Құқық • 26 Ақпан, 2024

«Абақты қатар-қатар болады екен...»

181 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Тентегін тыймайтын, қылмыскерін құрықтамайтын қоғам болмайды. Сонымен бірге күрделі кезеңде талай арыстар нақақ абақтыда отырғанын ұмытпайық. Мәди ақынның «Абақты қатар-қатар болады екен» деп келетін жыры сол шындықты айғақтаса керек. Қазақстанда қылмыстық атқару жүйесіне қарасты 1500-дей ғимарат бар екен. Темір тордың арғы жағындағы әлемнің көп көзінен қалтарыс кейбір мәселелерін жақында Парламент Мәжілісінің депутаты, заңгер Абзал Құспан жария етті.

«Абақты қатар-қатар болады екен...»

«Қырықтұрба» құлағалы тұр

Депутаттың айтуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері пенитенциярлық жүйеге қатысты мәселе назардан мүлдем тыс қалған. «Егер біз дамыған елдер қатарына қосылуды мақсат тұтсақ, онда адамның ең негізгі құқықтарын сақтау жөніндегі халықаралық шарт талаптарын орындауға ұмтылуымыз керек. Бұған тұтқындалған және сотталған, яғни арнайы контингентке арналған мекемелер мен тергеу изоляторлары, көпшілікке түсінікті тілмен айтсақ, түрмелердің де жағ­дайы кіреді. Қазақстанда қылмыстық ат­қару жүйесіне қарасты 1500-дей ғи­марат болса, соның 60%-ның (900-дей ғимарат) жағдайы қанағаттанарлықсыз, ал 20%-ы (338 ғимарат) – апаттық жағ­дай­да», дейді депутат.

Тәуелсіздік алғалы елімізде жаза өтей­тін бірде-бір жаңа мекеме са­лын­баған. Депутаттың пікірінше, жаңа, халықаралық стандарттарға сай келетін ғимараттар салу аса қажет. Өйткені жаза өтейтін мекемелер негізінен жүздеген сотталушы бірге жататын барак типті болып келеді. Бұл түрмелік субмәдениет пен теріс діни ағымдардың кеңінен таралуына жағдай тудырады.

Депутаттың «елдегі түрмелердің жағ­да­йымен жете таныстым» деген сөзінің жаны бар. Жаңа жылдың басында Абзал Құспан Орал қаласындағы мекемелерді аралаған кезде біз де бірге болған едік. Сол көргенімізбен бөлісейік.

па

ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі коми­тетіне қарасты №74 мекеме Орал қала­сының дәл ортасында тұр. Бүгінде тер­геу изоляторы қызметін атқарып тұр­ған ғимарат – қаладағы көне тарихи нысанның бірі. XVIII ғасырда, II Ека­те­рина патшайымның тапсырмасымен құрылысы басталып, 1858 жылы пайдалануға берілген түрмені қазақтар «Қырықтұрба» деп атап кеткен. Дәл осы түрмеде қылмыскерлерден бөлек, әйгілі күйші, күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы, халық батыры Аманғали Кенжеахметұлы да жатыпты. 1916 жылы Шыңғырлаудағы халық көтерілісінің жетекшілері Дәужан Елубайұлы, Қожа Қазыұлы, Тәжі Шотайұлы, Баймолда Тәжімқұлұлы дәл осы түрменің ауласында дарға асып өлтірілген. Ал 1926 жылы «банды» Аманғали осы түрмеден үш адам болып қашып шыққан.

– Екі ғасырға жуық тарихында бұл жерден қашып шыққан жандар саусақпен санарлық. Әу бастан түрмеге арнап, мұқият салынған ғимарат қой. Дегенмен әбден тозығы жетті. Апат жағдайында тұр. Ғимараттың жертөлесін, кейбір камераларды мүлдем кіруге болмайтындай етіп жауып қойдық, – дейді БҚО бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментінің басшысы, әділет пол­ковнигі Манарбек Ғабдуллин.

Расында да, «Қырықтұрбаны» ішінен де, сыртынан да аралап көрдік. Іргетассыз салынған, жерге жартылай жұтылып, қабырғасы бірнеше жерден жарылып тұрған түрме ғимаратының ішкі «аурасы» тіпті сұмдық. Жарық тапшы, ауа тарлығы өз алдына, кей камераларының төбесі опырылып, тіреу салынған. Облыс бойынша мемлекеттік сәулет-құрылыс басқармасы режімдік корпусқа тексеру жүргізіп, «тірек конструкцияларының 60%-ы тозған» деген қорытынды жа­са­ған. Камералардың бір бөлігі апат­тық жағдайға байланысты мақсатына сай пайдаланылмайды. Өйткені олар арнайы контингенттің өміріне қауіп төндіреді. Режімдік корпустың бірінші жалпы қабатындағы камераларының үй-жайы, сондай-ақ құрылыс конструкциясы қанағаттанарлықсыз жағдайда. Қазірдің өзінде 340 адамға арналған тергеу абақтысында бос орын жоқ.

№74 мекемедегі тағы бір күрделі мәселе – мұндағы дәрігерлік амбулато­рия­ның жағдайы. Мұнда тұтқындарға то­лыққанды медициналық қызмет көр­се­туге мүмкіндік жоқ. Мекеме жаны­нан жаңа медициналық ғимарат салуға қаржы бөлінгенімен, оны салатын орын жоқ. «Осының кесірінен кейбір бөлімді аша алмай, лицензия ала алмай отырмыз», деген еді №1 қалалық емхананың басшысы Шыңғыс Сәрсенғалиев.

 

Түрме және жаңаша көзқарас

Әу баста шаһар шетінде салын­ға­нымен, екі ғасырға жуық уақыт беде­рін­де қаланың қақ ортасында қалған «Қырық­тұр­баны» жабу, абақтыны басқа жерге көшіру – күн тәртібінде күйіп тұрған мә­селе. Бұған осы маңда тұратын қала тұр­ғындарының шағымын қосыңыз: ар­наулы орындағы шектеулердің кесі­рі­нен ұялы байланыс, интернет жүйесі жиі тоқырайды. Түрлі оймен түрме маңайлайтын бұзақы да бала-шағаға қауіп. «Қырықтұрбаның» ендігі тағдыры репрессия тарихынан сыр шертетін музейге айналып, екі ғасырдай жұмбақ болған мекеменің құпиясына жалпақ жұрт қанықса, дейді жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар.

Обалы не керек, Батыс Қазақстанда бас бостандығынан айырылғандарды ұстайтын арнайы орын салу әу баста жоспарланған. 2013 жылы облыс бойынша Қылмыстық атқару жүйесі департаменті Орал қаласында 1500 орындық тергеу изоляторы кешенін салуға байқау өткізіп, оны «БураСтрой» ЖШС жеңіп алған. Жобаға түрлі түзетумен 9 млрд 666 млн теңге бөлінді. 2013-2018 жылдар аралығында құрылыс жүріп, 70 пайызға жуық жұмыс атқарылды. 6 млрд 161 млн теңге игерілді. Алайда 2018 жылы БҚО прокуратурасы 1,5 млрд теңге бюджет қаражаты ұрланды деген айыппен қыл­мыстық іс қозғады. Сот үкімімен жер­гі­лік­ті ҚАЖД басшысы қызметінен кетіп, мердігер мекеме жетекшісі сотталды. Түрме құрылысы тоқтап қалды. Қаңырап қалған кешенді күзету үшін ғана кейінгі үш жылда 35,3 млн теңге жұмсалыпты.

– Елімізде құрылысы әлі бітпеген нысандардан қаржы жымқыру қылмысын тауып, сотқа тартудың пайдасынан гөрі зияны басым болып тұр. Мердігер мекемеге құрылысты аяқтатып, содан кейін ғана жауапкершілікке тартқан жөн болатын еді. Рас, қылмыскер сотталды, бірақ жұмыс қаңтарылып қалды. Енді бұл құрылысты аяқтау үшін бюджеттен қосымша тағы шамамен 6 млрд төңірегінде қаражат керек. Себебі құ­ры­лыс нысаны осы он шақты жыл көле­мінде тозып әрі тоналған, – дейді Абзал Құспан.

«Қазіргі таңда тергеу изоляторының аяқ­талмаған құрылысы облыс әкім­ді­гі­нің коммуналдық меншігіне беріл­ген. Қала шетінде 23 га аумақты алып жатқан кешенге арнайы барып көр­дік. Шынында да, әу бастан түрме ре­тін­де жобаланып, қауіпсіздік шаралары ескеріліп салынған кешеннің не­гіз­гі ғимараттары толық бой көтерген. Ай­қыш түрінде салынған абақтылар, әкім­шілік ғимараты, жатақхана – бәрі бір-бірімен өзара жалғасқан. Кейінгі жылдары осы кешенді кардиоаурухана, т.б. әлеуметтік нысан ретінде пайдалану жөнінде ұсыныстар болғанымен, ең дұрысы – қылмыстық атқару жүйесіне қайтару», дейді мамандар.

Елі­міздің 2024-2028 жылдарға ар­нал­ған қоғамдық қауіпсіздік тұжы­рым­­дамасына сәйкес 2027-2028 жыл­дар­ға қарай Орал қаласындағы тергеу изоляторының құрылысын аяқтау жос­пар­ланған екен. Еліміздің жалпы батыс өңірінде (Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау) қауіпсіздігі барын­ша жоғары мекеме болмағандықтан, қа­зіргі таңда 800-ден аса сотталушы жа­засын өзге өңірлерде өтеп жатыр. Сондықтан Оралдағы тергеу изоляторы құрылысын 1500 адамға арналған қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме ретінде қайта жобалап, құрылысты аяқтау қажет. Бұған шамамен 6 млрд теңге керек.

 

Абақты: жұмыс беруші кәсіпкерлер

Осы сапарда Парламент депутатымен бірге Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің №28 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесіне де кірдік. Мекеменің мәжіліс залында сотталғандар және оларды жұмыспен қамтып отырған кәсіп­кер­лермен кездескен Абзал Құспан көп­теген сұраққа жауап беріп, кейбір мә­се­лелерді қойын дәптеріне түртіп алды.

Айта кетейік, осы №28 мекемеде жатқан 700-дей азаматтың 185-і ақылы еңбекпен қамтамасыз етілген. Мекемеде 4 жеке кәсіпкер және 1 ЖШС жұмыс істеп, сотталғандарды жұмыспен қамтып ке­леді. «Бұдан бөлек, сотталғандар «Еңбек-Жайық» республикалық мемле­кет­тік мекемесінде және мекеменің шаруа­­шылық қызмет көрсету жұмыстарында еңбек етеді», дейді Манарбек Ғабдуллин.

Біз түрме жанындағы шаруашылық цехтарын аралап көрдік. Есенаман Жарылғасов басқаратын «Нұрдәулет», Ақерке Бертілеуованың «Хайыр», Гүлдана Асанова басқаратын «Әлия Servise» фирмасы, Серік Бектұрғановтың «Іңкәр» атты жеке кәсіпкерлік мекемесі дәне­­керлеу жұмыстарымен, металл пластик есік-терезе, жылу қазандығы, металл есік, тор, қоршау, балалар әткеншегі, ағаш пен былғарыдан түрлі бұйым, кәдесый, т.б. көптеген бұйым шығарады.

– Бас бостандығынан айырылып, жазасын өтеп жатқан адамды еңбекке тартудың тиімді жағы көп. Сотталған адам пайдалы іспен айналысады, еңбек­ақы табады, бұл, ең алдымен, оның отба­сына көмек, екіншіден, мойнында тұр­ған материалдық шығындарды жабады. Сондықтан бұл бағыттағы бастамаларды барынша қолдау, кәсіпкерлерді ынталандыру керек. Мен Оралдағы осы игі үрдіспен жақсы таныспын. Жергілікті ҚАЖД басшысы Манарбек Ғабдуллиннің ұсынысымен жақында елі­міздегі «әлеуметтік кәсіпкерлер» тізімі­не осындай жабық мекемелерде бизнес нысанын ашып, қызмет етіп жатқан кәсіпкерлерді қостық. Сол арқылы бұл кәсіпкерлерге енді түрлі салық жеңілдігі жасалады. Әрі түрлі тендерге қатысқанда, өнім өткізу кезінде артықшылыққа ие болады, – дейді Абзал Құспан.

Темір тордың ар жағындағы әлемде біз байқаған тағы бір жаңалық – жаппай камера қойыла бастағаны. Кей камералар бейне түсіріп қана қоймай, дауыс та жаза алатын мүмкіндікке ие. Әрине, бұл кей адамға тым артық, жеке өмірге қол сұғу болып көрінуі мүмкін. Бірақ мекеме қызметкерлерінің айтуынша, бейнекамера абақты ішіндегі түрлі заңсыздықты азайтуға, болған қылмыстарды тез ашуға әсер еткен.

 

Дәрігерді кім қорғайды?

Осы сапары барысында Орал қалалық №2 емхананың директоры Сержан Есенгөбеков өз сөзінде депутатқа мына бір мәселені жеткізді:

– Облыста дәрігер жетіспейді. Соның ішінде дәл осы қылмыстық атқару жүйесі меке­мелерінің жанындағы амбула­то­рияларға маман келмейді. Өйткені режімдік мекеме болғандықтан олар күн сайын жұмысқа кіріп-шыққанда қатаң тексеруден өтеді, байланыс құрал­да­рын пайдалану мүмкіндігі шектеледі. Оның үстіне бұл жердегі контингент ауыр, науқастармен жұмыс істеу оңай емес. Мұның бәрі жүйкеге де салмақ түсіріп, денсаулыққа теріс әсер ететіні түсінікті. Бірақ осыған қарамастан түрме дәрігерлеріне ешқандай жеңілдік қарастырылмаған. Еңбекақысы да әдеттегі дәрігердің табысымен бірдей. Сондықтан түрме жанындағы медициналық мекемелерде маман дәрігерлер қызмет етуге мүлдем құлықсыз. Жоғарыдағы мәселе­лер­ді ескеріп, бұл саладағы мамандарға үстеме өтемақы төленгені, басқа да же­ңіл­діктер қарастырылғаны дұрыс болар еді, – дейді дәрігер.

Дәрігер бекер алаңдамапты. 30 қаңтар күні Оралдағы №28 қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде оқыс оқиға болды. Сотталған адам фельдшерді балағаттап, үш қызметкерге қол жұмсаған. Осы оқи­ғадан кейін дәрігерлер мекемедегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді талап етті.

 

Батыс Қазақстан облысы