Облыстық криминалдық полиция басқармасы кибер қылмысқа қарсы күрес тобының аға жедел уәкілі Асхат Нұрмановтың айтуынша, алаяқтарды ұстау оңай емес. Әсіресе банк саласына қатысты алаяқтарды құрықтау қиындық тудырған.
«Былтыр интернеттегі алаяқтыққа байланысты 104 қылмыс сотқа жолданды. Ал 276 қылмыстық іс тараптардың өзара келісіміне байланысты қысқартылды. Жәбірленушілердің арасында әлеуметтік мәртебесі әртүрлі азаматтар бар. Оның ішінде бюджет саласының қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер, зейнеткерлер, тіпті жеке кәсіпкерлер де зардап шеккен. Өткен жылы алаяқтар атыраулықтарға шамамен 400 млн теңгеге жуық шығын келтірді», дейді А.Нұрманов.
Оның айтуына қарағанда, ең жиі кездесетін алдау түрі – интернет арқылы «жоқ тауарларды» сату немесе қызмет көрсету кезінде алдын ала ақы төлету. Банк қызметкерлерінің атынан қоңырау соғатын алаяқтар да көбейген. Онлайн-қарызды ресімдеу арқылы жасалатын қылмыстың үлесі үшінші орында тұр. Сондықтан құқық қорғаушылар тұрғындарға әрқашан сақ болу қажеттігін, кез келген қоңырау мен хабарландыруға алданып қалмауды ескертеді.
Алаяқтардың айласы алуан түрлі болып отыр. Мәселен, 27 жастағы әлеуметтік желідегі парақшаларда пәтерді жалға беру жөнінде хабарландыру жариялаған. Осы хабарландырудан 20-ға жуық тұрғын зардап шеккен.
«Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері «Hi-Tech» іс-шарасы кезінде күдіктінің «Krisha.kz» парақшасында пәтерді жалға беру жөнінде жалған хабарландыру беріп келгенін анықтады. Ол хабарласқан тұрғындардың алдын ала төлем ретінде аударған қаржысын алаяқтық жолмен иемденген. Назар аударатын бір жайт, күдікті телефондағы дауысын әртүрлі үнге өзгертіп, бірде жас қыз, келесіде орта жастағы әйел болып сөйлескен. Мәселен, 37 жастағы тұрғын күдіктімен WhatsАpp мессенджері арқылы хат алмасып, алдын ала 50 мың теңге аударған. Соңында алаяққа алданып қалған. Тергеу кезінде күдіктінің осындай 3 қылмыстық іске қатысы бары дәлелденді», деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ал кибер қылмысқа қарсы күрес тобының қызметкерлері әлеуметтік желіде жұмысқа орналастыру үшін жалған жарнама берген күдіктіні анықтады. Күдікті WhatsАpp мессенджері арқылы «Denholm Zholdas» ЖШС-ға жұмысқа орналастыратыны жөнінде жалған жарнама шығарған. Жарнама бойынша 1970 жылғы ер адам WhatsАpp желісі арқылы күдіктімен хат алмасқан. Күдікті ер адамға жұмысқа орналасу үшін алдын ала төлем төлеу қажеттігін айтып, Kaspi Gold қосымшасында тіркелген нөмірді ұсынған. Ер адам сол нөмірге әуелі 500 мың, кейін 300 мың теңгені бөлек аударған. Салдарынан жұмыс іздеген азаматқа 800 мың теңге материалдық шығын келген. Жедел іздестіру іс-шарасы кезінде Kaspi Gold қосымшасына тіркелген нөмірдің иесі анықталды. Ол өз жауабында аталған ақшаны 1990 жылғы күдіктіге бергенін айтыпты.
Тағы бір дерекке тоқталсақ, Түркістан облысының тұрғыны 2023 жылдың ақпанында Шымкент қаласынан арзан жиһаз ұсынып, WhatsApp желісінде мобильді телефон нөмірін қалдырған. Бұл жарнамаға атыраулық тұрғындар қызығушылық танытқан.
Атырау қаласының тұрғындары банк қосымшасы арқылы 6 айға несие рәсімдеген. Жарнама берушіге алдын ала төлем ретінде қомақты қаржы аударған. Мәселен, Атырау қаласының 1957 жылғы тұрғыны Шымкент қаласынан 24 орындық алдыруға тапсырыс берген. Ол 6 айға 675 996 теңге несие рәсімдеп, 833 мың теңге көлемінде аударым жасаған. Алайда тапсырыс берген тауары жеткізілмей, сатушымен байланыс үзілген. Кейіннен 66 жастағы қала тұрғынына 1 млн 508 мың 996 теңге материалдық шығын келгені дәлелденген.
Облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері осыған байланысты жедел іздестіру іс-шарасын жүргізді. Сөйтіп, Түркістан облысының 1994 жылғы тұрғынын анықтаған. «Күдіктінің дәл осындай алаяқтық жолмен Атырау қаласының үш тұрғынын алдап, жәбірленушілердің 4 млн теңгесін иемденгені белгілі болды. Сотқа дейінгі тергеу кезінде 29 жастағы күдікті өзінің қылмыс жасағанын мойындады. Атырау қаласының №2 сотының шешімімен күдікті қылмыстық құқық бұзушылық үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды», деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.
Атырау облысы