Аймақтар • 27 Ақпан, 2024

Әбігерге салған мал ауруы

116 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Биылғы қыс жылқыға жай­сыз болып тұр. Онымен қоса, мал ауруы да ауыл­дағы ағайынның мазасын қа­шырған. Әнеугүні Бұқар жырау ауданындағы Төрт­көл аулындағы жыл­қы­лардың аяғы ірің­деп, жа­расы денесіне жаппай тарап, қырылған еді. Ве­тин­с­пекция мамандары бір­неше қайтара сынама алған соң барып, ауру­дың лим­фангит екенін анық­тады.

Әбігерге салған мал ауруы

«Былтыр облыс аумағында аса қауіпті аурулардың тоғыз түрі, қарасан, құтыру, вирустық диарея, инфекциялық ринотрахеит, туберкулез, бруцеллез, күйдіргі, құстардың ньюкаслы бойынша 22 қолайсыз ошақ тіркелді. Одан әрі таралуына жол бермес үшін карантин шаралары уақытша енгізілді. Оның 17 ошағы сауық­тырылса, 5-де тиісті шаралар жасалып жатыр», дейді облыстық ветеринария басқармасының басшысы Қайырбек Тұрсынбеков.

Бұл жолғы ауру жылқыдан анықталды. Төрткөл аулының тұр­­ғындары жылқылардың жап­пай қырылып жатқанына алаң­дап, ше­неуніктер бұған назар аудармай отыр деп әлеуметтік желіде шу көтерген еді.

«Комиссия келіп, жылқы­лардың қандай инфекция жұқ­тыр­ғанын анықтау үшін талдау жасады. Соған сүйенсек, бұл лим­фангит емес. Бірақ мұны лим­фангит деп санаймыз. Неге? Өйткені өткен жылдың мамыр айынан бері Үміткер деген көр­ші ауылда лимфангит болды. Біздің ауылдың жылқылары көр­ші ауылдың жылқыларынан жұқтырған шығар. Ол жерде лимфангит ауруы расталып, ауыл тұрғындарына өтемақы тө­лен­ді. Ал шенеуніктер біздің мал шығынына өтемақы төлегісі кел­мейтін сияқты. Сондықтан лим­фангитті мойындамай, бас­қа ауру деп отыр. Бірақ біз оның белгілерін көріп отырмыз, ая­ғынан басына дейін іріңді жаралар шыққан. Бұдан жылқы өледі»,  деп шыр-пыр болған еді шаруа қожалық басшысы Мәдениет Жұмаділдә.

Ауылдағы шаруалардың айт­қаны айдай келді. Биоло­гия­лық сынамаларды зерттеу қоры­тындысында жылқының эпизоо­тия­лық лимфангиті расталды. Жоғарыда атап өткеніміздей, бір­неше сынамадан соң барып бір-ақ расталды. Бұған дейінгі зертхана қорытындылары бұл ауруды жоққа шығарған еді.

Сол уақытта Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі (АШМ): «Үміткер аулын­да 2023 жылғы мамырдан бас­тап жылқылардың эпизоотиялық лимфангиті бойынша карантин енгізілген болатын. Сол кезде республикалық бюд­жеттен өтемақы төленіп, атал­ған елді мекендегі 185 жылқы жойылды. БАҚ пен әлеу­меттік желілерде 2024 жылдың 15 қаңтарында Е.Бе­ковтің «Ержан» ШҚ-дағы екі жылқыда эпизоотиялық лимфангиттің кли­никалық бел­гілері байқал­ғаны туралы ақпарат жария­ланды. 16 қаңтарда екі жыл­қыдан сынама алынып, Вете­ри­нариялық бақылау және қада­ғалау комитетіне қарасты Рес­публикалық ветеринарлық зерт­хананың Қарағанды облыс­тық филиалына жеткізілді. Зерт­ха­наның талдау нәтижесі теріс болып шыққан» деген ақпар берді.

Бұған дейін 4 қаңтарда ветмамандар Төрткөл аулындағы фермер М.Жұмаділдәнің жыл­қыларынан екі сынама алыпты. Былтыр да осы кісіге тиесілі бес жылқыдан сынама алынған. Ол кезде де талдау «те­ріс» деп көрсеткен.

«Арнайы комиссия 2024 жылы 2–3 ақпанда монито­ринг жүргізу үшін Үміткер ауыл­­­дық округіне барды. Олар Үміт­кер, Төрткөл, Үлгі ауылда­рындағы сау, жайылымда жүр­ген және ауру жылқылардан био­логиялық және патологиялық ма­териалдар сынамаларын алды. Сон­дай-ақ мамандар жергілікті тұрғындармен кездесті. Комиссия сапары кезінде «Ержан» шаруа қожалығының иесі сынама алу үшін жылқыларын бермеген еді. Сол себепті 6–7 ақпанда Үлгі ау­лында жылқылардан қосымша 11 сынама және Төрткөл аулын­дағы, атап айтқанда, «Ержан» ШҚ-дағы екі жыл­қыдан сынама алды», деп ха­бар­лады Ауыл шаруашылығы министрлігі.

«Зертханалық қорытын­ды­дан эпизоотиялық лимфангит дә­лелденді. Енді карантин ен­гі­зілді. Карантин кезінде АШМ Ве­теринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Рес­пуб­ликалық эпизоотияға қарсы отряды» тарапынан әр 15 күн са­йы­н аулалар дезинфекцияланады. Әр бес күн сайын үйірлерге кли­ни­калық тексеріс жүргізіледі. Қора-жайларды әбден тазалап, толығымен дезинфекциялаған соң, шамамен үш айдан соң карантин алынады. Был­тыр жылқысы қырылған Үміт­кер аулы тұрғындарына кел­тірілген барлық шығын өтелді. Міне, Төрткөлдегі жылқылардан да ауру анықталды, карантиндік аймақ енгізілді. Шаруаларға өтем­ақы беріледі», дейді Қара­ғанды облыстық аумақтық ветеринария инспекциясының басшысы Ержан Бекетбаев.

Төрткөл аулында – 22 бас, Үлгі аулында 11 бас оқ­шау тұр. Бұқар жырау ауданы Үміткер ауылдық округі әкі­мінің шешімімен Үміткер ауылдық округі аумағында карантин бел­гіленді.

Мұндай жылқы ауруы Қар­қаралы ауданында да анықталды. Ынталы аулындағы «Казпром Корпорация» ЖК иелігіндегі 10 жылқы тіркелген. Ынталы ауыл­дық округі әкімінің шешімімен мұндағы жылқы жайы­лымына карантиндік іс-шаралар бел­гіленетін болады. Карантин енгі­зілген аймақтарда жылқы со­йып, етін сатуға және тұтынуға тыйым салынды.

«Инфекцияның бұл түріне «Отар» ғылыми-зерттеу институты вакцина шығарған. Ол зерт­ханалық жай-күйде тексерілді. Вакцинаны карантин қойылған аумақтың сау малдарына егуге дайынбыз», дейді Е.Бекетбаев.

Мал ауруы ауылдағы ағайын­ның мазасын осылайша қашырып тұр.

 

Қарағанды облысы