Кәсіпкер тауарды «АҚСУАТ» деген атаумен сатылымға шығарыпты. Жазда мемлекеттің бастамасымен іске асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы туралы ақпаратты ауыл әкімінің тұрғындармен кездесу жиынынан естіп, қалай да қатысып, тәп-тәуір мүмкіндіктен құр қалмауды ойлапты. Отбасымен ойласа келе, тапқан табыстың басын қосып, кәсіп ашудың қам-қарекетіне кіріскен. Әрине, ауылда тұрған соң, ауыл шаруашылығымен айналысу туралы ойдың бірінші келетіні түсінікті. Бірақ жобаны үйлестіретін жауапты мамандардан талап-шарттарды сұрастыра келе, мал шаруашылығын емес, өнеркәсіп ашу керектігін білген.
– Әкіммен кездесуде кәсіпкерлікті қолдауға мемлекет 2,5 пайызбен несие беріп жатқанын білдік. Үйге келген соң, отбасымызбен қандай кәсіп ашсақ болады деп салаларды зерттей бастадық. Содан шұлық шығаратын цех ойымызға келе қалды. Шикізатты, құрылғыларды қайдан аламыз деп ойландық. Осының барлығын сұрастыра келе қарасақ, цех ашуға шамамыз келеді екен. Бизнес жоспарымызды түзіп, тап-тұйнақтай қылып әзірлеп өткізіп едік, бірер ай өткенде қарашада қаражаты да түсе қалды. Қытайдан құрылғылар алдыруға сондағы қазақ ағайындар жәрдемдесті. Олар құрылғымен қоса арнайы сапасы жақсы жіптерді де салып жіберді. Жіпті Ресей, Өзбекстан, Қытайдан алдырып жатырмыз. Бағасы қымбатқа түссе де, таза мақтадан жасалған жіп сатып алып, сапаға көп көңіл бөлуді ойладық. Кәсіп бастау біз ойлағандай жеңіл емес екен. Ең әуелі шыдамдылық керегін түсіндік, – дейді кәсіпкер.
Шетелден шұлық өндірісіне қажетті кейінгі үлгідегі құрылғыларды алдырған соң, оларды орнату үшін Ташкенттен маман шақыртқан. Маманның өзін бірнеше апта іздестіріп жүріп, әзер тауыпты. Құрылғыларды түгел орнатқан соң, оны басқаратын шебер тапқан. Ол кәсіпкердің баласына техниканың қыр-сырын түсіндіріп, бір айдай оқытып, үйретіпті. Сәрсенкүл Аралбаева жоба аясында қолға тиген шағын несие кәсіп бастауға ынталандырғанын айтты. Әйткенмен жобаны іске асыру барысында әуелгі қаражаттан үш есе көбірек жұмсалыпты.
– Біздің есебімізше, жоба аясында бес миллион теңге алсаңыз, бес жылға үстіне шамамен 500 мың теңге қосылады. Әрі кәсіпті дөңгелетіп алып кеткенше бір жыл демалыс береді. Келешекте ісіміз алға басып жатса, кәсіпті кеңейтіп, киім-кешек шығаруға болады. Әзірге цехта екі адам жұмыс істеп жатыр. Жақында тағы екі жұмысшы аламыз. Өндіріс автоматтандырылған, дегенмен әр құрылғыны басқаруға кемі бір-бір адамнан керек. Бірер күн бұрын базардан да аштық. Қазір іргелес ауылдардан келіп, біздің өнімді алып жатқандар көбейіп жатыр. Супермаркет қожайындарымен сөйлесіп көрдік. Олар шұлықтың арнайы қаптамасы болуын сұрап, сапалы өндірісті әрдайым қолдауға әзір екенін аңғартты. Апта ішінде Ташкентке барып, тауардың қаптамасын сұранысқа сай дайындаудың қам-қарекетіне кірісеміз. Байқағаным, бұл нарыққа төтеп беру қиын екен. Қытай, Қырғызстан, Өзбекстаннан, тіпті қазір Кореядан да шұлық келеді. Осыған қарамастан біз өнімнің сапасын түсірмей, бастаған ісімізді ілгерілетуден танбаймыз. Нарық талабының үдесінен шығамыз, – дейді С.Аралбаева.
Отбасылық кәсіп ашып, ілгерілетуге көңіл бөле бастаған кәсіпкер қазір күніне 500 жұпқа шамалас шұлық өндіреді екен. Оның ішінде балаларға, ұл-қыздарға арнап тігілген шұлықтардың түр-түрі бар. Кәсіпкер оның басым көпшілігін 150-200 теңгеден сатылымға шығарса, қалың шұлықтардың бағасын 400 теңге деп белгілепті. Бұл әзірге үш адамның ұйымдасып атқарып отырған шаруасы. Жақында кәсіпкер цехқа тағы жұмысшы шақырса, тиісінше сұраныс артса, өндіріс көлемі де кезең-кезеңімен ұлғаятын тәрізді. Ол үшін тауардың сапасы мен бағасы көңілге қонымды болуы керегін Сәрсенкүл Аралбаева бізден жақсы біледі.
ҚЫЗЫЛОРДА