Аймақтар • 01 Наурыз, 2024

«Бір шаңырақ астында»: түрлі этнос өкілдері қазақ халқына алғыс айтты

296 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музейде Алғыс айту күніне орай «Бір шаңырақ астында» деп аталған мәдени іс-шара өтті. Тағылымды басқосуға келген  түрлі этнос өкілдері тағдырдың қилы соқпағында бауырына басқан  қазақ халқына алғыстарын айтып, достық пен татулықты арқау еткен музыкалық туындылардан концерт ұсынды.

«Бір шаңырақ астында»: түрлі этнос өкілдері қазақ халқына алғыс айтты

Аталған іс-шараға Алматы қаласындағы Республикалық  Достық үйіне қарасты «Ватандаш» қырым татарларының мәдени орталығы, Қазақстан күрдтерінің «Барбанг» қауымдастығы, «Ренессанс» Алматы мәдени-этникалық қоғамы, «Вензь» поляк мәдениетінің орталығы», Алматы облысының «Вайнах» шешен-ингуш бірлестігі, «Вошал» ингуш этно-мәдени орталығы» т.б этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты.

Арман Октябрь

Іс-шара аясында ұйымдастырылған халықтық-қолданбалы өнер көрмесі көпшілікті тәнті етті. Жиналғандар музей қабырғасындағы тарихи жәдігерлерді тамашалап, әр этнос өздерінің халықтық мәдени дәстүрлерінен сыр шертті.

Алғыс айту күні – ең алдымен елімізде тыныштық, өзара сенімділік пен Қазақ еліне деген құрметтің орнығуына негіз болған Президенттің бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты символы екенін алға тартқан ҚХА-мүшелері игі шараға ұйытқы болған музей ұжымына ризашылығын білдірді.

«Біздің музейдің қорында, тарихтағы күрделі кезеңдерде қазақ жеріне келіп пана тапқан сан тарау тағдырлардың өмір тынысынан хабар беретін біршама жәдігерлер сақталған. Оларды жинақтауға сол тұстағы музей басшылары көп еңбек сіңірген. Аталған жәдігерлерді биыл арнайы жасақталатын экспозициялық залға орналастыруды көздеп отырмыз. Бүгінгі шараның мақсаты – қазақ жеріндегі көптеген этностардың ынтымағын одан әрі  нығайтып,  татулықты ту еткен отандастарымыздың тарихтағы бейнесіне бір сәт үңілу һәм өткенге салауат айту. Әрі бүгінгі басқосу Мәдениет және ақпарат министрлігі бастап берген игі челленжді қолдау бағытында ұйымдастырылып отыр.

Халқымыз қиын-қыстау заманда өзгелердің басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бұл бүгінгі таңда еліміздегі түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы адамгершілік қарым-қатынастың өнегелі өлшеміне айналды», дейді ҚР Мемлекеттік Орталық музейінің директоры Рашида Харипова.

Мәдени-танымдық іс-шарада түрлі этностардың ұлттық киімдері көпшілік назарына ұсынылып, жиналғандар кеш тақырыбын айшықтаған әсерлі бейнероликті бірге тамашалады.