Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Астанадағы «Сапаржайға» арнайы барып, толық аралап, жағдайды көзімізбен көріп қайттық. Табло бағанында екі бағыттың ғана рейсі жазылған. Соған сай үлкен залда екі-ақ жолаушы елеусіз ғана отыр. Екі қабатты қонақүй де қаңырап бос тұрған сияқты. Әрі-бері жүрген жан баласын байқамадық. Екінші беттегі асханада да шай ішіп, жүрек жалғап тұрған адам көзге түспеді. Ертерек келіп қойдық па деп сағатқа қарасақ, тіршілік қайнайтын сәскенің кезі болып қалыпты. Шашыраңқы тұрған дүңгіршектердің кейбірінде болмашы сатылым заттары қылаң бергенімен, тұтынушыдан жұрдай. Аумағы атшаптырым астаналық автобекет қаңырап бос тұр. Не істемек керек?
Іздеп жүріп «Сапаржай-Астана» ЖШС директорының қабылдауына сұрандық.
«2020 жылы пандемия басталғалы жұмысымыз алға баспай қойды. Оның себебі көп. Сол кезде сапаржай 9 ай бойы жабық тұрды. Көптеген тиісті мекемелерге арнайы хат жаздық. Оның арасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлынан бастап Көлік министрлігі, Астана әкімдігіне жолданған арыз-шағымдарымыз да бар. Біздің жабылып тұрған мәселеміз бойынша үкіметтік комиссия құрылып, үш ай дегенде оны сол кездегі вице-премьер Ералы Тоғжанов бастап келді. Комиссия құрамында қалалық әкімдік пен «Атамекен» ҰКП-ның және Көлік министрлігі Автожол комитетінен де өкілдер болды. Олардың қатарында қалалық санитарлық-эпидемиялық бақылау қызметінің бастығы да жүрді. Осы мемлекеттік органдардың өкілдерінен құралған комиссия сапаржайдың іші-сыртын толық қарап, автобустарды түгел тексерді. Сөйтіп, санитарлық нормаға толық сәйкес деген тоқтамға келіп, жұмыс істеуімізге рұқсат бергендей болды. Десе де автовокзал ашылмады. Сол 9 ай бойы жабық тұрды», дейді автобекеттің директоры Жұмаш Әбдірахманов.
Директордың айтуынша, осы екі арада Ресейден келген «inDrive» қосымшасы мен қаланың әр тұсындағы «жабайы» тасымал күш алып кетті. Олар адамдарды алыс-жақын қалаларға ешқандай рұқсатсыз, жолаушы тасымалдауда талап етілетін ешбір тиісті құжатсыз тасымалдай бастады. Әсіресе халық арасында «Шанхай» аталып кеткен қала шетіндегі Көк базар мен Алай базарында жолаушыларды бей-берекет жинаудың жабайы тәсілдері амалға асып жатты. Мұндай әрекет кейбір мешіттер мен басқа да ірі сауда орындарының жанында да болған. Ал олардың заңсыз ісіне тыйым салатын мемлекеттік органдар сол кезде пандемия себебінен жұмыс істемеді.
Өз еліміздің азаматы болып саналатын жолаушыларды жабайы түрде тасымалдауға сол кезде мемлекеттік органдардың неге көз жұма қарағаны әлі түсініксіз. Өйткені алыс-жақынға автокөлікпен жолаушы тасымалдау үшін арнайы органдардан міндетті рұқсат құжаты болуы шарт. Әуелі тасымалға шығатын автобус жүргізушісі бір тәулік демалып, әр рейстің алдында медициналық тексеруден өтіп отыруға тиіс. Сондай-ақ автобус немесе шағын автобус әр рейске шықпас бұрын техникалық байқаудан өткізілуі керек.
«Әйтпегенде жол үстінде жолаушының өмірі мен денсаулығына қатер төнуі бек ықтимал. Конституцияның бірінші бабында «еліміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі» екені тайға таңба басқандай анық жазылған. Жолаушы қозғалысын бақылауға міндетті мемлекеттік органдар бұл маңызды іске неге селқос қарайтынын түсінбедік», деді директор.
Пандемияға дейін Астанадағы сапаржайда 150-ге жуық адам қызмет етіпті. Табыстың жоқтығынан олардың саны қысқара келіп, бүгінде 25 жұмысшы ғана қалған. Оның өзінде ай сайын 2-3 қызметкерді ақысыз демалысқа жіберіп отырады екен. Жалақылары да тым төмен. Автобекет залындағы бос алаңдарды коммерциялық мақсатта жалға беріп, 25 қызметкердің еңбекақысын әупіріммен айырып отырған жағдайы бар. Мұндай аянышты жағдайға түсіп қалғандарын «inDrive» пен «жабайы» тасымалдың белең алып кеткенінен көреді.
«Бұлардың бәрінде дерлік жолаушыға қызмет көрсету лицензиясы да жоқ. Заң бойынша тұрақты немесе тұрақсыз қатынау деген бар. Тұрақты қатынау дегені біздің автовокзалдан ғана жүруге тиіс. Тұрақсыз дегені – тапсырыспен ғана жүретін қоғамдық көліктер. Мысалы, туристерді немесе спортшыларды және саяхатқа шыққан мектеп оқушыларын тасымалдаумен айналысатындар. Қазіргі тұрақсыз қатынаушылардың лицензиясының мерзімі шексіз сияқты. Кейбірі 2000- жылдары алған лицензиясымен әлі де адам тасып жүр. Негізі ел ішінде жүретін жолаушы автобустарына әкімдіктің Көлік басқармасы рұқсат қағазын береді», деді Ж.Әбдірахманов.
Қалалар арасында қатынау тәртібі бойынша егер Шымкенттен бері қарай бір автобус сапарға шықса, онда оған қарсы Астанадан да дәл сондай бір көлік жолға түсуге тиіс. Жүру кестесі жасалып, соған сай нақты ережелері болады. Оны бұзғандар заң алдында жауапкершілікке тартылуы керек. Қазір «Сапаржай-Астана» ЖШС-мен келісімшарт жасасқан 50 шақты тасымалдаушы компания бар. Олар заңға негізделіп қойған талаптарға толық сай келеді және қызметтік ережені қатаң ұстанады.
«Бұлармен бірге автовокзалдардың диспетчері бар. Олар сапардағы әр жолаушы автобусының әр қадамын бақылап, керек жерде бағыттап отырады. Келеңсіз жағдай туындаса, көмек беру шараларын қарастырады. Мемлекеттік органдарға хабар жібереді. Жол үстінде автобус бұзылса, екіншісін жөнелтуді ұйымдастырады. Ал заңсыз, жабайы тасымалда оның бірі де жоқ. Осыны әрбір азаматқа тәптіштеп түсіндіретін бұқаралық ақпарат құралдары да біздің «майданға» жеткілікті көңіл бөле бермейді», дейді сұхбат беруші.
Елімізде кейбір автобустар 1000 немесе 1500 шақырымға дейін қашықтықты еңсереді. Ол жолдардың жағдайы тағы белгілі. Жол бойындағы қызмет көрсету орындары мен мекемелердің халі де мәз емес. Көк базар жанындағы «жабайы» тасымалдаумен айналысатын бірнеше автобусқа барып жөн-жосық сұрап көрдік. Олардың жолаушылармен қарым-қатынасына және қылып отырған қызметіне қарап, «жабайы тасымал» деген ұғым осы арада ойымызға нықтап орнықты. Заңды сұрағымызға шалағай жауаптары да біртүрлі күдік ұялатады. Лицензиялары бары-жоғын, бұл жерде тұрып жолаушы жинауға кім рұқсат еткенін, қандай ереже мен талапқа сай жұмыс істейтіндерін білгіміз келген. Ол әрекетімізден түк шықпады.
Онда орындар түрлі бағамен сатылады. Алдыңғы жағы қымбат болса, артқы орындар арзан. Билет беру деген түсінік осынау қауымға мүлде жат сияқты. Жолаушылардың орнын өз қалауы бойынша реттей салады. Бұған қоса жатын орындары бар автобустардың жолаушы тасымалдауына біздің елде рұқсат жоқ. Бірақ оларда бар. Сондай-ақ автобус толмаған жағдайда екінші күнге қала салады. Мына бейқамдық пен тәртіпсіздікті байқай алмай жүрген тиісті мемлекеттік органдарға қарап, «Көрмес, түйені де көрмес» деген мәтел тілге оралды.
Сапаржай директорының сөзіне қарағанда, қазір «inDrive» қызметі Ресейде тоқтатылыпты. Себебі солардың себебінен жол оқиғасы мен жол апаты өте көп тіркелген.
Иә, мыңдаған шақырым жолды бір жүргізушінің демалыссыз басып өтуі мүмкін емес. Жолсоқты болып шаршаған, көзі талған жүргізуші түрлі себеппен жолдың қарсы бетіне шығып кетіп, қаншама өмірдің қыршынынан қиылуына себепші болмай ма? Бұған қоса дерексіз жоғалып жатқан адамдар мен балалардың да із-түссіз кетуіне заңсыз, бейберекет жолаушы тасымалдаудың да септігі бар ма деген ой келеді. Ара-тұра заңмен тыйым салынған кей заттарды қылмыс әлемінің өкілдері осындай көліктермен діттеген жеріне жеткізуге тырысады деген әңгімені де естіп қаламыз.
«inDrive» қосымшасының заңсыз әрекеттері туралы мемлекеттік органдарға көптеген хат жолдадық. Оларды тым алыс сапарға жібермей, арасы 50 шақырымдық қашықтықпен шектеу қою керек дегенде ұсыныс енгіздік. Бірақ бұл мәселенің бәрін мемлекеттік органдардың түпкілікті тексеріп, зерделеуге кәсіпкерлерді тексеруге салынған мораторий қолбайлау болыпты. Ендігі жағдай оңалып, тиісті шаралар қолға алынады деген үміттеміз. Қаңтар айында Көлік министрі Марат Қарабаев елдегі автобекет басшылары мен салада қызмет етіп жүрген жүзге тарта адамның басын қосып, жиын өткізді. Онда көп мәселе талқыланды. Одан кейін осы ақпан айының 13-інде тағы бас қосуымыз керек болатын. Ол жиын кейінге шегерілді. Себебі қаладағы жұқпалы ауру тағы ушығып, адамдар қайтадан бетперде тағуға мәжбүр болды. Келесі кездесуде бей-берекет кеткен саланы жүйелеп, бір ретке келтіретін заң талқылауға түседі», деді Ж.Әбдірахманов.
Замана үдерісіне ілесе алмай қалған кәсіпорын басшылары барлық кінәні өзгеге артпай, бәсекелестермен ортақ келісімге келіп, уақыт талабына сай жұмыс істегендері де жөн бе деген ой келеді.