Чемпионат дүниежүзілік FIRST бағдарламасы аясында үш жас санатында өтті: FLL Explore (6-10 жас), FLL Challenge (10-16 жас) және FIRST Tech Challenge (12-18 жас). Сайысқа роботтар ойынынан басқа инновациялық жобалар байқауы мен төрешілер сессиялары кірді.
6-10 жас санатының қорытындысы бойынша американдық Хьюстонға жолдаманы елордалық Quantum STEM School «IQRobots» командасы жеңіп алды. I орынды Алматы қаласының Leas мектебінің «Очень умелые капибары» командасы, II орынды Екібастұз қаласының Robopark мектебінің «Billion team» командасы, III орынды Павлодар қаласының Сатурн мектебінің «Ренессанс» командасы иеленді.
10-16 жас аралығындағы FLL Challenge санатында Хьюстонға жолдаманы Шымкент қаласынан «Shym Side» командасы жеңіп алды. I орын Астана қаласының БИЛ-дің «Stay Hydrated» командасының, II орын Орал қаласының 125 High School мектебінің «Toro Doro» командасының, III орын Семей қаласының БИЛ-дің «Ro Alemi» командасының қанжығасына байланды.
12-18 жас аралығындағы FIRSТ Tech Challenge санатында Хьюстонға жолдаманы екі алматылық команда жеңіп алды: «Bolt.m3», РФММ және «Yaku» НЗМ ФМБ. Дәл осы санат бойынша Лондонда өтетін жарысқа алматылық НЗМ ФМБ-ден «Жамақаев» тобы, Алматы қаласы №124 мектептің «124» тобы және Алматы қаласының «Alem» инновациялық шығармашылық орталығының «PID» командалары өтті.
Сонымен қатар Хьюстонға «Dean's list» үздік оқушыларының дүниежүзілік рейтингісіне сәйкес Астана қаласының «Quant» командасынан Айша Алмат және Алматы қаласының «124» командасынан Томирис Оңғарбек есімді оқушылар жеке шақыртулар алды. Сондай-ақ бетпе-бет сұхбат нәтижелері бойынша отандық және шетелдік жоғары оқу орындарында оқу үшін 28 грант бөлінді. Қатысушылар Central Asia FIRST Championship ұйымдастырушылары Оқу-ағарту министрлігі, USTEM Foundation, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығына дән риза болып, алғыстарын айтты.