн деп есептейді.

Аида Балаева осы ережеге сәйкес инфлюенсерлер (блогерлер) коммерциялық немесе шарт­тық негізде орналастыратын онлайн-жарнаманы таңбалауға тиіс екенін айтады. Олар жария­ланымның басында немесе соңында онлайн ортада белсенді қолданылатын төмендегідей тұжырымдардың бірін көрсетуі керек. Министр бұдан әрі «жарнама»; «жарнамалық мате­риал»; «серіктестік материал»; «демеу­шілік материал»; «жарнама құқығында»; «демеушімен төлен­ген»; «PR құқығында» секіл­ді таңбалар тізбесін ұсынды.

«Әлеуметтік жарнаманы (қайырымдылық және ком­мер­циялық емес сипаттағы бас­қа да қоғамдық пайдалы мақ­­сат­тарға қол жеткізуге бағыт­талған) және жедел хабар алмасу қыз­меттерінде (мессенджерлер) орналастырылатын жарнаманы белгілеудің қажеті жоқ», деп атап өтті министр.

Айта кетсек, аталған ережелер осы жылдың 2 наурызынан бастап күшіне енбек.