Кітапхана • 26 Ақпан, 2024

Кітапхана – ой мен таным ордасы

273 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысының кітапханалар желісі 318 облыстық, аудандық, қала­лық, оқу мекемелік, 284 ауылдық кітапханадан тұрады. Оның қатарында 705 кітапханашы жұмыс істейді. Биыл М.Жұмабаев ауданының Қарақоға, Таман, Сулышоқ ауылдарының, Мам­лют ауданының орталық, Қызыл­жар аудандық балалар кітап­ханасы күрделі жөндеуден өтіп, жаңа­ша жаңғырды. Барлық кітап­ханадағы кітап қоры 4 млн дана­дан асады, оның ішіндегі қазақ тіліндегі әдебиет 1,7 млн-ға жеткен. 220 кітапхана ком­пьютерлендіріліп, интернет желісіне қосылған.

Кітапхана – ой мен таным ордасы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Кітапханалардың тұрақты оқыр­мандарының саны 225 мың адамнан асты, ал келушілер 3 млн адамнан артық. Кітап қорын қа­шықтан пайдаланушылар саны 2,8 млн адамға жеткен. Осы мә­лімет­тердің бәрін облыстың ең байырғы, басты ой ордасы – Сәбит Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхананың (ОӘҒК) директоры Бейбітгүл Әбілмәжінова өзінің журналис­терге берген брифингінде айтты.

С.Мұқанов атындағы ОӘҒК-дегі өзіндік және сатып алын­ған ҚазҰЭК, Қазақстан Заң­дары, Литрес, Лань және т.б. элек­трон­дық дерекқорлары пай­да­ла­нушылардың тұрақты сұра­ны­сына ие екен. Сайттар, әлеу­меттік желілер және жергілікті БАҚ, блогтинг (немесе блог жүр­гізу үдерісі) кітап пен оқуды на­си­хаттаудың негізгі алаңына ай­налған.

Білмейтін адамдар кітап­ха­нашылардың жұмысы кітап беру мен қабылдау ғана деп түсінеді. Шын мәнінде кітапханашылар ақын-жазушылар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жалпы елге ортақ және жергілікті тарихи тұлғалардың мерейтойларына байланысты түрлі мәдени іс-шара өткізіп тұрады. Былтыр облыс кітапханалары 3 млн-нан артық адам қатысқан сондай 26 мыңдай іс-шара өткізген.

Астанадағы Ұлттық кітап­ханада болған кәсіби конфе­рен­­цияда біздің облыс ауылда­рындағы кітапханалардың басқа облыстармен салыстырғанда әлеуметтік желілердегі белсенді жұмысы аталып өткен. Облыс кітапханаларында өлкетану си­патындағы 74 573 кітап цифр­лық форматқа көшірілген. Кітап­ханашылардың кәсіби шебер­ліктерін арттыру үшін әдістемелік семинарлар, вебинарлар, тренингтер, шеберлік сабақтары, офлайн режімде конференциялар және онлайн медиасауаттылық, ЅММ, Мобилография курстары өтіп тұрады. Ауылдық кітап­ха­нашылар Мәдениет және ақпа­рат министрлігі мен Ұлттық кі­тап­хана ұйымдастырған кон­курс­­тарға, форумдарға қаты­сып, жүлделі орындар алып жатыр. Мысалы, Ғ.Мүсірепов ауда­ны­ның Володаровка ауылдық кітап­ханасының кітапханашысы Ни­колай Вербовский «Үздік ауыл кітапханашысы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды.

Облыс кітапханаларында 57 коворкинг орталығы, 1 675 клуб, «әуесқойлар бірлестіктері», 318 «Парасат жолы» орталығы, облыс бойынша 395 орталық жұмыс істейді.

Бейбітгүл Мағжанқызы С.Мұ­қанов атындағы ОӘҒК-де ұзақ жылдан бері директор болып келеді. «Қазір кітапханамызды өңірдегі ең көне және ең ірі кі­тапхана ретінде ақпараттың, білім мен мәдениеттің заманауи көпфункционалды алаңына айналдырдық. Кітапханамыздың кітап қоры 700 мыңнан асады, соның ішінде 215 мыңнан астамы – мемлекеттік тілде. Қорымыз жыл сайын 10 мың дана жаңа кітаппен, құжатпен то­лық­­тырылады. Тұ­рақты оқыр­ман­ымыздың саны – 45 685, ал жылдық келушілер саны бір миллион адамға таяу. Ре­сурстарымызды сайт арқылы қа­шықтан пайдаланушылар саны 3 млн-нан асты. Кітапханамыз көптеген халықаралық, барлық республикалық конкурстарға қатысып, бірнеше рет жеңімпаз атанды. Мәселен, 2014 жылы «Қа­зақстанның ХХІ ғасырдағы үз­дік кітапханасы» атағына ие бол­дық. 2018 жылдан бері «Ру­хани қазына» республикалық фестиваліне қатысып, оның тұ­рақты жеңімпаздары қатарынан көрініп келеміз. «Үздік ауылдық кітапхана», «Үздік аудандық кітапхана» аталымдары бойынша М.Жұмабаев ауданындағы Қарақоға, Аққайың ауданындағы орталық кітапхана жеңімпаз болды. Сондай-ақ біздің ОӘҒК республикалық кітапханалар арасында «Оқырманы озық өлке» – «Лучший читающий регион» республикалық байқауының жеңімпазы болды. Көршілес Ресей еліндегі «Кітапханалар дос­тастығының білім беру ынты­мақтастығы» (Мәскеу қ.) халық­аралық жобасына және Төменгі Новгородтағы «Ресей кітап­ха­налар астанасы» конкурстарына қатыстық. Біздің кітапхана халықаралық қорлардың 27 гран­тының иегері, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған роботтехника каби­нетін ашуға грант ұтып алдық. Кітап пен оқуды насихаттау бо­йынша 44 жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде «Туған жер», «СҚО кітапханаларын жаң­­ғырту», «Солтүстіктің ін­жу-маржаны» онлайн-картасы, «Біздің Мағжан» порталы, «Көше, мобильді кітапханалар», «Смарт-орындықтар», «Вики-Приишимье» және т.б. жобалар бар. Халықаралық деңгейде А.Пушкин атындағы Омбы ОӘҒК, А.Югов атындағы Қорған ОӘҒК, Челябі ғылыми кітапханасымен бір­лесіп, «Шекарадағы кездесулер» халықаралық жобасын, Саха ұлттық кітапханасымен (Якутия), Ямал-ненец ұлттық кітап­ханасымен (ЯНАО) «Онлайн шығармашылық кездесулер» жобаларын іске асырып келеміз», деді Бейбітгүл Әбіл­мәжінова.

Брифингке қатысқан Ғ.Мүсі­репов атындағы Солтүстік Қа­зақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасының директоры Көгершін Бердіғұлова да өздерінде істеліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Бұл кітапхананың қоры – 215 мың, соның қазақ тіліндегісі 30 мыңдай екен. Тұрақты оқырмандар саны былтыр 16 мың адам болған, ал барлық келгендер саны – 151 мың. «Былтыр Мағжан Жұмабаевтың 130 жыл­дығын мерекелеуге ар­налған бір­қатар іс-шара өткізілді. «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, Еуропалық Франц Кафка атындағы алтын медаль иегері Төлен Әбдіктің шығармаларын насихаттау іс-шараларын өт­кіздік. Ал осы жыл балалар жа­зу­шы­ларына арналған іс-ша­ралармен бас­талды. Жерлесіміз Зейнел-Ғаби Иманбаев пен балалар әдебиетінің классигі Бердібек Соқпақбаев ағаларымыздың 100 жылдығына арналған бірнеше іс-шара өтті», деді К.Бердіғұлова.

Кітапхана жұмысының жар­қырап-жандана түсуі халық мә­дениетінің артуының кепілі екені белгілі. Мәдениетті адам бі­лімге де құштар болады. «Артық білім – кітапта» деп даналарымыз тегін айтпаған ғой. Сондықтан да еліміздің қиыр терістігіндегі кітап­хана жұмысының жандануы  көңілге қуаныш ұялатады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы