Фото: senate.parlam.kz
Депутат балалар мен жасөспірімдер синтетикалық есірткінің кең таралу қаупіне ұшырайтын ең осал орта саналатынын ескертті. Оның айтуынша, қаскөйлер есірткіні интернет-мессенджерлер арқылы арзан бағамен сатып жастарды улайды, тәуелді етеді.
2021-2023 жылдар аралығында синтетикалық есірткі заттарын таратқаны үшін 1 021 адамның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Соңғы 3 жылда синтетикалық есірткіні алу көлемі 100 кг-нан 1 тоннаға дейін өсті. 2021 жылы 17, 2022 жылы 68 және 2023 жылы 81 есірткі зертханасының қызметі анықталды.
«Есірткі қаупіне белсенді қарсы тұру – мемлекет пен қоғамның ең маңызды міндеттерінің бірі. Елдегі есірткі саудасының өршуіне байланысты тікелей Президентке бағынышты арнайы есірткіге қарсы қызмет жүргізетін жеке-дара мекеме құру мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Синтетикалық есірткіні сатуға қатысатын сайттардың жарнамалау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жарнамалаушыларды қатаң жазалау қажет. Мектеп, колледждер мен жоғарғы оқу орындарында оқитын жастарға есірткіні таратудың салдары туралы түсіндіру шараларын жандандыру қажет. Жастар, әсіресе студенттер арасындағы синтетикалық есірткіні тасымалдаушылардың (жасырын қойып кетуші) санының өсуіне байланысты нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеуді орынды деп санаймыз», деді Г.Шиповских.