Фото: kaz.inform.kz
Өңірлік ветеринария басқармасы эпизоотияға қарсы іс-шаралар бөлімінің басшысы Самат Мажиров хабарлағандай, эпизоотиялық лимфангит Екібастұзға қарасты Бесқауға аулындағы «Қуаныш» шаруа қожалығында тіркелген.
«Биыл 14 ақпанда Екібастұз ауылдық аймағының Қоянды ауылдық округіне қарасты Бесқауға аулында 1 бас жылқы өлгені тіркелді. Жылқылар арасында эпизоотиялық лимфангит және сақау ауруларын болдырмас үшін патологиялық материал іріктеліп, зертханаға жіберілді. 19 ақпан күні зертханалық зерттеулер өлген жануарда эпизоотиялық лимфангит дерті болғанын анықтады. Табында шамамен 624 жылқы болған, оның 223-і – биелер», деп мәлімдеді ветеринария басқармасының өкілі.
Елді мекенде лимфангит ауруының расталуына байланысты Қоянды ауылдық округі әкімінің қаулысымен 20 ақпаннан жылқыларға эпизоотиялық карантин салынды. Карантиндік жағдайларда ауру жануарлардан алынған өнімдерді сатуға, тасымалдауға, әкелуге, әкетуге және пайдалануға тыйым салынады.
«Ветеринариялық-санитарлық ережелерге сәйкес ауру мал қан шығарылмай жойылуы керек. Өлген жануарлардың ұшасы терісімен бірге жойылады. Екібастұз қаласында жануарлардың өліктерін өртеу үшін жылжымалы өрт сөндіру қондырғысы жұмыс істейді. Жануарларды сауық- тыру шаралары, сондай-ақ шаруашылықтан алып қойылған және жойылған ауру жануарлардың құнын өтеуді Республикалық эпизоотияға қарсы жасақ жүзеге асырады. Ал карантин соңғы ауру мал жойылғаннан кейін, жылқыларды қорытынды клиникалық тексеруден, үй-жайларды тазалаудан және дезинфекциялаудан өткізген соң, үш айдан кейін алынады», деп түсіндірді С.Мажиров.
Маманның сөзінше, эпизоотиялық лимфангит – лимфа тамырлары мен лимфа түйіндерінің зақымдалуынан терінің, теріасты тіндерінің іріңді қабынуымен сипатталатын тақтұяқтылардың созылмалы жұқпалы ауруы. Инфекция қоздырғышының көзі – ауру мал. Таралу факторлары – ат әбзелдері, байлау бағандары, күтім заттары (маталы көрпелер, сөмкелер, шелектер, тарақтар және т.б.), төсек-орын жабдықтары, көң, ауру жануарлардың секрециясымен ластанған құралдар. Инфекция негізінен ауру жануарлармен байланыс арқылы жүреді. Дертке ұрынған малдың етін жеуге және жануарларға беруге тыйым салынады. Ауру анықталған үй-жайлар дезинфекцияланады.
Өңірлік ветеринария басқармасы қазір Қарағанды облысымен шекаралас аудандардың (Май, Баянауыл аудандары мен Екібастұз қаласы) әкімдеріне малдардың қозғалысына, шалғайдағы мал айдау пункттеріне бақылауды күшейту, ветеринария мамандарына халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізуге көмектесу туралы хаттар жолдаған.
Қоянды ауылдық округінің әкімі Ержан Уразалимовтің айтуынша, бүгінге дейін «Қуаныш» шаруа қожалығында жұқпалы дерттен 3 бас мал өлген. Шаруашылықтағы өзге жануарлар ветеринариялық дәрігерлердің бақылауында.
Павлодар облысы,
Екібастұз ауылдық аймағы