Әдебиет • 28 Ақпан, 2024

Мұртаза мен Мағауин

6098 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Замандастары Мұртаза мен Мағауинді шойын жолдағы қосылмайтын қос рельс секілді көретін. Рельс демекші, көзі­мізбен көріп, көңілімізге тоқыған сондай да бір оқиға болған. Екеуінің бүкіл өмірін көз алдыңа әкелетін бір сәттік қана эпизод. Ойлап қарасаң, өзіңе де сабақ болатындай қызық жағдай.

Мұртаза мен Мағауин

Коллажды жасаған – Алмас МАНАП, «EQ»

1993 жылы оңтүстікке бағыт алған пойызда ерекше көңілді бір вагон дүниені шайқалтып келе жатты. Олай болатыны да бар, себебі бұл вагон түгелімен ақын-жазушы, әнші-жыршы, күй­ші-сазгерлердің еншісіне ти­ген. Әдеттегідей өзін қай орта­ға да сай ұстайтын Шерхан Мұрта­за­ның дауысы купелердің ашық есік­те­рінен жарқын-жарқын шығады. Асып-тасқан көңілге купелер де тарлық қылып, дүркіреп дәлізге де шығып кетеміз.

Жамбыл облысындағы таби­ғаты көркем Билікөл деген жер­ге Әкім Таразидің алпыс жыл­ды­ғын атап өтуге келе жатырмыз. Әкім Тарази денсаулығы бол­май, толықтау денесімен ыр­сыл­дай демалып, дуылдасқан жұртқа мұңая қарап отырғаны есімде. Жастығым шығар: «Мы­на кісіге қиын болмас па екен?» деп ойлаға­ным­ды да ұмытқа­ным жоқ. Міне, сонда орта тұста­ғы бір купенің есігі ішінде адам жоқ сияқты тарс жабық тұрды.

Кенет сол тұстан өте берген Шер­хан Мұртаза қалт тоқ­тап, тұт­қаны бүркіттікіндей шең­гел­­ді қолымен қармай ұстап, жыл­­­жы­малы кең есікті жұлқа сыр­­ғытып ашып жіберді. Онда кім­дер отырғанын біліп келе жат­­сақ та, іштен ай маңдайы жар­қырап Сайын Мұратбеков пен ақсұр жүзі ағараң еткен ірбіс­тікіндей жұмыр пішінді Мұх­тар Мағауинді көргенде есіміз­ден танып қала жаздадық. Енді ше, қазақ әдебиетінің екі бірдей классигі у-шу, ән-күй, әзіл-қалжы­ңымызды естісе де, бұлар не істеп жатыр деп есіктерін бір ашпапты.

– Әй, жігіттер, – деді Шерхан Мұртаза әдетінше мысымен ба­са сөйлеп, – мына пойыз қазір біреу­міз бұрылып кетейік десек те бұрылмайды. Құдай бізді ажырамасын деп, екі рельсті қосақтап қойған. Сонда біздікі не жүріс, сендердікі не отырыс?!

Біз екеуі шықпай қояр ма екен деп едік, шықты. Олар­ды кіші­рейткен Сайын Мұрат­беков­тің төрт жас, Мұхтар Маға­уин­нің сегіз жас кішілігі ғана емес. Бірақ «Әй, Шераға», «Үй, Шераға» десіп қалғандарын ес­тіп, арқамыздан жүк түскендей бәріміз жадырап сала бердік. Демек соған дейін олар жақын аралас-құралас бол­маған болып тұр ғой. Әйтпесе жол үстінде бір-бірін бұлайша жатыр­қамас еді.

Меніңше, олардың арасын­дағы сегіз жас, бір буын айырма­шылы­ғы үлкен рөл ойнады. Ол сегіз жас ­біз ойлағандай, «бес жас – бел құр­дас емес». Сол сегіз-он жылдың ішін­де кеңес ода­­ғында адам тұр­мақ, қоғам да өзгерді. «Хрущевтің жылымы­ғы» басталғанда Шерағаң 21 жас­та, ал Мағауин бар болғаны он үште ғана еді. Міне, содан ке­йінгі он шақты жылда әйгілі «алпы­сыншы жылғылар» өсіп жетіл­ді де, әдебиетімізге Мағауин­дер бас­таған өзгеше ойлайтын жас­тар келді. Шерхан Мұртаза бол­са, оларды қызметі жағынан да қа­­­на­тының астына алатын дәре­­­же­ге жеткен. Өзгеше ойла­йын десе де, басшылық қыз­меті ойлат­­­пай­ды. Бірақ басшы­лық­та мо­йын­сал қызметкерлігі­нен гөрі, Шер­ағаңның қара нар­дай қайрат­кер­лігі басым.

Жас буын сонда бас көтеріп қараса, олар идеясын өткізетін орын бос емес. «Лениншіл жас­қа» («Жас Алаш») ренжіп жүр едім», дейді Мағауин. Шерағаң бірінші ағалық, кісілік қадам жасапты. Сын сағатта өз газетінде Мағауинді қолдап мақала бер­гізіпті. Бұл оған пойызда купенің есігін күтпеген жерден жұлқып ашқандай әсер етсе керек. Кейін Шерағаңа бір азат жол болса да жылы естелігін арнады.

Сондағы нендей реніш деген сұрақтың жауабының түбі жоқ. Ойлап-ойлап, бір-ақ нәрсені жо­балағандай боласың. Әр салада жүрсе де өзгеше ойлайтын жігіт­­тер жан-жақтарын байқас­тай бастаған кез. Бірақ Шерағаң кадр­ды әр жақтан алымды-қа­рым­ды жігіттерден жинады. Олар­­ды өзгеше ойлайтын жігіттер деп айта алмайсың, алайда өзгеше жазатыны бүкіл елге әйгі. Бұл Ма­ғауиннің ауыр характеріне қалай әсер еткенін білмейміз, бірақ бір Әбіш, бір Оралхан, бір Мұхтар Шахановтың өзі не тұрады? Ке­рек десеңіз, олардың арасында Ақселеу Сейдімбектен Кәдірбек Сегізбайұлына дейін болды.

Мұхтар Мағауин солардың кө­бімен жарасқан жоқ. Кейбірі­мен дос, туысқан болып кететін-­ақ жөні бар. Бірақ Мұхтар Маға­уин өзі күресетін жолды ғана хақ деп білген адам. Осыдан келіп Мағауиннің «мені» алға шықты. Мағауиннің «мені» құбылысқа айналды.

Оның «Менін» басқа түгілі, Қабдеш Жұмаділовтің өзі де тік­сіне қабылдағанын байқадым. Қаб­деш ағаны «Кітапхана» деген телебағдарламаға шақырып, ме­муарлық шығармаларды талда­ғанбыз. Сонда ол кісі «Мен­нің» бәрі мемуар емес» деп қалды. Оны неге тіке бетіне келіп айтпады деген сұрақ туады. Себебі Мағауиннің жолына ешкім тұр­ғысы келмейді. Ондай кескекті ердің сойы тумаласын да кескілеп тастайтынын бәрі біледі.

Мұндайда өзіңнің көзіңмен көріп, құлағыңмен естіген жайттармен ғана шектелген ләзім. Менің де екі алыптың алдына келуіме, жас күнімде «Қазақ әде­биеті» газетінде жарияланған «Тарғыл төбеттің иесі» деген әңгі­мем себеп болып еді. Мұхтар Мағауин «Жазушы» баспасына қа­былдауына, Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиеті» газетіне жұмыс­қа шақырды. Маған бірінші жұ­мыс керек болды да, кездесуді ке­йінге қалдырдым.

Басқалардың тағдырына жа­уап бере алмаймын, ал мен аран­ға солай түстім. Бұл ешқандай да бақастық емес, кәдімгі әдебиет пен журналистиканың арасын­да­ғы бітіспес қайшылық екенін кейін түсініп отырмыз. Екеуі де мық­ты жазушы болса да, өмір әке­ліп салған жолмен бірі әдебиет­­­тің, екіншісі журналистиканың туын көтеріпті.

Дәстүрлі жыл қорытынды­сын­да Мұхтар Мағауин: «Жұма­бай Шаштайұлы мен Жүсіпбек Қорғасбекті әдебиет үшін ша­қыр­тып едім, келмеді», деді. «Жа­зу­­ларында бірдеме бар еді, бірақ адасып басқаларды жаға­лап кетті» деп салды. Мен жазған «Тар­ғыл төбеттің иесін» неге жақ­сы кө­ріп қалды десем, оның «Тазының өлімі» деген хикаяты бар екен. Жас демей, тақырып­тас қана емес, қолтаңбадан рухтас сарын­ның ұшқынын таныған секілді.

Оны маған Мағауиннің тапсыруымен Әлібек Малаев деген аудармашыға әлгі әңгімемді орыс­шаға аудартқан Таласбек Әсем­құлов айтты. Сонда жас жазу­­шыларды төңірегімізге жинап, шығармаларын орыс тіліне аудартып, одаққа танытамыз деген ниет болған болуы керек. Бұл Мағауиннің «Көкмұнар» рома­нындағы Едігенің «қазақ роман­дары әлемді жаулайды» деген арман-қиялымен үндеседі.

Ал осы уақытта Шерхан Мұр­таза ондай қиялға көп берілмей, реалды өмірдегі публицисти­ка­­ны алға оздырды. Мұхтар Мағауин­де көркемдік шындық басым бол­са, Шерхан Мұртазада өмір шын­дығы басым тұрды. Олар­дың бетпе-бет келіп айтысқанын еш­кім естіген емес. Есесіне көп­ші­ліктің көзінше Мұхтар Маға­уиннің «Шераға» деп, бір әдептен аттай алмай тұрғанын өзіміз де көрдік. Ол құрмет пе, қаймығу ма, жасын сыйлағандық па, не болса да өздерінің ішінде.

Бірақ санаулы ғана адам бі­ле­тін мынандай бір әңгіме тағы бар. Олжас Сүлейменовтің тұ­сында Шерхан Мұртазаны «Қа­зақ әдебиеті» газетінің бас редак­торлығынан ығыстыру керек бол­ған. «Қазақ әдебиеті» – ол кез­де көп ештеңеден қаймықпай­тын жалғыз батыл газет. Сонда бұл орын­ға келуі мүмкін жұмбақ адам үлкен дүрлігіс тудырды. Ол адам Мұхтар Мағауин болып шықты. Міне, осы жерде жоғарыда айтқан ілгерінді-кейінді екі буынның өз идеяларын өткізетін орындарға бұрыннан таласып келе жатқаны алғаш рет ашық талқыға түсті.

Біреулер мынандай да аңыз айтады. Асығыс-үсігіс шақырыл­ған хатшылық Шерхан Мұрта­за­ны орнынан босату туралы ше­шім шығарған. Ашуға мін­ген Шерағаң былғары портфелін алып, кеңседен кетіп қалған. Сол ара­лықта үлкен үйден Жазушылар одағына телефон соғылған. «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы өз беттеріңмен алып тастайтын­дай ойыншық па сендерге?» депті-міс. Сонда Жазушылар одағын­дағы екі-үш қызметкер қайта келіп, хатшылық протоколын жыр­тып, ештеңе болмағандай, жина­лыс өтпегендей етіп қоқысқа таста­ған деседі.

Егер бұл аңыз болмай, рас болса да ешқандай дәлел жоқ. Бірақ «Шерхан Мұртаза кетсе, орнына Мұхтар Мағауин емес, Оралхан Бөкей келсін» деген арыздың жа­зылғаны шындық. Оған Мұхтар ағаның «Жұлдыздағы» Жарасқан Әбдірәшевтің бөлмесіне кіріп барып: «Мен «Қазақ әдебиетіне» бас редактор боламын да, бәрін түгел орындарынан босатамын» деген сөзі себеп болған тәрізді.

Қарап отырсаңыз, ешқандай жершілдік те, рушылдық та емес, кәдімгі ықпалды орынға бару жолындағы үйреншікті әрекет­тер. Ондай интригалар бұ­рын да болған, қазір де болып жа­тыр, алда да бола береді. Айыр­масы сол жолы оның Олжас Сүлейменов, Шерхан Мұр­таза, Мұхтар Мағауин сияқты тұлға­лардың қатысуымен өткені.

Сол арада Шерағаңды «Жұл­дыз» журналына жіберіп құтыл­­мақ та болған. Шерағаңның мінбе­­ден «Жұлдыз» мен үшін прой­ден­ный этап» деп бас тартқаны есім­де қалыпты. Ақыры «Жұл­дыз» журналының бас редакторлы­ғы­на Мұхтар Мағауин келіп отырды. Сонда Мұхтар Мағауин бү­кіл идеяларын «Жұлдызға» салып кеп жібергенде, бар қазақтың сүйік­ті журналы бұл іске қатепті қара нардай шыдап берді. Бар болған-біткені осы ғана.

Олардың арасында күр­делі қарым-қатынастар, аран­да­­ту­шы­лықтар мен айдап салу­шы­лық­тар – бәрі болды. Шер­хан Мұртаза мен Мұхтар Маға­уин­нен Абыл мен Қабыл жаса­ғы­сы келгендер де бар. Ақын-жазу­шыларды рушыл, жікшіл, жершіл етіп көрсеткісі келетіндер де со­лар. Осы әңгіме осы күнге де­йін жалғасып келе жатыр. Ру­шыл­дық пен жершілдік сол үл­кен тұлғалардан қалған мұра­дай қастерлейтіндер де табы­лады. Шын мәнінде ақын-жазушы­лар­дың арасында рушылдық еш­қашан болған емес. Бір-екі жер­лесін қасына ерткеннің өзінде, ешкім ешкімнің кітабын жазып беріп, талантты адам жасап жі­беруі мүмкін де емес. Бұдан шы­ғатын қорытынды біреу-ақ, жазушылар ру-ру болып қырқысады екен дегеннің бәрі – миф!

Мұхтар Мағауин «Жұлдыз­ға» бас редактор болып келгенде, жігіттер бір жағы құттықтап, бір жағы кешірім сұрап кіріп-шығып жатты. Орнында қал­ған Шерағаңның оларда шаруасы да болған жоқ. Қайта «Жұлдыз» енді жақсы шығады. Бұл өлер­мендікпен бар қазақ оқитын жур­нал жасайды», деді. Сонда Шер­ағаңның көзінен жылтыраған сәуле көрдік, жеңілмегеніне шү­кір деді ме, жоқ, Мағауинмен бір-бірін жақыннан байқастап жүретіндеріне қуанды ма, белгісіз.

Мен ол кезде жиырма жеті­демін. Көңіл деген ақ парақтай. Оған тек жақсы ойлар ғана жазылуы керек. Мағауиннің де дәлізде біреулерге «Шерағаң» деп әңгі­ме айтып тұрғанын көңілге түйіп қойдым. Біз теңбіз, қатармыз, бір биіктеміз дегендей бойын өл­шеп көріп тұрған адамның түрі. Екі жақтың әскері бір-бірінен кешірім сұрап жатыр, ал олар өз араларында түк болмағандай жайбарақат. Кеше ғана осы дә­лізде біреуді біреу сатып, бір ка­би­неттен екінші кабинетке өтіп, ешкім сапырылыспаған сияқты. Ең қызығы, олардың емен есік­ті кең кабинеттері бір қабаттың екі қанатында болатын. Одан кейін де талай майдандар болды, екеуінің де қоластындағылар бір-бірімен тарпысып қалып жүрді, бірақ өздерінің бетпе-бет келіп қатты сөз айтысқандарын ешкім көрген жоқ. Шығармашылық ғұмырларын­да сталиндік қуғын-сүргін терең із қалдырған екеуін­де де бір-бірі­нің басын аман сақтау инстинкті бәрібір жоға­ры тұрған сияқты. Оны айтасыз, олар басқаларды шен көрмесе де, бір-бірін бағалап, құрметтеп, мақтан тұтқан секілді. Сөйте тұ­рып бір-бірінің айбынынан ық­қан, қаймыққан, жасқан­ған тәріз­ді. Қазаққа олардың сол биік­те қалғаны керек, оны біз осы соң­ғы айларда айқын сезіндік. Егер бұл сөзді біліп тұрып айтпасақ, онда на­ғыз қу, зәлім, мыстан бол­ға­нымыз!

...Оң жақ баспалдақ «Жұлдыз­дікі» де, сол жақ баспалдақ «Қазақ әдебиетінікі». Жоғары көтері­ліп келе жатып, оны осы сол жақ баспалдақтың басынан көрдім. «Жұлдыздың» бас редакторы бұл жақта неғып тұр деп таңырқап қалдым. Сөйтсем төменнен тө­бем­ді көріп, әдейі бері өтіп тосып тұр екен. Өзінен өзі: «Сенің Орал­хан ағаң газетчик емес, бәрі­бір Шерағаңдай газет шығара алмай­ды», деді де бұрылып кетті. Тоқта!

Бұл кісі не деп кетті? Ал кеп ба­сым қатсын. Басқасы басқа, Оралхан Бөкейдің орны бөлек. Шерағаң екеуі тумаса да, туғандай болып кеткен. Сол үшін бе, жоқ. Енді не? Ептеп санаға саңылау та­уып, сәуле түсті. «Шерағаң ауыс­­­са, орнына Орағаң келсін» деген арызды кек тұтып қалған. Өйт­­песең, Мағауин болармысың! Әлде қателестім бе?

Бәлкім Шерағаң екеуі тара­зының екі басындай бір қабаттың екі жағын тең ұстап отырған кезді қимаған болар. Байқасақ қазір сол қимастық сезім бәріміздің бойымызда бар. Мұртаза мен Мағауин феноменінің біз білетін шындығы да осы. Отаршылдық таңған жаладан тәуелсіз сана ғана құтқара­ды. Шерхан Мұртаза да, Мұхтар Мағауин де – нақ осы тәуелсіз сана үшін күрескен тұлғалар. Тәуелсіз сана өткен­нің жаласынан да, наласынан да ада болғаны дұрыс. Мұнымен Мағауин мифінің жаңа бір парағы ашы­латынына бек сенімдіміз...