Жеңіл атлетика • 01 Наурыз, 2024

Үмітіміз – Надежда

105 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Наурыз айының басында Шотландияның Глазгосында жеңіл атлетикадан жабық ғимараттағы әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл жарыста Қазақстанның екі спортшысы өнер көрсетеді. Олар – 60 метрге кедергілер арқылы жүгіретін Давид Ефремов пен биіктікке секіруші Надежда Дубовицкая.

Үмітіміз – Надежда

Аталған жарыстың тұсауы 1985 жылы кесілді. Сол кезден бері 18 мәрте ұйым­дас­тырылған дода төрткүл дү­ниенің әр қиы­рында өтті. Ол бәсекелерде ең көп олжаға кенелген – АҚШ құрамасы. Америкалықтар 231 (101 алтын+63 күміс+67 қола) жүлде олжа­лады. Екінші орында – Ресей. Олар 145 (52+48+45) медальды иеленді. Сондай-ақ Эфио­пия, Ұлы­британия, Гер­ма­ния, Ямайка және Куба спортшы­лары кемінде 15 реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Жекелеген жеңіл атлеттер ара­сынан Наталья Назарова мен Мария Мутоланы айрықша атап өтуге болады. 400 метр және 4х400 метрлік эстафетада сайысқа түскен Ресей спортшысы 1999-2010 жылдар аралығында қатарынан тоғыз жарыста 7 алтын мен 2 қола олжалады. 1993-2008 жылдары өнер көрсеткен Мозамбиктің желаяғы 800 метрге жүгіруде 7 алтын, 1 күміс және 1 қоланы еншіледі. Ку­­балық ұзындыққа секіруші Иван Педросо мен болгариялық биік­тікке секіруші Стефка Кос­та­динова бес реттен теңдессіз деп танылды.

Қазақстанның жеңіл атлеттері жабық ғимараттағы әлем чемпионатына сан мәрте қатысты. Ал­ғашқы жүлдеге 1995 жылы қол жеткіздік. Барселонадағы бә­секеде Ольга Шишигина (60 метр­ге кедергілер арқылы жүгіру) мен Олег Потапович (сырықпен секіру) күміс медальды мойнында жарқыратты. Шишигина кубалық Альюска Лопестің алдын орай ал­маса, Потапович Украинаның мақтанышы Сергей Бубкадан қалып қойды. Есесіне жоғарыда есім­дері аталған әйгілі отандас­тарымыз уақыт оза өздерінің күміс жүлделерін алтынға алмас­тырды. Тарқатып айтсақ, 1997 жылы Парижде Потапович және 1999 жылы Жапонияның Маэ­саби қаласында Шишигина Қа­зақстанның әнұранын шыр­қатты.

2008 жылы Испанияда онсайысшы Дмитрий Карпов үшінші орынды иеленді. Дәл сол кездері 24 жастағы Ольга Ры­пакованың дәуірі басталды. Үш қарғып секірушілер сайысында ол Валенсияда қолаға қол созса, 2010 жылы Дохада алтын алып, 2012 жылы Ыстанбұлда күміспен күптелді. Содан келесі жүлдені бақандай 10 жыл күтуге тура келді. 2022 жылы Белградта биіктікке секіруші Надежда Дубовицкая үшінші орынға табан тіреді. Міне, жерлестеріміздің аталған жарыста қол жеткізген табыстары осындай.

Осыдан екі жыл бұрын Сер­бияның астанасында ұйымдас­тырылған соңғы әлем чемпиона­тында АҚШ құрамасы жүл­делер саны жағынан барлық қарсыласынан қара үзді. Америка­лықтар 19 рет жеңіс тұғырына кө­терілгенімен, жалпы есепте көш бастай алмады. Ауызын айға білеген алпауыт мемлекеттің ат­леттері Эфиопиядан қалып қойды. Қара құрлықтың желмен жа­рысқан желаяқтары небәрі 9 жүлдені қанағат тұтты. Есесіне олардың медальдары сапалы болды. Анықтап айтсақ, АҚШ 3 алтын, 7 күміс және 2 қоланы олжаласа, африкалықтар 4 алтын, 3 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. Спорттық ережеге сай қай команданың алтыны көп болса, сол алға шығады.

Глазгоға аттанатын екі спорт­шымыздың арасынан Надежда Дубовицкаяға зор сенім артамыз. 25 жастағы Семей өңірінің тумасы Белградтағы жарыстан бөлек, Азия ойындарында екі рет және құрлық чемпионатында бір рет жүлделі орынды иеленді. Жабық ғимараттағы Азиадада алтыннан алқа тақты. Олимпия ойындарына қатысып, әлем чемпионатының финалисі болды. Енді Надежда Глазгода да барынша биікке се­кі­ріп, ел сенімін ақтайды деп үміт­тенеміз.

Давид Ефремовтің де жасы – 25-те. Ол Дубовицкаямен бірге Өске­менде іргетасы қаланған «Ал­тай Атлетикс» клубында жат­тығады. Жерлесіміз былтыр жабық ғимаратта 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруде 7,65 секундтық нәтижемен Астанада Азия чемпионы атанды. Десек те әлемдік додада жеңіл атлетиканың бұл түрінде бәсекелестік өте күшті. Сондықтан да Ефремовке Глазгода жеңіс түғырына көтерілу қиын болады.