Дін • 26 Ақпан, 2024

Ауыз бекіткенде қойылатын сұрақтар: Ораза қай жағдайда бұзылады?

615 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қасиетті Рамазан айының басталуына аз уақыт қалды. Он екі айдың сұлтаны саналатын бұл айда Алланың шексіз мейірімі төгіліп, сауаптар еселенетіні баршаға аян. Десе де қасиетті ай қарсаңында көпшіліктің көкейінде сұрақтар туындайды. Біреулер жыл сайын ораза ұстап, ережелерін нық білсе, басқалары алғаш рет ұстап көрмекші. Осы орайда маңызды сауалдарға жауап іздеп көрдік.

Ауыз бекіткенде қойылатын сұрақтар: Ораза қай жағдайда бұзылады?

Фото: Sputnik

Қай кезде ораза ұстауға болмайды? Оразаны қандай жағдайда қаза етуге болады?

Шариғат «сізге болады», «сізге болмайды» деп кесіп айта алмайды. Десе де, кейбір адамдарға жеңілдік жасайды. Мәселен, жүкті, емізулі аналарға, 7 жасқа толмаған балаларға, сондай-ақ үнемі дәрі ішіп жүретін науқастарға, ауыр дертке шалдыққандарға ораза парыз саналмайды. Етеккірі келген қыз-келіншектер мен енді босанған әйелдерге ораза ұстауға болмайды. Бірақ қарыз болған күндерді міндетті түрде өтеу шарт.

Ораза ұстаған адамға дәрі ішуге бола ма?

Ем қабылдап жүрген жандарға ораза ұстауды кейінге шегере тұрған дұрыс. Егер ораза ұстап жүрген кезде басыңыз немесе ішіңіз ауырып қалса, ауыз ашатын уақытқа дейін шыдауға болады. Дертіңіз асқынып, шыдатпай бара жатса, оразаңыз қаза болып, оны тәуір болғаннан кейін өтесеңіз де айып етпес.

Ораза қай жағдайда бұзылады?

  • Асты әдейі жеп-ішу;
  • Темекі шегу, насыбай ату, дәрі ішу, құрамында нәрлі заттары бар екпе (укол) қабылдау;
  • Әйелімен немесе күйеуімен жақындасу (яғни, таң намазынан ақшам намазына дейін жақындасу оразаны бұзады);
  • Cебепсіз қорек немесе қоректік қасиеті бар барлық заттарды біле тұра әдейілеп жеу.

Мұндай жағдайларда каффарат оразасын ұстау қажет. Каффарат – рамазан айының оразасын себепсіз әрі біле тұра бұзған жағдайда орнына екі ай ораза ұстау, оған шама келмесе алпыс кедейді тамақтандырып, тойғызу.

Оразаны не бұзбайды? 

  • Ұмытып ішіп-жеу оразаны бұзбайды. Бірақ ұмытқан адам есіне түскен кезде жеуді дереу тоқтатуы керек;
  • Әйелін немесе күйеуін сүю, денесіне қолын тигізу. Мұндай жағдайларда мәни шықпаса, ораза бұзылмайды;
  • Ауызға келген қақырықты жұту;
  • Түкірік немесе мұрынды тарту арқылы бір нәрсенің тамаққа кетуі;
  • Құлаққа су кіру, бұлық ағу;
  • Темекі түтіні немесе топырақ, шаң, ұнның тозаңы, қардың ұшқыны, жауынның тамшылары тамаққа еріксіз кірсе, ораза бұзылмайды;
  • Ауыз қуысында қалған тамақ қалдықтары ноқаттан кішкентай болса, оны жұту оразаны бұзбайды;
  • Еріксіз ауыз толы құсу немесе оның ішке қайта кетуі оразаны бұзбайды;
  • Қан алдыру немесе сүлік салдыру;
  • Көзге дәрі тамызу;
  • Тіс пастасын қолдану оразаны бұзбайды. Бірақ тіс пастасы ішке кетіп қалса бұзылады. Ең абзалы - тісті таң намазы кірмей тұрып жуу;
  • Тіс жұлдыру оразаға кедергі жасамайды. Бірақ жұлдырған уақытта ауыздағы қанды яки дәріні жұтпау шарт;
  • Ауыз бен мұрынға су алып шайқау оразаны бұзбайды. Бірақ тамаққа кетпеуін қадағалау қажет;
  • Душқа жуыну, теңізге, көлге түсу оразаны бұзбайды. Бірақ ондағы суды жұтпау керек.
  • Егер адам қатты шөлдеген болса, тамаққа кетпейтіндей аузын сумен шайса жарайды. Бұл оразаны бұзбайды.

Жалған сөйлеп, ғайбат айту, қатты ашулану оразаға әсер ете ме?

Ораза бұлардан бұзылмайды, алайда сауабы кемиді. Ораза - тек тамаққа деген нәпсіден тыйылу ғана емес, сондай-ақ рухани құлшылық ету. Сол себепті, тәнге де, жанға да жағымсыз нәрселерден аулақ болып, барынша сабырлы болуға тырысу қажет.

Алғаш рет ораза ұстайтындарға арналған кеңес

Ауыз бекітуге алғаш рет ниет етіп отырғандар ғана емес, бұрыннан ұстап келе жатқан жандардың өзі Рамазан айы жақындағанда өздерін алдын ала дайындай бастайды.

Бұрын ораза ұстап көрмеген адамның бойын қорқыныш билеп кетуі мүмкін. Бірақ бұдан қорықпау керек. Сізге дейін ораза ұстаған жандар Рамазан айын жақсы өткере алды, нәпсісін тыйып, жаман әдеттерінен арылып, мінезін түзеп, басқалармен арақатынасын реттеп, рухани күш жинап, азық ала білді. Осыны есте ұстаған абзал.

Алла Тағала адамға шыдамы жетпейтін нәрсені жүктемейді. Суға, тамаққа шыдай алмаймын деу - бос әурешілік. Сіз таң сәріден, күн батқанша аштықтан «солып» қалмайтыныңыз ақиқат. Бұны ғалымдар да дәлелдеген. Денсаулығыңызға да пайдалы.

Қасиетті Рамазан айында ораза ұстауға өз қалауыңызбен келгеніңіз дұрыс. Ораза ұстау тренд емес. Оған тек жүрек қалауыңызбен келгеніңіз дұрыс.

Күн тәртібіңізді Рамазан айына дейін өзгертуді бастаңыз. Себебі, Рамазан айы күн тәртібіне айтарлықтай өзгеріс енгізеді. Таңертең көбірек тамақтанып, асқазаныңызды үйрете бастаңыз. Ерте оянуды әдетке айналдырыңыз. Бұған дейін толып жатқан шаруаларыңызды ысырып, рухани баюға көңіл бөліңіз.

Оған қоса жаман әдеттерден арылу қажет. Ғайбат айту, өсектеу, боғауыз сөйлеу оразаны бұзбаса да, сауабын кемітетінін тілге тиек еткен едік. Егер кімде-кім сізді балағаттап, дау-дамайға шақырса «ораза» екеніңізді жеткізіп көріңіз. Ораза - тек ас-ауқатты шектеу ғана емес, сондай-ақ тілді, ойды, көзді, құлақты таза ұстау.