«Орта Қақпақ» су электр стансасы жылына 13 млн кВт электр қуатын өндіреді. Мұндағы су құбырының ұзындығы – 4 шақырым. «Қайнар» қосалқы стансасына ұзындығы 12 шақырым болатын 10 кВт-тық желі тартылған. Өндірілген қуат көзі сол арқылы таратушы компанияға жеткізіліп, одан әрі тұтынушыларға беріледі.
«Біздің облыс жел, күн, су сияқты баламалы энергетика өндіруге өте ыңғайлы. Сол себептен оны дамытуға тиістіміз. Оның экологияға да, тұрғындарға да пайдасы мен тиімділігі зор», деді ашылу салтанатына қатысқан облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев.
Жобаны жүзеге асыру барысында 45 адам жұмыспен қамтамасыз етілсе, енді автоматты түрде басқарылатын заманауи су электр стансасында төрт жергілікті тұрғын тұрақты жұмыс істейді.
«Алматы облысының дамуына өз үлесімді қосқаныма өте қуаныштымын және біздің инвестициялар өңір халқының тұрмысы мен экономикасына қыруар пайдасын тигізеді деп үміттенемін. Жоба бастапқыда 1,2 млрд теңгеге бағаланғанына қарамастан, инфляцияға байланысты құны 1,5 млрд-қа дейін өсті. Біз өзімізге жүктелген міндеттерді сәтті орындадық. Қуаттылығы жылына 13 миллион кВт/сағ болатын жоба тұтынушыларды тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Оның үстіне стансаның қуаты су деңгейінің өзгеруіне бейімделеді», деді жобаның инвесторы әрі жетекшісі Жанұзақ Қонаев.
Іске қосылған су электр стансасының құрылысын «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Damu» инвестициялық қорының қолдауымен осы жобаға қатысушы «Tekes Energy» ЖШС қаржыландырды.
Алматы облысы