Қоғам • 28 Ақпан, 2024

Риэлторлық қызметке қатаң мемлекеттік бақылау қажет - депутат

115 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Үйін риэлторлық қызметпен сатамын деп опық жеп қалғандар көп. Депутат Олжас Құспеков бұл түйткілге қатаң мемлекеттік бақылау керек екенін айтып, Премьер-министрдің орынбасары – Үкімет Аппаратының басшысы Ғалымжан Қойшыбаевқа сауал жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Риэлторлық қызметке қатаң мемлекеттік бақылау қажет - депутат

Фото: Parlam.kz

Депутаттың айтуынша, Қазақстан азаматтары «арбитраждық баптан» көп зардап шегеді. Барлық дау-дамайлар тек арбитражда, яғни жеке сотта шешіледі. Олардың судьялардан айырмашылығы арбитрлер ешқандай жауапкершілік көтермейді және оларды сөз байласудан, сыбайластықтан, алдау мен алаяқтықтан ештеңе тоқтата алмайды.

«Арбитражда шешілетін барлық даулар риэлторлық компаниялардың пайдасына шешіледі. Мемлекетте риэлторлар мен арбитраждық соттарға бақылау жоқ, бұл азаматтардың құқықтарын қорғауды толық қамтамасыз етуге мүмкіндік жоқ дегенді білдіреді. Қазақстанда соңғы үш жылда жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату операцияларының саны шамамен 1,5 миллион теңгені құрады. Krisha.kz сайтындағы жылжымайтын мүлікті сату туралы хабарландырулардың кем дегенде жартысын риэлторлар жариялаған», деді Олжас Құспеков.

Бұл жағдайда біздің азаматтардың басқа амалы қалмасы анық. Әлбетте олар риэлторлармен жұмыс істеуге мәжбүр болады.

«АҚШ, Франция және басқа да Еуропа елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, риэлторлық қызметті қатаң мемлекеттік реттеу, лицензиялауды енгізу, этикалық кодексті қатаң сақтау, болашақ риэлторлардың жеке басын және қылмыс жасаған-жасамағанын тексеру қажет», деді депутат.

Бұдан соң ол аталған мәселеге қатысты бірқатар ұсыныс жасады:

- риэлторлық қызметті мемлекеттік реттеуді белгілеу, оны лицензиялауды енгізу, риэлторларды міндетті оқытуды және біліктілік емтихандарын тапсыруды енгізу;

- елдегі барлық риэлторлық компаниялар үшін «арбитраждық бапты» алып тастайтын бір типтік келісімді әзірлеу;

- тәжірибе, білім, академиялық және кәсіби жетістіктері бойынша арбитрлерге қойылатын талаптарды арттыру, сондай-ақ оларға жүйелі бақылау орнату және тиісті органдарға қызметі туралы тұрақты есеп беруді талап ету.