Мәдениет және туризм басқармасының басшысы мен аудан, қала әкімдеріне осындай тапсырмалар берген облыс әкімі Дархан Сатыбалды таланттарды іздеу, конкурс ұйымдастыру, өткізілетін мәдени іс-шаралар республикалық, халықаралық деңгейде болуы қажеттігін атап өтті. Өкінішке қарай, Түркістан облысының 600-ден астам елді мекенінде мәдениет үйі жоқ. Әсіресе шалғай ауылдардағы мәдениет үйлері мен клубтардың жай-күйі, техникалық базасы сын көтермейді. Олардың басым көпшілігі 90-шы жылдары жекешеленіп кеткен. Вице-премьердің атына депутаттық сауал жолдаған сенаторлар келтірген мәліметтерге жүгінсек, елімізде қазір жұмыс істеп тұрған 2035 Мәдениет үйінің 770-і және 2006 ауыл клубының 608-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Кейбірі тозығы жетсе, енді бірі апаттық жағдайда тұр. Еліміздегі 3 891 кітапхананың 79%-ы ауылдық жерлерде, алайда олардың 60%-дан астамы ескірген. Осы орайда Түркістан облысында былтыр «Ауыл ел – бесігі» бағдарламасы аясында 13 Мәдениет үйі кітапханасымен бірге пайдалануға берілгенін айта кетелік.
Ал жуырда ашылған Шардара ауданына қарасты Жаушықұм ауылдық округіндегі мәдениет үйінің жобалық-сметалық құны – 443263 мың теңге. «Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған жаңа ғимарат ұлттық қор есебінен қаржыландырылған. Мәдениет үйінде би, домбыра, сурет үйірмесі жұмыс істейді. Онда арнайы мамандар қызмет етпек. Мәдениет және туризм басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаевтың айтуынша, өңірде креативті индустрия аймағын құру жұмыстары қолға алынған. Дамыту тұжырымдамасы әзірленіп, негізгі бағыттары айқындалған.
Өңірде 691 мәдениет және өнер мекемесі халыққа қызмет көрсетіп келеді. Биыл мәдениет саласын дамытудың негізгі алты бағыты бойынша жоспарлар дайындалған. Түркістан қаласының монументті өнер туындыларының орнатылуы туралы тұжырымдама дайындалды. Кейінгі 3 жылда орнатылған монументті өнер туындыларына мониторинг жұмыстары жүргізіліп, 17 заңсыз орнатылған монумент заңдастырылған. ЮНЕСКО-ның халықаралық тізіміне енгізу мақсатында жүргізілген «Арпаөзен» тарихи-мәдени кешеніне археологиялық зерттеу жұмыстары нәтижесінде 5000-нан астам петроглиф сыры ашылып, ұсыныс жолданады. Қазіргі таңда петроглифтердің есеп карточкалары, ғылыми сараптамалары дайындалып, жаңадан тарихи-мәдени мұра нысандары анықталды.
Биыл аталған петроглифтерге зерттеу жұмыстарының екінші кезеңі жүзеге асырылмақ. Облыстағы алдын ала есепке алу тізімінде тұрған жергілікті 100 тарихи-мәдени мұра объектілеріне ғылыми сараптама жүргізіледі.
Сондай-ақ биыл мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында өнім беруші үйірмелер арасында тұңғыш рет облыстық өнер байқауы ұйымдастырылады. «TURKIsTANYM» жобасы аясында өңірдегі киелі орындар мен Түркістан қаласындағы ерекше орындар туралы танымдық роликтер түсіріліп, әлеуметтік желілер арқылы насихатталып жатыр. Ауылдарда отандық киноларды насихаттауда тұрақты түрде кинокөрсетілімдер ұйымдастырылған. Сондай-ақ кітап оқитын оқырмандар санын арттыру, халық мәдениетін көтеру мақсатында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынды. Тұңғыш рет республикалық деңгейде жаңа термелер байқауын ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар республикалық деңгейде атап өтілетін тұлғалардың мерейтойларын атқару бағытындағы іс-шаралардың жоспары әзірленіп жатыр. Әлемге белгілі көркемөнер ұжымдары мен орындаушылардың, театрлардың гастрольдерін, сондай-ақ ірі шетел музейлерінің көрмелерін ұйымдастыру көзделген. Облыстық «Балтаңдай», республикалық «Түркістан даусы» дәстүрлі форматта, ал халықаралық «Voice of Turan» байқауы биыл ерекше форматта өткізілетін болады.
Түркістан облысы