Медицина • 27 Ақпан, 2024

Аурухана құрылысының бітпес дауы

113 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Төрт жылдан бері Қостанай облыстық балалар ауруханасын­дағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмай тұр. Әу бас­та мердігер компания өзіне міндеттелген жұмысты жарты жылдың ішінде аяқтап, жаңарған ғимаратты қайта тапсырып беруге тиіс еді. Өкінішке қарай, аурухана ғимараты әлі бос тұр, тоқырап қалған жөндеу жұмыстары жанданар емес.

Аурухана құрылысының бітпес дауы

Алты қабат аурухана ғима­ратын жөндеуден өткізуге 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында республика бюджетінен 1 млрд 204 млн теңге бөлінген. Қомақты қаржының 920 млн теңгесі игерілгенімен, қалған қар­жы жұмысты аяқтауға жетпей қалған. Мұның соңы дау-да­майға ұласып, ақыры мердігер шет­тетіліп, емдеу мекемесінің бас­шысы жұмыстан кетіп тын­ған.

Таяуда облыстық мәслихат депутаттары емдеу мекемесін жөндеуге бюджеттен қосымша 1,5 млрд теңге бөлу туралы ұсы­нысты мақұлдады. Сол-ақ екен, балалар ауруханасы төңірегіндегі дау тағы ушықты. Себебі өткен тамыз айында облыстық балалар ауруханасының басшысы күрделі жөндеу жұмыстарының 20 па­йызы бітпей тұр деп мәлімдеген. Ал облыстық денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы Данияр Жандаев таяуда ғана БАҚ өкілдерімен кездесіп, бұ­рын­ғы мердігердің жұмыстың орын­далуы туралы құжатты өткізбегенін, сондықтан ғима­ратқа жүргізілген жөндеу жұмыс­тарының сапасы мен деңгейін анықтауға біраз уақыт кеткенін айтты. Басқарма басшысының айтуынша, бұрынғы тапсырыс беруші мен мердігердің техникалық құжаттамасы бол­маған. Соның салдарынан сараптама жұмысы да жылдан аса уақытқа созылып кеткен.

Басқарма басшысы: «Бұ­рын­ғы мердігер жөндеу жұ­мыс­тарын осыдан үш жыл бұ­рын жүргізді. Сондықтан ғи­ма­­раттың жөндеуден өткен кей­бір жерлерін қайтадан жөн­деу­ден өткізуіміз мүмкін. Қазір ауру­ханаға жүргізілуге тиіс жөн­деу жұмыстарының 50 пайызы біт­пей тұр. Мұны аяқтау үшін 1,5 млрд теңге қаржы керек. Мұның сыртында 2020 жылдың есебімен алатын болсақ, 1 млрд 200 млн теңгеге бағаланған күр­делі жөндеудің 50 пайызы шамамен 500 млн теңге болады. Үш жылдың ішінде құрылыс материалдарының бағасы 2,5-3 есе өсіп кетті. Осыны ескерсек, қазір 500 млн 1,5 млрд теңгеге барып қалады», деген.

Алайда бұрынғы мердігер «Вершина» серіктестігінің заңгері Талғат Хамитов облыс­тық денсаулық сақтау басқар­масының басшысының жалған мәлімет беріп отырғанын, осы ар­қылы журналистер мен өңір бас­шылығын адастырып отыр­ғанын айтады. Заңгердің айтуынша, ғимараттағы жөндеу жұмыстарының 95 пайызы бі­тіп тұр. Ал атқарылған жұмыс­тар­дың сомасы 1,8 млрд теңге болады.

«Жоғарғы соттың қаулысын­да «Вершина» серіктестігі жұмыс ауқымының 95 пайыздан астамын орындады», деп анық жазылған. Орындалмағаны – 5-ақ пайыз. Оған әрі кеткенде 60 млн теңге қажет. Басқарма басшысы 1,5 млрд дегенді қайдан алып отырғанын түсінбеймін. Біздің серіктестік ертең-ақ жұмысқа кірісуге дайын. Рұқсат берсе, 300 млн теңгеден асырмай күрделі жөндеуді аяқтап шыға алатынымызды ресми түрде мәлімдеймін», дейді Т.Хамитов.

Осыдан кейін аймақ басшысы Құмар Ақсақалов мәсли­хат шешімін уақытша тоқта­тып, мәселенің мән-жайын анық­тау үшін арнайы комиссия құрылатынын мәлімдеді. Қос тараптың талап-тілегін тыңдап шыққан әкім тиісті орындарға ауру­хананы жөндеу жұмыстарын аяқтауға қажетті қаражатты кім, қалай есептегенін тексеруді мін­деттеп, жағдайды жан-жақты зерттеу үшін арнайы жұмыс тобын құру туралы өкім шығарды.

Облыс әкімі жұмыс тобын ті­келей өзі басқарды. Топ құ­ра­мына жергілікті атқарушы билік өкілдерінен тыс облыс прокуратурасы, сыбайлас жем­қорлыққа қарсы қызмет, эко­номикалық тергеу департаменті, мемлекеттік ішкі аудит департа­ментінің өкілдері және мердігер компанияның басшысы кіреді. Жұмыс тобының мүшелері өз құ­зы­реті аясында мәселені зерде­леп, ұсыныстар енгізеді. Мәселе­нің түйіні қашан шешілетінін қазірше ешкім дөп басып айта алмайды. Ал үлкендер бір мәмі­леге келгенше науқас балалар бұрынғы инфекциялық орта­лықты паналай тұрады.

 

Қостанай облысы