Экономика • 25 Ақпан, 2024

Маңғыстау-Мазендеран: Байланысты нығайту мүмкіндігі

145 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жуырда маңғыстаулық делегация Иран Ислам Республикасына бір аптаға сапарға барды. Құрамында облыстық, қалалық, аудандық мәслихат төрағалары мен депутаттары, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкерлер бар қызметтік сапардың мақсаты – ынтымақтастықты арттыру, депутаттардың тәжірибе алмасуы, денсаулық, кәсіпкерлік, туризм салалары мен экономикалық, сауда және мәдени байланыстарды нығайту.

Маңғыстау-Мазендеран: Байланысты нығайту мүмкіндігі

Облыстық мәслихат төрағасы Ж.Матаев пен облыс әкімінің орынбасары Қ.Құлжанов бастаған делегация сауда-өнеркәсіп палатасы және экономикалық белсенділер, аймақ басшылығымен кездесулер өткізіп, «Ромак» компаниясы мен балық өнімдерін экспорттау орталығы, провинцияның бекіре тұқымдас балық өсіру орталығы, «Кале» сүт компаниясы, «Khazar Electric Industrial Company», «Амирабад» порты өнеркәсіп орталықтары, өнеркәсіп өнімдерінің көрмесін аралап, «Namak Abroud Chalus» туризм аймағына, провинцияның батысындағы туристік аймаққа және Аббас Абад Бехшахрдың тарихи-мәдени аймағы туристік орталықтарына барды.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасында Маңғыстау облысының делегациясы мен Мазендеран провин­циясының кәсіпкерлері қатысқан басқосуда екі ел арасындағы сауда-саттықты дамыту, бірлескен кәсіпорындар ашу шаралары талқыланды. Мазен­деран провинциясының сауда-өнеркәсіптік палатасының директоры Али Тагипур алдағы уақытта Мазендеран сауда-өнеркәсіп палатасының Ақтаудағы өкілдігін ашуды жоспарлап отыр.

«Қазақстан нарығы біз үшін өте маңызды, экономикасына біз де қаражат салғымыз келеді. Әрі әріптестік, сауда-саттық тауар айналымын арттыруға ниеттіміз», деген Али Тагипур өкілдіктің Маңғыстау облысына да тиімді, ел арасында жолға қойылған теңіз порттары мен теміржол, әуе қатынастары кәсіпкерлікті дамытуға негіз болатынын айтқан. Ал Қ.Құлжанов Мазендеран провинциясынан «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдігін ашуды палата басшылығына ұсынатынын, бұл екі ел арасындағы тауар айналымының артуына, сауда-саттықтың дамуына мүмкіндік беретінін алға тартты.

«Маңғыстау мен Иран арасындағы тауар айналымы шамамен 50 млн теңгені құрайды. Оның ішінде импорт (Ираннан) – 94, экспорт – 5 пайыз. Біз негізінен Иран елінен азық-түлік өнімдерін, сондай-ақ құрылыс материалдарын аламыз. Айта кету керек, Ираннан жеткізілетін көкөністер мен жемістер әзірге көп емес. Атап айтқанда, біз цитрус өнімдерін алдыруға қызығушылық танытып отырмыз. Егер баға тиімді болса, олар Маңғыстау мен Қазақстан нарығын жаулап алуы әбден мүмкін», деді Қ.Құлжанов.

Иран елі Маңғыстауға жеміс-жидек, киви, шай, дәрілік шөптер, құрылыс материалдары, балық өнімдерін тасымалдауға ниетті. Сондай-ақ ынтымақтастықты дамыту үшін бірлескен кәсіпорындар ашуға ықылас танытып отыр. Қазірдің өзінде Маңғыстауда Қазақстан мен Иранның бірлескен 58 компаниясы жұмыс істеп жатыр.

Мазендеран провинциясында жеңіл және ауыр машина жасау өнеркәсібі, жеңіл тоқыма өнеркәсібі, металлургия, ауыл шаруашылығы өнімдері, цемент өнеркәсібі қарқынды дамыған. Сол себепті кездесуге барған маңғыстаулық кәсіпкер Мұнайлы ауданынан балық шаруашылығын ашуды көздеп отыр. Қазірдің өзінде Иран кәсіпкерлерімен келіссөз жүргізуді бастап кеткен.

– Ираннан форель балығының уылдырығын сатып алып, балық өсірумен айналыссам деп отырмын. Қазір Мазендерандағы кәсіпкерлермен келісіп жатырмыз. Бұдан бөлек, жылыжай үшін тыңайтқыш сатып алғымыз келеді. Өйткені Ресейден алып отыр­ған тыңайтқыш қымбат. Ал Ираннан сапасы жақсы тыңайтқышты арзанға алуға болады. Бұл жақ­тағы кәсіпкерлер де бізбен жұмыс істеуге қызығу­шылық танытып отыр, – дейді Мұнайлы ауданының кәсіпкері Жеңіс Ниялұлы. Ал Иран кәсіпкерлері Маңғыстау облысынан ет өнімдері мен бидай тасымалдауды жөн көріп отыр. Жиын соңында екі тарап кедендік рәсімдерді жеңілдетуге, яғни тасымал кезіндегі кедергілерді жойып, ақша аударымдарын оңтайландыруға қадамдар жасауға уағдаласты.

Маңғыстаулық делегация Мазендеран провин­циясындағы ауыл шаруашылығы өнімдері мен балық өсіретін шаруашылықтардың жұмысымен танысты, алдағы уақытта балық шаруашылығы сала­сында тәжірибесі мол кәсіпкерлер мен маңғыс­таулық кәсіпкерлер арасында тәжірибе алмасу ұйым­дастырылмақ. Экспортталатын жеміс-жидекті сақтап, оны жөнелтумен айналысатын Ирандағы ең ірі «Ромак гостар» компаниясының құрамындағы терминал Амирабад портына жақын орналасқан. Компанияның негізін қалаушы әрі ірі директоры Халиль Гулизаде келешекте Қазақстанға ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізуді жоспарлап отырғанын айтады.

– Біз әртүрлі ауылшаруашылық өнімдерін ТМД, Араб елдері мен Индия, Қытайға экспорттаудамыз. Қазақ­станға азық-түлік өнімдерін, соның ішінде теңіз өнімдерін, көкөністерді жеткізгіміз келеді. Барлы­ғын қорапқа салып, реттеп, экспорттауға дайын­­даймыз. Оны тасымалдаудың бірнеше жолы да бар, Кас­пий теңізі арқылы немесе Түрікменстан арқылы жет­кізудің жолдарын қарастырып жатырмыз, – деді ол.

Ирандағы жұмыс сапары аясында Маңғыстау облысының мәслихаты мен Мазендеран провинция­сының орталығы Сари қаласының әкімшілігі денсаулық сақтау, мәдениет, кәсіпкерлік, туризм, экономика, сауда салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін азаматтық қоғам институттары арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту туралы екіжақты меморандумға қол қойылды.

Сари қаласының мэрі Мұхаммед Хосейн Кабади: «Тау, ормандар мен теңізге жақын орналасуына байланысты Мазендеран провинциясының орта­лығы Сари қаласының инвестициялық мүмкін­дігі жоғары. Сари мен Ақтау – даму жағынан өте ұқсас, екеуі де портты қала. Маңғыстау облысы делегациясының сапары мен екіжақты кездесулер екі өңір арасындағы қарым-қатынастың нығаюына серпін береді. Сіздердің сапарларыңыз Ирандағы Ислам революциясы жеңісінің мерейтойына сәйкес келді. Осының арқасында еліміздің аумағында шетелдік инвестициялау үшін мүмкіндіктер ашылды деген ойдамын. Сари қаласының көрікті жерлері мен тарихи орындары маңғыстаулықтарға ұмытылмас әсер қалдырады деп үміттенемін», деді.

Ж.Матаев Қазақстандағы жергілікті мемлекет­тік органдардың жұмысы жайында баяндаса, Қ.Құлжанов өңірдің мүмкіндіктері мен әлеуметтік-экономикалық әлеуетімен таныстырды. Ал Мазендеран провинциясының басшысы Хосейни Пур Каспий теңізі арқылы шектесіп жатқан қос өңір арасындағы әріптестік ынтымақтастықтың дами түсуіне мүдделі екенін жеткізді.

– Маңғыстау мен Мазендеранды көп нәрсе байланыстырады. Біздің провинцияның 480 шақырымы теңіз жағалауы бойында орналасқан. Үш ірі теңіз портымыз арқылы Маңғыстау порттары арасында жүк тасымалын жандандыруға мүмкінд­ік зор. Сонымен қатар Мазендеранның екі қаласы – Горган мен Сариден Ақтауға тікелей әуе ке­мелері ұшып жатыр. Бүгінгі сапар екі өңір арасын­дағы сауда-экономикалық, мәдени және туризм саласындағы байланысты арттыра түсуге мүмкіндік береді деген сенімдемін, – деді Хосейни Пур.

Ж.Матаев ирандықтарға облыс әкімі Н.Ноғаев­тың ыстық сәлемін жеткізіп, Маңғыстау­дың әлеуметтік-экономикалық мүмкіндігімен таныстырды.

– Екі ел Президенттерінің Қазақстан мен Иран ара­­сын­дағы тауар айналымын 3 млрд долларға жет­­кізу жайындағы келісімі бар. Сол межеге жету үшін бар мүмкіндікті жүзеге асыруға ынталымыз. Маңғыс­тау облысында бірлескен 52 кәсіпорын бар. Ал­дағы уақытта ауыл шаруашылығы, жеміс-жидек, көк­өніс өсіру мен туризм бағытында жаңа жобаларды іске асы­руға шақырамыз. Бүгінде Маңғыстау Қазақ­стан­ның үздік туристік аймақтары тізіміне енген. Был­тыр 1 320 ирандық Маңғыстау өңіріне саяхаттап келген. Екі аймақ арасындағы жаңа ашылған әуе қа­ты­настары биыл бұл санды бірнеше еселеуге жол ашады деп сенемін. Сіздерді Маңғыстау облысына арнайы сапармен келуге шақырамыз, – деді Ж.Матаев.

 

Маңғыстау облысы