Қоғам • 28 Ақпан, 2024

«Ұрпақтар келісімшартымен» қанша адам жұмысқа орналасқаны белгілі болды

94 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Былтыр 2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаны іске асыру аясында «Ұрпақтар келісімшарты» арқылы Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде 493 адам жұмысқа орналасты, деп жазады Egemen.kz Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ұрпақтар келісімшартымен» қанша адам жұмысқа орналасқаны белгілі болды

Фото: gov.kz

Жоба шеңберінде жұмысқа орналасқандардың ең көбі Ақтөбе (104 адам) және Алматы (39 адам) өңірлерінде, сондай-ақ Жетісу облысында (39 адам) тіркелді.

«Ұрпақтар келісімшартына» техникалық және кәсіптік, орта білім һәм жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша оқуды аяқтағаннан кейін 3 жыл ішінде 35 жастан аспаған жұмыссыз азаматтар қатыса алады. Жобаға қатысу үшін мансап орталығына өтініш жазуы тиіс.  

Жоба бойынша оқу орындарының түлектеріне арналған жұмыс орындары олар игерген кәсіп немесе соған ұқсас мамандық бойынша құрылады. Жұмыс беруші жобаға қатысушыларға кәсіби білімі мен жұмыс тәжірибесімен бөлісу үшін тәлімгерді бекітеді.

Жобаны қаржыландыруды еңбек мобильділігі орталығы жұмыс беруші ұсынған ай сайынғы мәліметтер негізінде жүзеге асырады. Субсидиялардың айлық мөлшері (салықтарды, міндетті әлеуметтік аударымдарды, пайдаланылмаған еңбек демалысы үшін өтемақыларды және экологиялық үстемеақылар бойынша төлемдерді есептемегенде банк қызметтерін ескере отырып) 30 айлық есептік көрсеткіш болады. Жалақыны субсидиялау мерзімі 6 айдан аспайды», деп  жазылған ақпаратта.